№6003-25-00-2к/4107
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 26 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Айкенованың, Н.Б.Ормахановтың, прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшы А.Б.Аптихановтың және оның өкілдері
С.К.Абдигаппаровтың,
жауапкер өкілі А.Д.Батырханқызының,
үшінші тұлғаның өкілі Е.Б.Ділданың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Арман Базарбаевич Аптихановтың жауапкер «Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты өзіне қатысты бөлігінде заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А.Б. Аптиханов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар толық әрі дұрыс анықталмағанын көрсеткен. Атап айтқанда, азамат А.Шамшиевтің талап қоюшы А.Б.Аптиханов пен Д.Е.Кәрібаевқа қатысты арызды мәжбүрлі түрде жазғанын, оның ерікті түрде берілмегенін, сондай-ақ аудиожазбаның ішкі істер органдарына А.Шамшиевтің өзі тарапынан ұсынылмағанын алға тартып, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, сот актілерін күшінде қалдыру жөніндегі қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін талқылай отырып, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сай материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан
жағдайда, мұндай мән-жайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 80-бабының 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларына сәйкес, қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметтен шығарылуы мүмкін.
Іс құжаттарынан талап қоюшы А.Б.Аптихановтың Қызылорда облысы Полиция департаментінің (бұдан әрі - Департамент) Қызылорда қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінде жедел уәкіл лауазымын атқарғаны анықталған.
2024 жылғы 17 қыркүйекте азамат А.Шамшиев Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына (бұдан әрі-ӨҚБ) арызбен жүгініп, жедел уәкілдер А.Б.Аптиханов пен Д.Е.Кәрібаевтың қылмыстық істі қысқартуға жәрдемдесу үшін 350 000 теңге талап еткенін көрсетіп, дәлел ретінде аудиожазбаны ұсынған.
Аталған арыз негізінде қызметтік тергеу жүргізіліп, оның қорытындысымен талап қоюшының қызметтік өкілеттігін жеке басының пайдасы үшін пайдалана отырып, құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны аудиожазбаның мазмұнымен расталған.
2024 жылғы 19 қыркүйектегі қызметтік тексеру қорытындысына сәйкес, талап қоюшының әрекеттері тәртіптік жауапкершілікке тартуды талап ететіні көрсетіліп, мәселе Департаменттің тәртіптік комиссиясының қарауына ұсынылған.
Департаменттің 2024 жылғы 19 қыркүйектегі №231 тәртіптік комиссиясының шешімімен талап қоюшы Заңның 16-бабы 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі –Әдеп кодексі) 3 және 4- тарауларының талаптарын бұзғаны үшін құқық қорғау органынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған. Осы негізде Департаменттің 2024 жылғы 19 қыркүйектегі №419 ж/к бұйрығымен талап қоюшы Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) және 13) тармақшалары бойынша құқық қорғау органдарынан шығарылған. Талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Заң мен Әдеп кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық әрі жан-жақты анықтаған, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеру үшін заңда көзделген барлық процессуалдық шараларды қабылдаған және талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Бірінші сатыдағы сот зерттеген аудиожазбаның мазмұнынан талап қоюшы мен арыз беруші арасында қарыз қаражатын қайтару мәселесі бойынша әңгіме болмағаны, керісінше қылмыстық іс бойынша мәселені шешу және ақша беру туралы сөйлесу болғаны анықталған. Бұл мән-жай соттармен дұрыс белгіленген.
Талап қоюшының арыз мәжбүрлі түрде жазылды және аудиожазба заңсыз алынған деген уәждері нақты әрі дәйекті дәлелдемелермен расталмаған. Аталған уәждер бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда тексеріліп, негізді түрде қабылданбаған.
Кассациялық сот Департамент даулы бұйрықта Заңның 80-бабы 1- тармағының 12) тармақшасына қателесіп сілтеме жасаған деп санайды, себебі талап қоюшы тарапынан қызметтік тәртіпті өрескел бұзу іс әрекеттері анықталмады. Сондықтан талап қоюшы Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде, яғни құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін дұрыс құқық қорғау органынан шығарылған.
Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі мен тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімдерінің сақталғаны іс материалдарымен расталады. Қызметтік тергеу қорытындысы мен тәртіптік комиссияның шешімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданған.
Аталған мән-жайларды ескере отырып, талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп тануға, оны күшін жоюға, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруға және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.