ҚАУЛЫ
2023 жылғы 7 ақпан 6001-22-00-6ап/1927 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
жауапкерлер:
«Әйтеке би кенті әкімі аппараты» коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің (КММ) өкілі – Д[...],
«Қазалы аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-нің өкілі –
Б[...],
«Қазалы аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі» КММ-нің өкілі А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «Әйтеке би кенті әкімі аппараты» КММ-не, «Қазалы аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-не, «Қазалы аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі» КММ-не Қазалы ауданы Әйтеке би кенті әкімінің шешімінің күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлға А[...] Баймахановтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Қазалы аудандық сотының 2022 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы мен мүдделі тұлға сот алқасының мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдай істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағым жөніндегі пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілмеген.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 8,14 және 16-баптарына сәйкес соттар әділдік қағидатын басшылыққа алуға, формальды талаптарды теріс пайдаланбауға, судьяның белсенді рөлін басшылыққа ала отырып, талап қоюшының талабын нақтылау бағытында жұмыстар жасауға тиіс.
Апелляциялық саты сотымен бірінші сатыдағы сот түйіндері істің мән-жайына сәйкес келмейтіні, сотпен іске қатысатын адамдардың құрамы туралы мәселе дұрыс шешілмегені, судьяның белсенді рөлі жүзеге асырылмағаны анықталған.
Сот алқасы, апелляциялық саты сотының тұжырымын негізді деп табады.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға А[...] Баймахановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.