КСАД РК - Постановление от 04.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/631 (Административное)

ҚАУЛЫ № 4к/631

04 қыркүйек 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы Н.К.Султанованың, жауапкердің өкілі А.М.Исинаның тікелей қатысуларымен,

ашық сот мәжілісінде талап қоюшы Назым Калкешовна Султанованың (әрі қарай-талап қоюшы) «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - жауапкер) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қоюдан бас тарту туралы жауапкердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № HFS2MZ26Z29S415V8 дәлелді бас тартуын заңсыз деп танып, оны қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеу туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 05 наурыздағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаптармен жүгінген.

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 05 наурыздағы қаулысымен аталған талап қою толығымен қанағаттандырылған.

Сот жауапкердің дауланып отырған дәлелді бас тартуын заңсыз деп танып, талап қоюшыны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша есепке қоюға жауапкерді міндеттеген.

Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген жауапкер кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, шағымды қанағаттандыруды сұраған.

Тараптардың іс бойынша пікірлерін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған құқықбұзушылық осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК-нің 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.

Туындаған дауды қарау барысында, олар қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.

Сотта анықталғанындай, Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптары бойынша, мүгедек балалары бар немесе соларды тәрбиелеп отырған отбасылар, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардан тұрғын үй алуға құқылы.

Талап қоюшы қазіргі кезде мүгедектігі бар, 2023 жылдың 23 наурызында туылған Інжу Султан есімді баланы тәрбиелеуде. Қазақстан Республикасының, оның ішінде Астана қаласында тұруға жарамды өзіне меншіқ құқымен тиесілі тұрғын үйі болмауына байланысты, әрі 2018 жылдан бастап осы уақытта дейін Астана қаласында түрлі мекен-жайлар бойынша уақытша және тұрақты тіркеуде жүруіне орай, ол өзін «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қою туралы өтінішпен жауапкерге жүгінген. Алайда, ол кезекке қойылмайтындығы жөнінде жауапкердің шығарған дәлелді бас тартуын алған.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға есепке қоюдан дәлелді бас тартуында жауапкер, талап қоюшының меншік құқығында жылжымайтын мүлік бар екенін көрсеткен, бірақ, ол қандай мүлік екенін нақтыламаған.

Аталған мәселе бойынша анықталғаны, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округі әкімі берген мәліметке сәйкес, талап қоюшының атында қандай да бір жеке тұрғын үй тіркелмеген, оның атында 2023 жылғы мұраға құқық туралы куәліктердің негізінде жылжымайтын мүлік объектілері – Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қүркелі ауылдық округіне тиесілі Жұмат Шанин ауылында, аумақтары 0,187 га және 0,0188 га жер телімдерінде орналасқан өнеркәсіптік-өндірістік құрылыс (қонақ үй және асхана) тіркелген. Кейіннен, 2024 жылғы 27 қарашада ол осы мүлікті сатып алу-сату шарты негізінде өзінің иелігінен шығарған.

Ескеретін жағдай, аталған қонақ үй мен асхана, Заңның 2-бабының 27) тармақшасына сәйкес, тұрғын емес үй-жайлардың қатарына жатқызылған.

Сондықтан жылжымайтын мүліктердің (тұрғын емес үй-жайдың) бұрын болуы, талап қоюшыны қазіргі кезде үйге кезекке қоюға кедергі келтірмейді.

Мұндай жағдайда, жауапкердің, талап қоюшыны тұрғын үй беру есебіне қоюдан дәлелді бас тартуы ӘРПК-нің 7-бабында көзделген заңдылық қағидатына сәйкес келмейді.

ӘРПК-нің 79 және 84-баптары бойынша әкімшілік акт заңды және негізді болуы тиіс, ал әкімшілік рәсімдер туралы заңнама бұзылса, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тануға негіз пайда болады.

Іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабы 3-бөлігінің талаптарына сәйкес шығаврылған, әрі олар нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге қандай да бір себептер анықталмады деп санайды.

Кассациялық шағымның уәждері бұрында төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады.

Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал жауапкердің кассациялық шағымы - қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша шығарылған Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 05 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Судьялар

Е.М. Нұралиев Л.С. Кудекова Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.