ВС РК - Постановление от 23.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/299 (Административное)

6001-24-00-6ап/299

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 23 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкер өкілдері О[...], Н[...] қатысуларымен өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Корпорация) уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттарын тіркеу әрекеттерін заңсыз деп танып, құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің өкілі келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде Корпорация Басқарманың «A[...]» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен жасақталған №5603, 5608 және 6306 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттарын заңсыз тіркелгенін, себебі Корпорация шарт талаптарын орындау бойынша ұсынылған құжаттардың толықтығына тиісті бақылау жасамаған деп негіздеген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. Жауапкердің Басқарма мен «A[...]» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арасында жасалған 2021 жылғы 28 мамырдағы №5603 кадастрлық нөмірі [...], 2021 жылғы 28 мамырдағы № 5608 кадастрлық нөмірі [...], «APS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған 2022 жылғы 11 қарашадағы №6306 кадастрлық нөмірі [...] жер учаскелері бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттарын тіркеу әрекеттері заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер өкілі О[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін, істің мән-жайларына біржақты қарағанын, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға бермегенін көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілдері О[...], Н[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсініктерін, талапкер өкілі С[...] сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Басқарма уәкілетті орган ретінде «A[...]» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен 2021 жылғы 28 наурыздағы №5603 және 5608; «A[...]» ЖШС-мен 2021 жылғы 11 қарашадағы №6306 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттарын жасаған.

Аталған шарттар шарт жасалған күні Корпорацияда мемлекеттік тіркеуден өткен.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда жауапкер тіркеу кезінде сатып алу-сату шартының талаптарын орындау бойынша ұсынылған құжаттардың толықтығына тиісті бақылау жүргізбеген, атап айтқанда, міндетті төлемнің жоқтығын ескермей аталған үш шартты заңсыз тіркеген деген тұжырымдаған.

Сот алқасы, төменгі саты соттарының бұл тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүргізу тәртібі мен рәсімдері Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңымен реттеледі. Заңның 33-бабына сәйкес құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды тіркеуші орган заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-1-бабына сәйкес уәкілетті органның құзыретіне жасалған шарттар талаптарының орындалуына, оның ішінде уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттарының орындалуына бақылау жасау және жүзеге асыру жатады.

Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 11 қарашада Басқарма мен мүдделі тұлға арасында жасалған №6306 шарттың 2.2-тармағында сатып алу сомасы 21 777 124 теңгені 15 күн ішінде төленуге жататыны және шарттың 7.2-тармағында «Шарт белгіленген соманың төленгенін растайтын құжат (түбіртек) болған жағдайда ғана Астана қаласының тіркеуші органында тіркелуге тиіс» деп белгіленген.

Ал, Басқарма мен мүдделі тұлға арасында жасалған №5603, 5608 шарттардың 2.2-тармағында уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу сомалары 18 525 теңге, 15 718 теңгені 30 күн ішінде төленуге жататыны және шарттың 6-бөлігінде аталған төлемдер жүргізілмеген жағдайда шарт біржақты тәртіппен хабарлама жолдау арқылы бұзылатыны белгіленген.

Істің бұндай тұрғысында Корпорацияның тараптар арасында жасақталған №5603, 5608 шарттарын тіркелуі заңсыз деп тұжырымдауға болмайды, себебі тараптар арасында жасақталған шарт негіздері бойынша тиісті төлемдер жүргізілмеген жағдайда ғана шарт біржақты тәртіппен бұзылатыны көрсетілген.

Сонымен қатар, Басқарма мен «APS[...]» ЖШС, «A[...]» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арасында жасалған шарттың негіздерін азаматтық-құқықтық мәміле негізінде жарамсыз деп танылмағаны жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Сот алқасы, іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері өзгертіліп, Корпорациямен тараптар арасында жасақталған №5603, №5608 шарттарын тіркелуін заңсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, істің бұл бөлігінде талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді, себебі жауапкердің дауланып отырған әрекеттері өз құзіреті шегінде жасалған.

Осыған орай, жауапкер өкілінің кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «A[...]» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арасында жасалған 2021 жылғы 28 мамырдағы №5603, №5608 шарттарын тіркелуін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылсын.

Істің бұл бөлігінде талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Сот актілерінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер өкілі О[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар С.Ү. Баймаханов

Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.