Кассационный суд Республики Казахстан - Постановление от 30.07.2025 по делу 6003-25-00-4к/627 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 30 шілде 6003-25-00-4к/627 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Қабдрахманова, талап қоюшының өкілі Ә.Н. Құралдың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Гульжанат Шакеновна Турниязованың жауапкер Жылыой ауданы əкіміне 2024 жылғы 22 шілдедегі №32 хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сəуірдегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Г. Турниязова жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымымен Г. Турниязованың талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік – процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 138-бабының 2 бөлігінің 15)тармақшасына сəйкес қайтарылған. Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сəуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК-нің 115бабының бірінші бөлігіне сай істі мəні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот талап қоюшының өкілін тыңдап, шағым уəждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) жəне 2)-тармақшаларына сəйкес апелляциялық тəртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы жəне анықталмауы; бірінші сатыдағы сот анықтаған, іс үшін маңызы бар мəнжайлардың дəлелденбеуі негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюшы 2024 жылғы 8, 16 тамыздан бастап, заңмен белгіленген мерзімде тиісті талап қоюмен сотқа жүгіну үшін кедергі болған нақты мəн-жайларды ұсынбағанын, сондықтан оның талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту қажет деген қорындыларымен əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот келіспейді.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сəйкес дау айту туралы, мəжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нəтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тəртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою əкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Іс құжаттарына қарағанда, 2024 жылғы 4 сəуірде Атырау облысы Жылыой ауданы əкімінің №8 шешімімен Жылыой ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Атырау облысы Жылыой ауданы əкімінің №100 қаулысымен 2024 жылдың 15 сəуірінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау жəне өтеу бойынша аудандық комиссия (бұдан əрі – Комиссия) құрылған.

Талап қоюшы су тасқынына байланысты өзінің үйіне зиян келтірілгенін көрсетіп, комиссияға өтінішпен жүгінген.

«Жылыой ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға оның Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, 5 ауыл, №31 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйі су астында қалғаны туралы 2024 жылғы 16 сəуірдегі №978 анықтамасын берген.

Алайда Комиссия 2024 жылғы 22 шілдедегі №32 санды хаттамалық шешімімен талап қоюшының түрғын үйі суға кетпеген аймаққа жататынын ескеріп, өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

Талап қоюшы бұл хаттамалық шешімнің көшірмесін 2024 жылдың 25 желтоқсанында алғанын мəлімдеді, ал бұл шешімді сол күнге дейін талап қоюшыға табыстағанын растайтын дəлелдемені жауапкер ұсынбаған. Атап айтқанда талап қоюшының ұсынған «Казпошта» акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалының 2025 жылғы 27 ақпандағы жауабына сай, 2024 жылдың 22 шілдесі мен 7 тамызы аралығында жоғарыда аталған Г. Турниязованың мекенжайы бойынша аудан əкімдігі тарапынан тапсырысты хаттар болмаған.

Жауапкер Г.Ш.Турниязова атынан «Қабылдап алдым» деген жазуы жəне қолтаңбасы бар 2024 жылғы 24 шілдедегі № 06-03-01-02-1/1964 хатын сотқа ұсынған. Алайда бұл жазу мен қолтаңба Г.Ш.Турниязоваға тиесілі емес екені туралы уəждер тексерілмеген, ал талап қоюшының ұсынған 2025 жылғы 2 мамырдағы маманның қорытындысында жазулар басқа тұлғамен орындалғаны көрсетілген.

Сонымен бірге 2024 жылғы 2 тамыздағы хатында талап қоюшының аудан əкіміне комиссияның шешіміне қарсы екені, бағалау комиссиясын құрып үйді қайтадан тексеру туралы өтініші болғандықтан, Г.Ш.Турниязова хаттамалық шешіммен танысқаны жөнінде болжам жасалған. Істі қарау барысында соттар істің мəн-жайлары жөнінде болжамдарға жол бермеуі қажет. Сот отырысында талап қоюшының өкілі 2024 жылғы 2 тамыздағы арызды Г.Ш.Турниязова өзіне берілген нұсқаға қарап жазғанын, бағалау комиссиясы үйді қарап кетіп, ешқандай бағалау қорытындысын жасамағанын, осыған байланысты ол қайтадан тексеруді сұрағанын түсіндірді. Соттардың дəлелдеме ретінде көрсеткен 2024 жылғы 16 тамыздағы жауапкердің хатында талап қоюшыға тек қана аудан əкімінің жеке қабылдау жүргізу тəртібі туралы хабарланған.

Жоғарыда келтірілген мəнжайлар істі қарау барысында соттармен дəлелдемелерге дұрыс баға берілмегенін жəне ӘРПК-нің 16-бабына сəйкес жеткілікті белсенді рөл негізінде жүзеге асырылмағанын көрсетеді.

Сондықтан кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың ұйғарымдарының күші жойылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5)тармақшасын басшылыққа алып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымының, Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сəуірдегі ұйғарымының күші жойылсын.

Іс қарау үшін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотына жолдансын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Судьялар:

Р. Айнакулова

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.