ВС РК - Постановление от 19.06.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1137 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1137

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар И[...], И[...] Шымкент қаласының әкіміне Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №19 қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға К[...] өкілі Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Шымкент қаласының әкімінің 2021 жылғы 14 қатардағы №19 қаулысының К[...] 0,0410 га жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы бөлігі заңсыз деп танылған.

Осы соттың 2023 жылғы 21 ақпандағы жеке ұйғарымымен Шымкент қаласының әкімінің назарына «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жіберген кемшіліктері туралы келешекте қайталамас үшін шара қолдануға жолданған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сотының күші жойылып, талап қою кері қайтарылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен апелляциялық сот алқасы ұйғарымының күші жойылып, іс апелляциялық сатыға қайта қарауға жолданған.

Жаңа қарауда, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшылар істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішпен жүгінген.

Жауапкердің сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Шымкент қаласы, [...] іргелес 0,0410 га бос жер учаскесі көршілер талап қоюшы И[...] пен К[...] тұрғын үйлерінің ортасында орналасқан (бұдан әрі - даулы жер).

Талап қоюшылардың бұл жерді беру туралы өтінішіне Шымкент қаласының әкімдігі жер телімі стадион аумағында орналасқан деген себептермен бас тартқан.

Бірақ, Шымкент қаласының әкімдігінің 2018 жылғы 3 қаңтардағы №10 қаулысымен аталған даулы жер телімі мүдделі тұлға К[...] 2 жылға жалға берілген.

Кейін, 2021 жылғы 14 қаңтардағы №19 қаулысымен даулы жер телімі К[...] көгалдандыру мақсатында қайта ұзақ мерзімге 5 жылға жалға берілген. Бұл қаулымен келіспей, талап қоюшылар сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкер Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 47-1-бабының талаптарын бұзғанын, себебі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізбестен, стадион аумағы деп белгіленген жердің бір бөлігін әкімнің қаулысымен К[...] жалға берген.

Сонымен қатар, К[...] даулы жер учаскесін нысаналы мақсатында пайдаланбағаны, яғни көгалдандыру жұмыстарын жүргізбегені анықталған.

Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға К[...] өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.