Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 мамыр №6003-26-00-2к/414 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
прокурор А.Я.Нуртазанованың, талап қоюшы өкілі А.Б.Ахметованың, жауапкерлер және үшінші тұлға өкілдері А.Жанбаевтың, Б.А.Шойбековтың, Д.С.Мухамедиевтың, А.Л.Камбаровтың, Ж.А.Ошакбаевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы № 6506 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Әскери бөлім) жауапкерлер «Сарсен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Сарсен» ЖШС-і), «Өгем Кереметіне саяхат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Өгем Кереметіне саяхат» ЖШС-і), Томаш Меирбековна Кожабековаға, Шапағат Ордаманұлы Тұрсынбайға, Арай Рустембековна Отарбековаға, Кундызай Утельбаевна Амалбековаға, Динара Нуржановна Мусрепбаеваға сатып алу-сату және сыйға тарту шарттарын және заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Әскери бөлім сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны қорғаныс мұқтажы үшін берілген жер учаскесі иеліктен заңсыз шығарылғанымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып:
1999 жылғы 19 наурыздағы Әскери бөлім мен «Сарсен» ЖШС-і арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты;
2013 жылғы 18 қазандағы «Сарсен» ЖШС-і мен «Өгем Кереметіне саяхат» ЖШС-і арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты;
2014 жылғы 8 қаңтардағы «Өгем Кереметіне саяхат» ЖШС-нің азамат О.Нұржановқа жер учаскесін сыйға тарту шарты;
2015 жылғы 23 сәуірдегі О.Нұржанов пен жауапкер А.Р.Отарбекова арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты;
2015 жылғы 18 қарашадағы жауапкерлер А.Р.Отарбекова мен К.У.Амалбекова арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты;
2020 жылғы 21 наурыздағы жауапкерлер К.У.Амалбекова мен Д.Н.Мусрепбаева арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты;
2021 жылғы 30 наурыздағы О.Нуржановтың зайыбы Т.М.Кожабековаға заң бойынша мұраға құқық туралы куәлігі;
2022 жылғы 23 тамыздағы Т.М.Кожабекова мен Ш.О.Тұрсынбай арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған;
жауапкерлер «Сарсен» ЖШС-нен, «Өгем Кереметіне саяхат» ЖШС-нен, Т.М.Кожабековадан, Ш.О.Тұрсынбайдан, А.Р.Отарбековадан, К.У.Амалбековадан, Д.Н.Мусрепбаевадан үлестік тәртіппен мемлекет пайдасына мемлекеттік баж сомасы әрқайсысынан 179 781 теңгеден өндірілген.
Жауапкер Д.Н.Мусрепбаева кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілерінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Анықталғаны, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында №5485 әскери бөлімі командирінің 1995 жылғы 28 шілдедегі №7-743 жазылған хатының негізінде, «№5485 әскери бөлімі полигонының құрылысы үшін жер телімін беру туралы» Сайрам ауданы әкімі аппаратының басшысы В.Ф.Ряписовтың 1995 жылғы 1 қыркүйектегі №734 қаулысымен мемлекеттік қажеттілік үшін тұрақты пайдалануға №5485 әскери бөліміне полигон құрылысы үшін бұрынғы «Ынтымақ» колхозының жерінен жалпы көлемі 50,0 га басқа жерлерді құрайтын жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынып берілген.
1999 жылғы 22 ақпандағы №188 Сайрам ауданының әкімінің №5485 әскери бөлімінен Әскери бөлімге жер пайдалану құқығын беру туралы шешімінің негізінде, әскери қалашық ғимараттары, үй құрылыстары мен оқу полигонындағы №5485 әсери бөлімінің жалпы көлемі 87,0 га жер телімін жерді пайдалану құқығы тоқтатылып және әмбебап құқықтық ауысу тәртібімен Әскери бөлімге көрсетілген жер учаскеге жерді ғимараттарды және үй құрылыстарын тұрақты пайдалануға берілген.
1999 жылғы 19 наурызда сатушы Әскери бөлім мен сатып алушы «Сарсен» ЖШС-і араларында нотариалды куәландырылған сатып алу-сату шарты жасалып, оған сәйкес сатушы жалпы алаңы 87,0 гектар, Фоголевка ауылы, «Ақтас-2» жер учаскесін 905 000 теңгеге бағалап сатып, сатып алушы мемлекеттік белгісі Х 858 DEM, 1996 жылғы, «ГАЗ 310290» және мемлекеттік
белгісі Х330 DOM, 1998 жылғы, «ГАЗ 3110» автокөліктерді нарықтың бағасы 905 000 теңгеге бағалап, аталған жер учаскесін сатып алған және оның 86,85 га жер учаскесіне кадастрлық №19-295-117-006 берілген.
Өз кезегінде, «Сарсен» ЖШС-і өзіне тиесілі тауарлық ауыл шаруашылық мақсатындағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Жаңаталап ауылдық округі, 117 квартал мекен жайында орналасқан жалпы көлемі 86,85 га жер учаскесін (кадастрлық №19-295-117-006) 2013 жылғы 18 қазандағы жер учаскесін нотариалды куәландырылған сатып алу-сату шарты негізінде «Өгем Кереметіне Саяхат» ЖШС-не сатқан.
2014 жылғы 8 қаңтардағы нотариалды куәландырылған жер учаскесін сыйға тарту шарты негізінде «Өгем Кереметіне Саяхат» ЖШС-і аталған кадастрлық №19-295-117-006 жер учаскесін О.Нуржановқа сыйға тартқан.
О.Нұржановтың атына тіркелген Шымкент қаласы, Абай ауданы, 158 квартал, №80 мекен жайында орналасқан кадастрлық №19-309-158-080 жер учаскесі (жоғарыда көрсетілген кадастрлық №19-295-117-006 жер учаскесі қосылған) екіге бөлінуіне байланысты оларға жаңадан кадастрлық нөмірлер берілген: кадастрлық №19-309-158-086 алаңы 56,85 га (бұдан әрі - 56,85 га) және кадастрлық №19-309-158-087 алаңы 30,0 га (бұдан әрі - 30,0 га) жер учаскелері, мақсаттары - тауарлы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін.
2015 жылғы 23 сәуірде сатушы О.Нуржановтың атынан сенімхат негізінде әрекет етуші Т.Х.Кемелов пен сатып алушы жауапкер А.Р.Отарбекова арасында нотариалды куәландырылған 30,0 га жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
2015 жылғы 15 қарашада сатушы жауапкер А.Р.Отарбекова (жұбайының келісімімен) және сатып алушы жауапкер К.А.Амалбекова (жұбайының келісімімен) арасында нотариалды куәландырылған 30,0 га жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
2020 жылғы 21 наурызда сатушы жауапкер К.А.Амалбекова (жұбайының келісімімен) және сатып алушы жауапкер Д.Н.Мусрепбаева (жұбайының келісімімен) арасында нотариалды куәландырылған 30,0 га жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
2020 жылғы 9 шілдеде қайтыс болған азамат О.Нуржановтың атындағы 56,85 га жер учаскесіне зайыбы Т.М.Кожабековаға 2021 жылғы 18 сәуірде нотариалды куәландырылған заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік берілген.
2022 жылғы 23 тамызда сатушы жауапкер Т.М.Кожабекова мен сатып алушы жауапкер Ш.О.Тұрсынбайдың арасында нотариалды куәландырылған 56,85 га жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру жөніндегі тұжырымын бастапқыда 1999 жылғы 19 наурызда Әскери бөлім мен «Сарсен» ЖШС-і араларында жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған кезде
қолданыста болған жер заңнамасының талаптары елеулі түрде бұзылғанымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен сот алқасы келіскен.
Алайда, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 147-бабына сәйкес орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді. Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-бабының 3-бөлігіне сай мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген заң нормаларымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етуге тиісті мемлекеттік органдар айқындалған.
Әскери бөлім тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі Әскери бөлім даулы шартты жасау барысында заңнама талаптарының бұзылуына жол берген. Өзінің жіберген заң бұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, сол бұзушылықтарды даулауға бағытталған талап қоюы құқықты теріс пайдалану деп бағаланады. Мұндай жағдайда талап қою құқығы заңда белгіленген құзыретті мемлекеттік бақылау органына тиесілі.
Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған. Сол себепті, сот актілерінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер Динара Нуржановна Мусрепбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.