КСАД РК - Постановление от 20.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/2172 (Административное)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 20 қараша №6003-25-00-4к/2172 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья М.А. Туганбаев,

судьялар Л.Е.Каирбаева, Н.Е.Нуралыева,

жауапкердің өкілі А.Б.Касенованың, мүдделі тұлғалардың өкілдері Ә.С.Шәріптің, Н.Е.Көбейсіннің қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Бағдат Айтқалиұлы Қалабаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 29 қарашадағы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісінің жұмыс берушінің кінәсі дәрежесінің қорытындысына қатысты бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға «Energy Tech Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Департаментке жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Актінің жұмысшының кінәсінің дәрежесін 50% және жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін 50% мөлшерінде анықтау туралы тармағы заңсыз деп танылған. Департаментке жұмыс берушінің кінәсін 100% және жұмысшының кінәсін 0% дәрежесінде анықтап, актіні өзгерту міндеті жүктелген.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жоюды сұрайды.

Сот шағымның уәждерін қолдаған мүдделі тұлғаның өкілінің түсініктемесін, жауапкердің өкілінің және мүдделі тұлғаның өкілінің пікірін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес істің нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол бермеген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дәлелдемелерді жан-жақты зерттеп, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісіне, маманның қорытындысына, куәлар мен процеске қатысушылардың түсініктемелеріне тиісті түрде баға берген.

Төмен тұрған соттар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 186бабының ережелерін, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған еңбек қатынастарының болуы және жарақаттың өндірістік сипаты фактілерін ескере отырып, жазатайым оқиғаның мән-жайларын құқықтық тұрғыдан саралаған.

Соттар жұмысшының өрескел абайсыздығы және оның кінәсінің дәрежесін 50% мөлшерінде анықтау туралы Департаменттің қорытындысы іс материалдарымен бекітілмейді деген тұжырымға келгені негізді. Жұмысшының жабдықты жөндеу кезінде міндетті түрде орналасу орнын айқындайтын нормативтік талаптар жоқ және жұмысшының қауіпсіздік ережелерін бұзғаны туралы да ешқандай дәлелдеме жоқ, ал жұмыс берушінің бұзушылықтары құжаттармен расталады.

Соттар анықтаған фактілер мен құқықтық тұжырымдар жұмыс берушіге қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылау жасау міндетін жүктейтін еңбек заңнамасының нормаларына тікелей сәйкес келеді. Жұмыс берушінің дәл осы міндеттемелерді орындамауы жазатайым оқиғаның орын алуына негізгі себеп болған. Кассациялық сатыдағы сот шағымның уәждері істің нақты мән-жайлары мен дәлелдемелерді қайта бағалауға негізделгенін, бұл дәлелдемелерді қайта зерттеуге емес, құқық нормаларының дұрыс қолданылуын тексеруге негізделген кассациялық тәртіппен қайта қараудың құқықтық сипатына қайшы келетінін атап өтеді. Мүдделі тұлғаның дәлелдемелерді бағалаумен келіспеуі құқық нормалары бұзылғанын білдірмейді.

Осылайша, сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес қабылданған, іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келеді, заңнаманың дұрыс қолданылуына негізделген және кассациялық тәртіппен олардың күшін жоюға әкеп соғатын бұзушылықтарға жол берілмеген.

Еңбек кодексінің 186-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан жұмыскерлер денсаулығының зақымдануы, егер олар жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүріптұрумен байланысты жұмыскер бара жатқан жолда, оның ішінде жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынатыны қарастырылған.

Б.А. Қалабаев пен Серіктестіктің арасында еңбек қатынастары бар екендігі анықталған, Б.А. Қалабаев Серіктестікте бұрғылаушының көмекшісі болып жұмыс істегені расталған. Б.А. Қалабаевтың 2024 жылғы 14 қаңтарда алған дене жарақаттары өндірістік жарақат деп танылған.

Жазатайым оқиға Б.А. Қалабаевтың жұмыс қызметімен байланысты екендігі заңды күшіне енген сот актісімен бекітіледі. 2024 жылғы 10 шілдеде талап қоюшыға 2-топ мүгедектігі белгіленген. 2024 жылғы 20 қыркүйекте Серіктестік Департаментке Б.А.Қалабаевпен 2024 жылғы 14 қаңтарда жазатайым оқиға орын алғаны туралы хабарлама жіберген.

Департаменттің 2024 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрылған.

2024 жылғы 29 қарашадағы арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес зардап шеккен адамның өрескел абайсыздығы және жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырғаны жазатайым оқиғаның орын алуына себеп болған.

Төмен тұрған соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған кезде Б.А. Қалабаевтың әрекеттерінде өрескел абайсыздық болмағаны және Департамент оның кінәсінің дәрежесін 50% деп дұрыс анықтамағаны туралы қорытынды жасаған.

Бұрғылау жабдығын жөндеу барысында О.Даугарин ауыр кілтті айналдырған кезде оны қолында ұстай алмай, нәтижесінде кілт Б.А.Қалабаевтың басына тиіп, оған ауыр дене жарақатын келтіргені анықталған.

Дегенмен, актінің жазатайым оқиға орын алған сәтте Б.А. Қалабаев қауіпсіз емес қашықтықта болғаны туралы қорытындысы негізсіз, себебі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде оның орналасқан жерін анықтайтын ережелер жоқ, сондай-ақ оның өрескел абайсыздығын растайтын дәлелдемелер де жоқ.

Бұл ретте, жұмыс беруші жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеген, атап айтқанда қауіпсіздік техникасы бойынша тиісті нұсқама жүргізбеген, еңбекті қорғау ережелерінің сақталуына және жұмысшылардың тиісті қадағалаусыз қауіпті жұмыстарды істеуге рұқсат етуге бақылау жасамаған.

Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымындағы уәждер істегі дәлелдемелерді қайта бағалауға қатысты, бұл сот актілерін кассациялық сатыда қайта қарауға негіз бола алмайды. Жоғарыда баяндалған мән-жайларға қорытынды жасай отырып, кассациялық сот жергілікті соттардың орын алған жазатайым оқиғада жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін 100% мөлшерінде дұрыс анықтап, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, себебі аталған тұжырым дауланып отырған құқықтық қатынастарды реттейтін еңбек заңнамасының нормаларына негізделген.

Мұндай жағдайларда мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Energy Tech Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Тугамбаев

Төрағалық етуші

Л. Каирбаева

Судьялар

Н. Нуралыева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.