ВС РК - Постановление от 24.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/568 (Административное)

6001-24-00-6ап/568

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып, жауапкер С.А.Айтурееваның қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы « BALNUR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Түркістан облысының Әділет департаменті» РММ Сайрам ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» филиалының сот орындаушысы Салтанат Абляшовна Айтурееваға сот шешімін мәжбүрлі түрде орындауды тағайындау әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қазандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «BALNUR» ЖШС (бұдан әрі - Серіктестік) жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, жауапкердің хабарламаескертуді заңды тұлғаға қатысы жоқ адамға тапсырғанымен, сондай-ақ жауапкердің сот шешімінде және атқару құжатында көрсетілмеген әрекеттерді талап еткенімен негіздеген. Нысандарды бұзу жұмыстарының шығынын борышкерден өндіруді анықтау сот орындаушысының құзыретіне кірмейді деп санайтынын көрсеткен.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы «BALNUR» ЖШС-і кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талапкер өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, жауапкер С.А.Айтурееваның шағым уәждерін қолдамаған пікірін, іс құжаттарын жан-жақты ерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, сот орындаушының әрекеттері заң талаптарына сай жүргізілген және ол атқарушылық іс жүргізу құжаттарын борышкерге заңда көзделген тәсілмен уақытылы жолданып (табысталып) отырған деп тұжырым жасаған.

Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-бөлігінің және Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының 2-бөліктерінің талаптары бойынша соттар шешімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады және олар орындалуға жатады.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабы 1- тармағына сәйкес, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық ісқимылдар туралы және мәжбүрлеп орындау шаралары туралы хабарламамен хабардар етіледі. Бұл ретте шақыру қағазы шақырылатын адамның сот орындаушысына уақтылы келу үшін не атқарушылық әрекеттер жасалған жерге жеткілікті мерзімі болатындай есеппен жіберілуге тиіс.

Осы баптың 2-тармағына сәйкес, хабарлама немесе шақыру қағазы, егер атқарушылық іс жүргізуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық іс жүргізуге қатысушының жұмыс орны бойынша тапсырыс хатпен не оларды алғаны туралы хабарламамен өзге де байланыс құралдары арқылы жіберіледі не қолхатпен адресатқа тапсырылады. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен мемлекеттік ұлттық табиғи парктің Төлеби филиалына қарасты Біркөлік шатқалының туристік және рекреациялық аймағынан барлығы 7,0 га жер учаскесінде Серіктестікпен салынған барлық құрылыс объектілері: 2-коттедж, 5-дана темірден жасалынған киіз үйлер, 1- бассейн, 1-тапшан, 1-бастырма, 1-шаруашылық құрылыс нысаны, 1-футбол алаңы, 1-волейбол алаңы, 1-құрылыс нысанының іргетасы, қоршаулар және тағы басқа құрылыстарды мәжбүрлі түрде бұзу міндеттелген.

Аталған сот шешімі негізінде сот орындаушысы С.Айтуреева атқарушылық іс жүргізуді 2023 жылғы 16 наурызда қозғап, Серіктестікке атқарушылық іс жүргізудің қозғалғаны туралы хабарлама жолдап, атқару құжатының талаптарын 2023 жылғы 10 сәуірге дейін өз есебінен орындау ұсынылған. Өз кезегінде Хабарлама – ескерту пошта арқылы жолданып, Серіктестік орналасқан мекен-жайға 2023 жылғы 30 наурызда жеткізілген.

2023 жылғы 11 шілдеде атқару құжатының орындалмағаны туралы акті түзіліп, сол күнмен борышкерге қайталап хабарлама – ескертуі жолданған.

Борышкер 2023 жылғы 17 шілдеге шақыртылып, хабарлама – ескерту мекен-жай бойынша Г.Садыковаға тапсырылған.

Одан бөлек, сот орындаушысымен 2023 жылғы 1 тамызда Серіктестікке атқару құжатын өз есебінен орындау туралы хабарлама – ескерту қайталап жолданып, борышкер 2023 жылғы 16 тамызға шақыртылған. Аталған хабарлама – ескерту Серіктестік басшысының ұялы телефонының Whats App желісі арқылы жолданған. Заңның 15-бабы 3-тармағына сәйкес атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.

Заңның 39-бабы 2-тармағына сәйкес құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.

Алайда, борышкер аталған заң талаптарын сақтамай, сот орындаушысының да заңды талаптарын назарға алмаған.

Сот орындаушысымен 2023 жылғы 4 қыркүйекте Серіктестікке сот шешімін мәжбүрлі түрде орындау 2023 жылғы 15 қыркүйек сағат 15:00-ге тағайындалғаны Серіктестік басшысының ұялы телефонының Whats App желісі арқылы жолданған.

2023 жылғы 15 қыркүйекте сот орындаушысы атқару құжатына сәйкес 4- дана темірден жасалынған киіз үйлер, 1-тапшан, 1-бастырма толық көлемде бұзылғаны, 1-бассейннің бір бөлігі бұзылғаны жөнінде акті түзген. Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы талапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қазандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы « BALNUR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Әлжанов Ғ.Ө. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.