№6001-24-00-6ап/2264
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.У.Әлжанов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кулпаршын Сыпабековна Сералиеваның Төлеби ауданының әкіміне, Шымкент қаласының әкіміне 2008 жылғы 10 маусымдағы №20 санды жер комиссиясының хаттамалық шешімін, 2008 жылғы 13 маусымдағы №27 санды әкім шешімінің күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К.С.Сералиева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігінің талабына сай кұқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс материалдарын анықталғандай, 2008 жылғы 13 маусымдағы №27 Төле би ауданы Ақжар ауылдық округі әкімінің шешімімен З.Шакибаеваға жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген. Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей, талап қоюмен 2024 жылғы 21 мамырында сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды кері қайтарып, ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы үшін заңда көзделген әкімшілік актіні бір жылдан кешіктірмей даулау мерзімі өтіп кеткендіктен, қалпына келтірілуге жатпайды деген дұрыс тұжырымға келген.
Сонымен қатар, талап қоюшы 2008 жылғы 10 маусымдағы №20 жер комиссиясының хаттамалық шешімінің жалғандығына байланысты заңсыз деп танып, күшін жою туралы уәждер келтірген.
Бұл бөлігінде соттар даулы хаттамалық шешімді шығару барысында тиісті ішкі әкімшілік рәсім жасалмай, әкімшілік акт қабылданбағандықтан, оның әкімшілік актіге тән заңды күші, одан туындайтын құқықтық салдар да жоқ болып табылады деп дұрыс баға берген.
Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.
ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 11) тармақшасына сәйкес, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Кулпаршын Сыпабековна Сералиеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.