ҚАУЛЫ № 4к/28
07 тамыз 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
аудармашы Р.А.Таласпаеваның, жауапкер Меркі ауданы әкімі мен аудандық жер қатынастар басқармасының өкілдері Б.Т.Култаевтің, Д.Р.Нурпеисовтің, мүдделі тұлғалар: «Жеміс-Жидек» ЖШС-нің өкілдері Б.Ж.Қожайбайдың, З.В.Дургалованың, «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің өкілдері С.В.Бондаренконың, Ш.Ж.Хамированың тікелей және арақашықтықта қатысуларымен,
ашық сот мәжілісінде Меркі ауданы прокурорының (әрі қарай-талап қоюшы) Меркі ауданы әкіміне (әрі қарай - жауапкер) Меркі ауданы әкімдігінің 28 қыркүйек 2007 жылғы № 384 қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 19 қараша 2024 жылғы ұйғарымына мүдделі тұлға - «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің өкілі берген кассациялық шағым бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа, яғни Жамбыл облысы Меркі аудандық сотына талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Аталған соттың 2024 жылғы 11 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған, Меркі ауданы әкімдігінің 28 қыркүйек 2007 жылғы №384 қаулысы, «Жеміс-Жидек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріліп, бірақ бүгінгі күнге игерілген, кадастрлық № 06-092026-010 (10 га) және кадастрлық № 06-092-026-011 (10,5 га), барлығы 20,5 га жер учаскелерінен басқа бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Сонымен қатар сол соттың 11 шілде 2024 жылғы ұйғарымымен талап қоюшы талабының кадастрлық № 06-092-026-010 (10 га), № 06-092-026-011 (10,5 га) жер учаскелеріне қатысты бөлігі қайтарылған. Аталған ұйғарымға тараптардан шағым берілмеген.
Кейіннен, Жамбыл облыстық соты әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 05 қараша 2024 жылғы ұйғарымымен және сол жылғы 19 қарашадағы қосымша ұйғарымымен, Меркі аудандық сотының 11 шілде 2024 жылғы шешімі мен ұйғарымының, сонымен қатар 07 наурыз 2024 жылғы өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы ұйғарымының күштері жойылып, осы әкімшілік іс бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізу өндірісіне қабылданған.
Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 19 қараша 2024 жылғы ұйғарымымен қаралып отырған іс бойынша талап қоюшының өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырудан бас тартылған, бұл талап қою қайтарылған.
Аталған сот алқасының ұйғарымымен келіспеген мүдделі тұлға - «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің өкілі кассациялық шағым беріп, онда ұйғарымның күшін жойып, әкімшілік істі апелляциялық сатыдағы соттың жаңа қарауына жолдауды сұраған.
Іс бойынша талап қоюшы тарапы кассациялық соттың отырысына келмеді, мұндай жағдайда сот істі аталған тараптың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Істі қарауға қатысқан тараптар өкілдерінің пікірін тыңдап, даудың мәнжайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті апелляциялық сатыдағы сот қамтамасыз еткен.
Туындаған даудың нысанасы әкімдіктің шығарған қаулысын заңсыз деп тану, яғни жергілікті атқару органының әкімшілік актісін даулау болып табылады. Оны қарау барысында Қазақстан Республикасында қолданысқа ие процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, сол алқасы істің мән-жайын заң шеңберінде бағалаған. Апелляциялық сотта анықталғанындай, Меркі ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің 25 қыркүйек 2007 жылғы № 201-п бұйрығының негізінде «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-і аумағында орналасқан жалпы көлемі 250 га жер учаскесін (оның ішінде суармалы егістік 229 га, жайылымдық 8,0 га, бөгде 13 га) аудандық мемлекеттік жер қорына енгізу жобасы бекітілген. Аудандық жер комиссиясының 25 қыркүйек 2007 жылғы № 6 қорытындысына сәйкес, Меркі ауданы әкімдігінің 28 қыркүйек 2007 жылғы № 383 қаулысымен аталған жер учаскелері мемлекеттік жер қорына алынған.
Сонымен қатар, 28 қыркүйек 2007 жылғы Меркі ауданы әкімдігінің № 384 қаулысымен «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің аумағында орналасқан, бірақ аудандық мемлекеттік жер қорына алынған жер учаскелерінің 230 гектары, оның ішінде суармалы егістік 209 га, жайылымдық 8,0 га., бөгде 13 га. кадастрлық № 06-092-026-008 (74,3 га), №06-092-026-009 (110,7 га), № 06-092-026-010 (10 га), № 06-092-026-011 (10,5 га), № 06-092-026-012 (12,2 га) сол күнмен «Жеміс-Жидек» ЖШС-не тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізуге деп, 49 жыл ұзақ мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жалға берілген.
09 тамыз - 20 қыркүйек 2023 жылы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-і мен «Жеміс-Жидек» ЖШС-інде жер заңнамасының сақталуына Меркі ауданының прокуратурасы тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның қорытындысымен заңдылықтың бұзылуын жою туралы 25 қыркүйек 2023 жылы Меркі ауданының әкіміне ұсыныс берген. Аталған ұсыныста жауапкердің дауланып отырған қаулысы туралы мәліметтер келтірілген.
Осы орайда, талап қоюшымен (прокурормен) талап қою мемлекет мүддесі үшін берілген. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішінде прокуратура, жер заңнамасының сақталуына тексеру жұмыстарын жүргізу барысында дауланып отырған әкімдіктің қаулысы туралы тек 11 қаңтар 2024 жылы ғана белгілі болғанын көрсетіп, сондықтан мерзімді қалпына келтіру туралы өз өтінішін қанағаттандыруды соттан сұраған.
Іс құжаттарын зерттеу барысында анықталғанындай, жер заңнамасының бұзылғандығы және даулы қаулының орын алғандығы жөнінде талап қоюшыға 2023 жылдың тамыз айында немесе тіптен ұсыныс берілген күні, яғни 25 қыркүйек 2023 жылы анық белгілі болғандығы туралы сот алқасы дұрыс тұжырымға келген. Осыған қарамастан, талап қою сотқа тек 24 қаңтар 2024 жылғы ғана тапсырылған.
Сөйтіп, талап қоюшы сотқа талап қоюдың ӘРПК-нің 136-бабы 1- бөлігінде көрсетілген бір айлық мерзімін өткізіп алған. Ал, осы мерзімді қалпына келтіру туралы өтініште, оны нақты қалпына келтіруге негіз болатын, әрі даусыз дәлел болатын қандай да бір себепті уәждер талап қоюшы тарапынан ұсынылмаған.
Бұл орайда, талап қоюды сотқа уақтылы бермей, заңмен көзделген мерзімді себепсіз өткізіп алуы талап қоюшының процессуалдық олқылығы болып табылатыны анық.
Жоғарыдағы мән-жайлардың негізінде, сот алқасы ӘРПК-нің 136-бабы 8-бөлігінің және 138-бабының 2-бөлігі 15) тармақшасын басшылыққа алып, талап қоюды беруде өткізіп алынған процессуалдық мерзімді қалпына келтірудің мүмкіндігі болмауы туралы тұжырымға дұрыс келіп, талап қоюды өз ұйғарымымен қайтаруын кассациялық сот оң бағалайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актісін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ.
Айтылғандарға қосымша кассациялық соттың назарға алатыны, 01 қазан 2024 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы №6001-24-00-6ап/876 қаулысын қабылдап, онда Меркі ауданы әкімдігінің 28 қыркүйек 2007 жылғы қаулысын заңсыз деп тауып, күшін жою туралы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің талап қоюын қайтарған, мұның себебі сотқа беру мерзімін өткізіп алуына байланысты болған. Яғни, бүгінгі қаралып отырған дауға ұқсас дау бұрын да соттармен қаралып, осы шешімге ұқсас шешімдер соттармен қабылданганы анықталып отыр.
Кассациялық шағым мүдделі тұлға өкілімен кассациялық өтініш деп қате көрсетілген, оның үстіне шағымның кейбір уәждері кезінде сот алқасының зертеуінен өткен, ал, қазіргі кезде олардың талап қоюшы тарапынан процесуалдық мерзімді сақтамауына еш қатысы жоқ. Кассатордың іс жүргізу тілінің бұзылғандығы, аудармашының іске толыққанды тартылмағандығы жөніндегі уәжі кассациялық сотта өз дәлелін таппады, атап айтқанда дауланып отырған апелляциялық соттың 19 қасраша 2024 жылғы ұйғарымында аудармашы Ж.Матжанованың сот отырысына тікелей қатысқаны дәл көрінеді.
Қазіргі кезде қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа ұсынылмады.
Мүдделі тұлға, әрі кассатор тарапынан ұсынылған өтінішхат сотпен зерттелді, оның мазмұны бойынша Меркі ауданының санаулы тұрғыны Республика деңгейіндегі бірнеше лауазым иелеріне ұжымдық үндеу жасаған, алайда оның қаралып отырған іске ешбір қатысы жоқ, оның үстіне ол талап қоюшының процессуалдық мерзімді сақтамауына себепті немесе себепсіз жағдай ретінде қарастырылмайды. Үндеуде баяндалған жер телімдеріне қатысты нақты сұрақтар даудың мән-жайына қатысты, ал олар апелляциялық сотта мүлдем қаралмаған, сотта тек талап қоюшының процессуалдық олқылығы туралы мәселе қаралған.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актісін өзгеріссіз, ал мүдделі тұлғаның кассациялық шағымын қанағаттандырылусыз қалдыру қажет деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 19 қараша 2024 жылғы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға - «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-і өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.