КСАД РК - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1879 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/1879 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,

жауапкердің өкілі С.Ж. Дүйсенбайдың және мүдделі тұлғаның өкілі

Г.Х. Манабаеваның қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы Жанабай Куанышбекович Демеубаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) қойған жұмыссыз ретінде есепте тұрған уақытын еңбек өтіліне қосуды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші сот шешімінің, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждері мен жауапкердің, мұделлі тұлғаның өкілдерінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы Ж.Демеубаевқа 2021 жылдың 20 сәуірінен бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған. Зейнетақы тағайындауға жалпы 27 жыл 6 ай еңбек өтілі есепке алынған.

Сотқа жүгінген талабында Ж.Демеубаев өзінің 1997 жылғы 24 ақпан мен 2003 жылғы 14 қазан аралығында және 2017 жылғы 9 қазан мен 2021 жылғы 30 сәуір аралығында жұмыссыз ретінде есепте тұрған уақытын еңбек өтіліне есепке алуды Департаментке міндеттеуді сұраған.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (2023 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болған, бұдан әрі - Заң) 1-бабында келтірілген түсіндірмеге зейнетақы - мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң жиынтығы болып табылады.

Талап қоюшы Ж.Демеубаевтың зейнетақысы жасына байланысты зейнетақы мен мемлекеттік базалық зейнетақының қосындысы болып табылады.

Жасына байланысты зейнетақы дегеніміз - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемiнде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне пропорционалды түрде жүзеге асырылатын ақша төлемдері болып табылады. Мемлекеттік базалық зейнетақы - зейнеткерлiк жасқа толуына байланысты берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем.

Заңның 14-бабына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезең үшін есепке алынады, еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар не соттың шешiмi негізінде белгіленеді.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеуге есепке алынатын кезеңдер Заңның 13-бабында атап көрсетілген.

Жергілікті соттар қойылған талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде есепте тұрған кезеңі оның еңбек өтіліне енгізілмейтіні көзделген Заңның 13, 14баптарының нормаларына сілтеме жасаған, өйткені еңбек өтілін есептеу үшін негіздер тізбесі заңмен регламенттелген және толық болып табылады деген қорытындыға келгені дұрыс. ӘРПК-нің 155-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағым беріліп отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.