Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3525(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3525(2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы Р.М.Демеуовтың оның өкілі С.У.Нуржановтың, жауапкер өкілдері А.С.Нугманованың, Е.Жеңісбекұлының, Д.Б.Әбдрахметтің,

үшінші тұлғаның өкілі М.М.Мырзаштың қатысуларымен

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Рустам Маратович Демеуовтың жауапкер "KMG - Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы, табыс салығын, зейнет төлемін, медициналық сақтандыру төлемдерін және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Р.М.Демеуов аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексінің) 52-бабы 1-тармағы 8)-тармақшасында жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша: жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс

ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін .

Іс құжаттарынан анықталғандай талап қоюшы Р.Демеуов 2021 жылғы 26 қарашадағы № 180-жқб бұйрығымен «KMG - Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) жұмысқа қабылданған. 2023 жылғы 26 маусымдағы № 69 -жқб бұйрығымен тараптар арасында еңбек шарты бұзылған.

Алайда талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей сотқа жүгінген.

2023 жылғы 4 шілдедегі сот ұйғарымы бойынша тараптар медиативтік келісімге келуіне байланысты іс өндірістен тоқтатылып, талап қоюшы 2023 жылғы 4 шілдедегі № 113-жқб бұйрығымен «KMG - Security» ЖШС резерв құрамына аға күзетші лауазымына қайта қабылданған.

Жұмыс берушінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 34 бұйрығымен Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8)-тармақшасы негізінде, яғни талап қорюшы 2024 жылғы 26 наурызда және 9 сәуірде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны үшін жұмыс берушінің бастамасымен талап қоюшымен еңбек шарты бұзылған. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің тексерісі бойынша жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарының бұзылғаны анықталмаған.

Р.Демеуов жұмыстан шығарумен келіспей сотқа қайта жүгінген.

Соттар Еңбек кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.

Іс құжаттарынан анықталғандай Р.Демеуовтың 2024 жылғы 26 наурызда және 9 сәуірде жұмыста болмағанына жауапкер тарапынан тиісті актілер түзілген.

Еңбек кодексінің 65-бабының талабы бойынша жұмыс беруші талап қоюшыдан жұмыс орнында болмау себебін сұрау мақсатында түсініктеме беру туралы талапты жазбаша нысанда талап қоюшының тұрғылықты мекенжайына пошта байланысы арқылы уақытылы жолдаған. Алайда Р.Демеуовтен жауап түспеген.

Демек еңбек шартын бұзу кезінде жұмыс берушімен Еңбек кодексінің 65,66-баптарының талаптары сақталып, тәртіптік жаза қолдану тәртібі мен мерзімдері белгіленген тәртіппен рәсімделген.

Сондықтан соттар Р.М.Демеуовтың дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыс орнында болмағандығы іс құжаттарымен анықталып

тұрғандықтан, жауапкер даулы бұйрықты негізді әрі заңды қабылдаған деген тұжырымға дұрыс келген.

Талап қоюшының еңбек шартын бұзу заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.

Аталған мән-жайларды ескеріп, кассациялық сот жауапкердің талап қоюшымен еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңды әрі негізді деген қорытындыға келеді.

Сонымен қатар талап қоюшы Р.М.Демеуов жұмыс беруші «KMG - Security» ЖШС еңбек қатынасында болған. Алайда, талап қоюшы сотқа жұмыс берушінің бұйрығын даулағанымен талапты «KMG - Security» ЖШСнің Батыс Қазақстан филиалына қойған, ал талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыру құқығын пайдаланбаған.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілердің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.