ВС РК - Постановление от 21.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1521 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 21 қараша 6001-24-00-6ап/1521 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Молдахановтың,

жауапкер «Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) өкілі Б.К.Нурпеисовтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Амаль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мекеме), Басқармаға, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «KazTransBuilding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – «KazTransBuilding» ЖШС-гі) 2023 жылғы 31 қазандағы №191010000-4-6/7-253891 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасының талап қоюшыға жұмыс тәжірибесін 3 балл есептеу бөлігін, 2023 жылғы 16 қарашадағы №10673986 хаттаманың талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп тану, мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану, мемлекеттік сатып алудың нәтижесін қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына жауапкер Басқарманың кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Департаменттің 2023 жылғы 31 қазандағы №191010000-4-6/7-253891 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасының (бұдан әрі – Хабарлама) Серіктестікке соңғы бес жылда жұмыс тәжірибесін 3 (үш) балл есептеу бөлігі заңсыз деп танылған.

Ұйымдастырушы Мекеменің 2023 жылғы 16 қарашадағы №10673986 хаттамасының Серіктестікке қатысты бөлігі заңсыз деп танылған. Басқарма мен «KazTransBuilding» ЖШС-гі арасында жасалған 2023 жылғы 12 желтоқсандағы №2023/125 санды мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

Басқармаға Серіктестіктің соңғы бес жылда жұмыс тәжірибесін 5 (бес) баллға есептеп, техникалық қадағалау конкурсы бойынша мемлекеттік сатып алудың нәтижесін қайта қарау міндеттелген.

Басқарма кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мекеменің өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы Басқарма өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 449-бабына сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда конкурс ұйымдастырушысы Мекемемен (тапсырыс беруші Басқарма) №10517809-2 ашық конкурс тәсілімен №62441978-ОК1 санды лот бойынша «Алматы облысының облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге техникалық қадағалау» жұмысына мемлекеттік сатып алу өткізілген.

Конкурс қорытындысымен жеңімпаз болып Серіктестік танылған.

Департаментпен Серіктестікке соңғы бес жылға жұмыс тәжірибесі үшін 5 баллдың орына 3 балл есептеу қажеттігі жөнінде Хабарламасы ұйымдастырушыға жолданған. 2023 жылғы 16 қарашадағы №10673986 конкурсты қайта қарау хаттамасы негізінде талап қоюшыға қатысты 3 балл есептеліп, «KazTransBuilding» ЖШС-гі жеңімпаз болып табылған.

Осыған байланысты Басқарма мен «KazTransBuilding» ЖШС-гі арасында 2023 жылғы 12 желтоқсанда №2023/125 келісім-шарт жасалған.

Серіктесттік Хабарламамен және конкурс қорытындысын қайта қарау нәтижесімен келіспей сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізге алған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі – Қағидалар) 279, 280-тармақтарына сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушінің осы Қағидаларға 2- қосымшаға сәйкес тізбе бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесі бар әрбір жыл үшін бір пайыз (1%) мөлшерінде, бірақ бес пайыздан аспайтын шартты жеңілдік береді.

Көрсетілген қызметтер актілерінің және шот-фактуралардың электрондық көшірмелері сатып алынатын қызметтер нарығындағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар болып табылады.

Техникалық қадағалау қызметтерін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша объектіні пайдалануға қабылдау актісі жұмыс тәжірибесін растайтын құжат болып табылады.

Серіктестікпен ағымдағы жылдың алдындағы соңғы бес жыл ішінде конкурста сатып алынатындарға ұқсас (сол сияқты) орындалған жұмыстар тәжірибесінің болуы туралы мәліметтер 2018, 2019, 2020, 2021, 2022 жылдарға ұсынылған. Оның ішінде 2021 жылғы 31 желтоқсандағы тапсырыс беруші «Жамбыл облысының Сарысу аудандық әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен Уюм ауылындағы суқұбыры құрылысын пайдалануға қабылдау актісі және 2022 жылғы 27 желтоқсандағы тапсырыс беруші «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесімен Шымкент қаласы Ұлағат шағын ауданында кәріз жүйелері құрылысын пайдалануға қабылдау актісі тапсырылған.

Департаментпен Серіктестіктің 2021 және 2022 жылғы аталған объектілерді қабылдау актілері Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №234 бұйрығымен бекітіліген талаптарға сай келмейтіндіктен есептелуге жатпайды деген тұжырым жасалынған. Себебі «Объектіні пайдалануға қабылдау актісінің нысаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №234 бұйрығымен объектіні пайдалануға қабылдау актілерінің 11-тармақтан тұратын нысаны бекітілген.

Нысан бойынша 9 тармақта жергілікті қамту үлесі жобалау-сметалық құжаттамада________ % көзделеді және іс жүзінде _______% қолданылды (мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерде) және 10 тармақта ғимараттың энергия тиімділігі класы көрсетілуге тиіс болған. Бірақ бұл тармақтар толтырылмаған.

Жергілікті соттар көрсетілген нысандар су құбыры құрылысы және кәріз жүйесінің құрылысы болғандықтан энергия тиімділігі класын және қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінгендіктен бұл тармақтарды көрсетудің қажеттілігі жоқ болған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.

Тараптардың арасындағы дау Серіктестікке ағымдағы жылдың алдындағы соңғы бес жыл ішіндегі 2 (екі) нысан бойынша қызмет көрсету тәжірибесіне шартты жеңілдік беру мәселесінен туындаған. Ол нысандар:

  • 2021 жылғы 31 желтоқсандағы тапсырыс беруші «Жамбыл облысының Сарысу аудандық әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Уюм ауылындағы су құбыры құрылысына техникалық қадағалау қызметін көрсету (бұдан әрі - № 1 Нысан) және

  • 2022 жылғы 27 желтоқсандағы тапсырыс беруші «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласы Ұлағат шағын ауданында кәріз жүйелері құрылысына техникалық қадағалау қызметін көрсету (бұдан әрі - № 2 Нысан) бойынша.

Қағидалардың 244-тармағына сай конкурсқа қатысатын әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесінің болуы мәселесін қарау кезінде конкурстық комиссия осы конкурста сатып алынатын жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету нарығында ғана , оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрлері бойынша жұмыс тәжірибесін қарайды.

Сол сияқты Қағидалардың 279, 280-тармақтарына сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушінің осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер нарығындағы тәжірибесіне шартты жеңілдік береді. Жоғарыда көрсетілгендей қаралып отырған іс бойынша конкурстық құжаттамамен мемлекеттік сатып алудың нысанасы «Алматы облысының облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге техникалық қадағалау» болып белгіленіп, осы нысанға қызмет көрсетуге мемлекеттік сатып алу өткізілген.

Ал Серіктестік болса №1 Нысан бойынша суқұбыры құрылысына, ал №2 Нысан бойынша кәріз жүйелері құрысына техникалық қадағалау қызметін жүргізгені жайлы құжаттар ұсынған.

Яғни, Серіктестіктің аталған екі Нысан бойынша қызмет көрсетуі қаралып отырған іс бойынша конкурста сатып алынатын қызметтерді көрсету нарығына да , көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрлеріне де жатпайды. Сондықтан олар бойынша жұмыс тәжірибесіне шартты жеңілдік берілуі тиіс емес болатын.

Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылуы тиіс.

Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықтағанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгенін ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы «Амаль» ЖШС-нің жауапкерлер «Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-не, «Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-не, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-не, «KazTransBuilding» ЖШС-не 2023 жылғы 31 қазандағы №191010000-4-6/7253891 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасының талап қоюшыға жұмыс тәжірибесін 3 балл есептеу бөлігін, 2023 жылғы 16 қарашадағы №10673986 хаттамасының талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп тану, мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану, мемлекеттік сатып алудың нәтижесін қайта қарауды міндеттеу туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкер «Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.