№6001-22-00-6ап/1491
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, жауапкердің өкілі С[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері Ш[...] пен Ч[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер Алматы облысының Талдықорған қаласының әкіміне Алматы облысының Талдықорған қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі № 11-559 қаулысының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысына жауапкер Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда талап қоюшыға 2006 жылы шаруа қожалығын жүргізу үшін жауапкермен жер учаскесі берілген, кейін бұл жер учаскесі О[...] сатылған. Алайда, құжаттарды рәсімдеу барысында жер учаскесінің телімі басқа тұлғаға рәсімделгені анықталған. Жер учаскесін басқа адамға рәсімдеуге ол рұқсатын бермегенін және ешқайда құжатқа қол қоймағанын көрсеткен.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі № 11-559 М.Б.Касымбековаға ауданы 1500 ш.м. шаруа қожалығының аумағы жер учаскесі № 2 жеке меншікке беру туралы қаулысының күші жойылған. Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер мен мүдделі тұлғалардың кассациялық шағымды қолдап, сот актілерінің күшін жою туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген. Іс материалдарын анықталғандай, 2000 жылғы 10 мамырда Талдықорған қаласы әкімінің № 212 шешімімен К[...] арнайы жер қоры жерлерінен, Талдықорған қаласы мекен-жайы бойынша, шаруа қожалығын жүргізу үшін ауданы 3,0000 гектар (суармалы егістік) жер учаскесіне тұрақты пайдалану құқығы берілген (бұдан әрі – 1-учаскесі). 2007 жылғы 12 қаңтарда талап қоюшы тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлуді сұрап, 2007 жылғы 12 сәуірде жауапкер талап қоюшыға 1- учаскені жеке меншікке берілген.
2007 жылғы 12 сәуірде Талдықорған қаласы әкімінің №11-569 қаулысымен К[...], шаруа қожалығының аумағында орналасқан 1000 ш.м. №1 жер учаскесі (бұдан әрі – 2 - учаскесі) тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке берілген.
2021 жылғы 24 ақпанда талап қоюшы сатып алу-сату шарты негізінде О[...] екі учаскесі бар тұрғын үйді сатқан.
Сонымен қатар, 2007 жылғы 12 сәуірде Талдықорған қаласы әкімінің № 11-559 қаулысымен, шаруа қожалығының аумағында орналасқан ауданы 1500 ш.м. №[...] учаскесі (бұдан әрі – 3-учаскесі) тұрғын үй құрылысы үшін Қ[...] жеке меншікке берілген (бұдан әрі - даулы қаулы).
2010 жылғы 14 қыркүйекте Қ[...] үш учаскенің аумағын 1000 ш.м. нақтылап, сатып алу-сату шартына сәйкес А[...] сатқан. Талап қоюшы даулы қаулымен келіспей, сотқа жүгінген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабында жер учаскелерiн объектiлер құрылысы үшiн беру тәртібі көзделген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, талап еткен кадастр істерден 3-учаскесін Қ[...] берілген кезінде жауапкермен аталған норманың талаптары бұзылғанын көрсеткен. 3-учаскесі талап қоюшыдан сатып алынбаған, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылмаған, талап қоюшының үш учаскесіне меншік құқығынан бас тартуы сотқа ұсынылмаған.
Соттардың бұл тұжырымдары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.