ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 сәуір 6001-24-00-6ап/3663 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Т.А.Исмагуловтың,
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Ә.С.Ұзақбаевтың,
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) өкілі Б.Б.Орынбековтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Бек» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабекованың (бұдан әрі – ЖК «Бек») жауапкерлер Департаментке, Басқармаға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың, конкурс қорытындылары хаттамаларының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысына талап қоюшы мен мүдделі тұлға Рабиға Жайбергенқызы Балғабаева жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі –ЖК «Р.Ж. Балғабаева») кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301457, №431010000-КпОПО-32-301458 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Басқарманың:
Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №105 мектеп) бойынша 2024 жылғы 28 маусымдағы, 30 шілдедегі №12340504-1;
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ү.К.Томанов атындағы №183 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №183 мектеп) бойынша 2024 жылғы 28 маусымдағы, 30 шілдедегі №12406914-1 конкурстарының қорытындылар туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
№105 мектеп пен ЖК «Р.Ж.Балғабаева» арасында 2024 жылғы 5 тамызда жасалған №31 және №183 мектеп пен ЖК «Р.Ж.Балғабаева» арасында 2024 жылғы 31 шілдедегі жасалған №42 қызмет көрсету туралы шарттары жарамсыз деп танылған.
Басқармаға №105 және №183 орта мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурстарды қайта жариялау міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Сот шешімінің қарар бөлігінен «Жауапкер Басқармаға №105 және №183 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурстарды қайта жариялау міндеттелсін» деген сөздер алынып тасталған. Талап қоюшы мен мүдделі тұлға ЖК «Р.Ж.Балғабаева» кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің, «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің, «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, Департамент пен Басқарма өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін, прокурордың апелляциялық сатыдағы сот қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма №105 және №183 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурстарын жариялаған.
№105 мектеп конкурсының қатысушылары: талап қоюшы ЖК «Бек», ЖК
«Р.Ж.Балғабаева», «АЛИ ГРУПП 2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС).
2024 жылғы 28 маусымдағы конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК «Р.Ж.Балғабаева» танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспеген әлеуетті өнім берушілер шағымы бойынша Департаментпен 2024 жылғы 22 шілдеде №431010000-КпОПО-32301457 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген.
Осы хабарламаға сай конкурс қорытындысы қайта қаралып, 2024 жылғы
30 шілдедегі хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы ретінде ЖК «Р.Ж.Балғабаева» қайта танылған.
- №183 мектеп конкурсының қатысушылары: талап қоюшы ЖК «Бек», ЖК
«Р.Ж.Балғабаева», «АЛИ ГРУПП 2018» ЖШС-гі.
2024 жылғы 28 маусымдағы конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде
ЖК «Р.Ж.Балғабаева» танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспеген әлеуетті өнім берушілер шағымы бойынша Департаментпен 2024 жылғы 22 шілдеде №431010000-КпОПО-32301458 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген.
Осы хабарламаға сай конкурс қорытындысы қайта қаралып, 2024 жылғы
30 шілдедегі хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы ретінде ЖК «Р.Ж.Балғабаева» танылған.
- Екі конкурс бойынша ЖК «Р.Ж.Балғабаевамен» келісім шарт жасалған.
Конкурс қорытындыларымен келіспеген ЖК «Бек» жоғарыда көрсетілген
талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурстарға қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Сот актілеріне «АЛИ ГРУПП 2018» ЖШС-гі кассациялық шағым бермеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Бек» пен ЖК «Р.Ж.Балғабаева» шағымдары шегінде қаралады.
Сот алқасы жергілікті соттар негізінен дау бойынша дұрыс шешім қабылдаған деп есептейді. Дегенмен кейбір негіздемелері қате болғандықтан олар түзетілуге жатады. Бірақ бұл мән-жайлар сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз бола алмайды. АПК-нің 451-бабының бесінші бөлігіне сай егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
Соттардың конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілерден диетолог, технолог мамандарының міндетті түрде болуы талап етіледі. Мұндай жағдайда, конкурсқа қатысушы барлық әлеуетті өнім берушілердің диетолог, технолог мамандарының болмауы немесе біліктіліктері сай келмеуі, сәйкесінше біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігін көрсетеді деген тұжырымен келісуге болмайды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:
төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:
150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы;
151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы;
351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;
651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;
1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;
2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.
Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі. Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды. Яғни, аталған мамандардың болмауы немесе білімдерінің сай келмеуі конкурсқа қатысушы өнім берушілерді біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тануға негіз болмайды.
Сондықтан бұл тұжырым сот актілерінің сипаттау бөліктерінен алынып тасталуға жатады.
Сонымен қатар, ЖК «Р.Ж.Балғабаева» ұсынған диетолог Ж.Ташенованың біліктілігі Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында қойылған талаптарына сәйкес келмейді деген тұжырымымен де келісуге болмайды. Себебі соттар бұл тұжырымды жасағанда Ж.Ташенова жөніндегі құжаттарға жете баға бермеген.
Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасының 4- тармақшасына сай диетология саласында медициналық білімі мен біліктілігі және (немесе) диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімі бар диетологтың немесе диеталық бикенің болуы 1 балдан аспайтын өлшемшарты белгіленген.
Осы 7-қосымшасының ескертпесінде сонымен қатар медициналық білімі болған жағдайда, диетология саласында біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесімен расталуы тиіс екендігі көрсетілген. Ж.Ташенова жайлы ұсынылған құжаттарға қарағанда, ол: - 1984 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау Министрлігі Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы аяқтап, «Балаларға арналған емдеу профилактикалық мекемелерінің медициналық бикесі» мамандығы бойынша ЖТ № 161884 санды диплом алған; - 2019 жылы Қызылорда медициналық жорғы колледжіне оқуға түсіп, оны 2021 жылы аяқтап, «мейіргер ісі» мамандығы бойынша орта білімнен кейінгі білім туралы ОБКБ № 003458 санды диплом алған. Бұдан басқа, ол: - 2005 жылы «Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін артыру өңірлік орталығында» орта буын медицина саласы бойынша «Диетология мейірбикесі» мамандандыру түрі бойынша білімін көтергені; - 2010 жылы Қызылорда облыстық медицина орталығының жанындағы Оқу-әдістемелік орталығында «Емдік тамақтану негізі» циклында біліктілігін арттырғаны; - 2014 және 2015 жылдары «Ая-Хан» ЖШС-де тиісінше «Емдік тамақтану негіздері» және «Жалпы мейірбикелік технологиялар» циклында біліктілігін арттырғаны; - 2019 жылы Республикалық медицина академиясы ОҚО филиалында «Емдік тамақтану негіздері» циклында біліктілігін арттырғаны;
- 2023 жылы «Арыстанбаб» ЖШС-де «Емдік тамақтану негіздері циклында біліктілігін арттырғаны туралы куәліктер ұсынған. Аталған оқу орындарының тиісті акредитациясы бар екендігі жоққа шығарылмаған. Яғни, диетолог Ж.Ташенованың біліктілігіне күмән тудыратын мәнжайлар болмаған. Сондықтан бұл тұжырым да сот актілерінің сипаттау бөліктерінен алынып тасталуға жатады. Жоғарыда атап өтілгендей бұл мән-жайлар сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз бола алмайды. Себебі ЖК «Бек», ЖК «Р.Ж.Балғабаева», «АЛИ ГРУПП 2018» ЖШС-нің кейбір қызметкеткерлері (аспаз, диетолог) біліктіліктері сай келмей, олар үшін тиісті баллдар негізсіз қойылған.
Соттардың олар жөніндегі келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.
ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. ЕШЕБЖ-ден және «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қармақшы ауданы бойынша кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінен ұсынылған мәліметтерге қарағанда әлеуетті «Бек» ЖК-нің, «Балғабаева Р» ЖК-нің, «АЛИ ГРУПП 2018» ЖШС-нің конкурсқа ұсынған еңбек ресурстары толық тіркелмеген.
Яғни, әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру конкурстық комиссия тарапынан тиісті түрде жүргізілмеген.
Конкурстар бойынша орын алған бұзушылықтарды ескеріп апелляциялық саты сотының шарттардың қолданыс мерзімі өткеннен кейін, олардың мерзімін қайта ұзартпай, заң талаптарын сақтай отырып конкурстарды қайта өткізу қажеттігі жөніндегі тұжырымы орынды болып табылады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген басқа уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Бек» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабекованың, мүдделі тұлға Рабиға Жайбергенқызы Балғабаева жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Г. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.