ВС РК - Постановление от 25.01.2022 по делу 6001-21-00-6ап/106 (Административное)

6001-21-00-6ап/106 6001-21-00-6ап/106(2)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 25 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Д.А.Токмурзина болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Д[...],

талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкер өкілі Н[...],

мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері Б[...] мен М[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2021 жылдың 4 маусымдағы № 93 аудиторлық есебінің және 2021 жылдың 3 шілдедегі нұсқаманың күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 қазандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарманың ұйымдастыруымен «Шетпе-Қызан автокөлік жолын қайта құрылымдау, 85-110 шқ (Мәстек-Қызан аралығы) жұмыс жобасы бойынша» нысанын техникалық қадағалау қызметін (№ 5342050-1 конкурс) мемлекеттік сатып алу өткізілген.

Департамент тарапынан жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша «АС[...]» ЖШС-нің өтінімі әкімшілік-тұрмыстық ғимаратты жалға беру шартының мерзімі қызмет көрсету мерзімінен кем болуына байланысты кері қайтарылуға тиіс екендігі көрсетіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 471010000-4-5/6/7126418 хабарлама жолданған.

Басқарма тарапынан хабарлама орындалып, конкурстың қорытындысы қайта қаралған.

«Маңғыстау облысы, [...] автомобиль жолын салу (төменгі бөлік)» (№5347273-1 конкурс) және (жоғарғы бөлік)» (№ 5350732-1 конкурс) техникалық қадағалау қызметін ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілген.

2021 жылғы 2 наурыздағы конкурс қорытындысына сәйкес «АС[...]» ЖШС-нің өтінімі конкурс талабына сай деп танылған. Департамент тарапынан камералдық бақылау жүргізу нәтижелері бойынша «АС[...]» ЖШС-нің өтінімі әкімшілік-тұрмыстық ғимаратты жалға беру шартының мерзімі қызмет көрсету мерзімінен кем болуына байланысты кері қайтарылуға тиіс екендігі көрсетіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 29 наурыздағы № 471010000-46/7-125615 және № 471010000-4-6/7-125615 хабарламалар жолданған.

Басқарма тарапынан хабарламалар орындалып, конкурстың қорытындысы қайта қаралған.

Комитеттің тапсырмалары негізінде, Департамент тарапынан аудиторлық тексеріс жүргізіліп, 2021 жылғы 4 маусымдағы № 93 аудиторлық есебі (бұдан әрі – Аудиторлық есеп) шығарылған.

Аудиторлық есепте «АС[...]» ЖШС-нің өтінімдерін кері қайтарылуы негізсіз екені көрсетілген.

Басқарманың Аудиторлық есепке берген қарсылығы Комитет төрағасы орынбасарының қорытындысымен қанағаттандырусыз қалдырылған.

Аудиторлық тексеру нәтижесімен Департаментпен: 1) анықталған бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмауға және 2) анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру туралы Басқармаға 2021 жылдың 3 шілдеде нұсқама (бұдан әрі – Нұсқама) берілген.

Басқарма Аудиторлық есеппен және Нұсқамамен келіспей, олардың күшін жою туралы талаптармен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 қазандағы қаулысымен күшінде қалдырылған, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қыркүйектегі шешімімен Басқарманың талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Басқарма кассациялық шағымында іс бойынша шешім қабылдағанда соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талаптарын қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, прокурордың талап қою арызы қайтарылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 37-бабына сай мемлекеттік аудит объектісі басшысы мемлекеттік аудит нәтижелерімен келіспеген жағдайда қол қойылған аудиторлық есеп және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда ол тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына өз қарсылығын жіберуге құқылы.

Осы Заңның 58-1-бабына сәйкес аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепке, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылықтарды (бұдан әрі - қарсылық), ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым жасауды (бұдан әрі - шағым) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жанындағы апелляциялық комиссия қарайды.

Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

Заңның 58-4-бабының 7-тармағында, 58-5 және 58-6 бабтарында көзделгендей апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін. Апелляциялық комиссияның шешімі жазбаша нысанда шығарылады және мемлекеттік аудит объектісінің орындауы үшін міндетті болып табылады. Осы Заңда көзделген жағдайларда дауларды апелляциялық реттеу міндетті болып табылады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 302 бұйрығымен бекітілген «Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылықтарды және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануды қарау жөніндегі апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы» Ереженің 20 тармағына сай Қарсылықтарды, шағымдарды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия шығарған шешімдер осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша апелляциялық комиссия отырысының хаттамасында көрсетіледі.

Жауапкер мен мүдделі тұлға Басқарманың қарсылығының апелляциялық комиссияда қаралғаны, оның көшірмесі талап қоюшыға тапсырылғаны жөнінде сотқа мәлімет ұсынбаған. Заңның 58-4 бабындағы қарсылықты қарау мерзімдері өтіп кеткен.

ӘППК-нің 100-бабына сәйкес егер шағымды қарайтын орган осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.

Яғни, талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтаған.

Төменгі сатыдағы соттардың талапты қанағаттандырусыз қалдыруы сотта зерттелген дәлелемелерге және қолданыстағы заңнамаларға негізделіп қабылданған.

«АС[...]» ЖШС-нің өтінімдерін кері қайтарылуы заңсыз деп тану туралы Аудиторлық есеп және оның негізінде қабылданған Нұсқама негізді болып табылады.

Әлеуетті өнім беруші «АС[...]» ЖШС-гі «Ш7[...]» ЖШС-мен кеңсе үй-жайын 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге жалға алу туралы келісім шартын тапсырған. Шарт талаптарымен және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сай оның мерзімін ұзарту мүмкіншілігі көзделген. Басқарма бұл мән-жайларды жете ескермеген.

Жауапкер талап қоюшыға қатысты әкімшілік акт қабылдағанда ӘРПК-де көзделген әкімшілік рәсімдер қағидаттарының бірі – мөлшерлестік қағидатын елеулі түрде бұзған.

ӘРПК-нің 10-бабына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Конкурсқа қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынатын қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болмайды.

ӘРПК-нің 6-бабының 4-бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келеді.

Жауапкердің «АС[...]» ЖШС-нің өтінімдерін кері қайтарылуына Департаменттің де кінәсі бар деген уәжі негізсіз, себебі Басқарма бұл әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімдерін қайтару туралы бір-біріне қарама-қайшы шешімдер қабылдаған және Департаменттің алғашқы нұсқамаларын даулау құқын пайдаланбаған.

Істің бұл тұрғысында қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 қазандағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Б. Нажмиденов

Д. Токмурзина

Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.