ҚАУЛЫ
2026 жылғы 29 мамыр 6003-26-00-4к/569 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшы А.К.Жолашовтың, мүдделі тұлға Қ.М.Алимбетованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы Асылхан Куанышбаевич Жолашовтың Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушылары Сәбит Ысқақұлы Оспановқа, Турар Казбекович Тогизбаевке жауапкердін берешекті анықтау туралы қаулыларына дау келтіру жөніндегі талабы бойынша қозғалған әкімшілік ісімен,
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 тамыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысына түскен мүдделі тұлға Қарлығаш Максатовна Алимбетованың берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Сәбит Ысқақұлы Оспановтың 2025 жылғы 5 наурыздағы берешекті анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Сәбит Ысқақұлы Оспановтың 2025 жылғы 12 мамырдағы берешекті анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Сәбит Ысқақұлы Оспановтың 2025 жылғы 11 шілдедегі берешекті анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Сәбит Ысқақұлы Оспановтан мемлекет пайдасына мемлекеттік баж сомасы 5898 (бес мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңге өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға Қ.М. Алимбетова өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 126-бабының 3 тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Заңның 99-бабы 2-тармағына сәйкес алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 169-бабының 1-тармағы бойынша алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Заңның 94-бабында, ұстап қалу мөлшерi борышкердiң алуға тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептелетіні көзделген.
2025 жылғы 5 наурыздағы берешекті анықтау туралы қаулыда А.Жолашовтың 2020 жылғы берешегі шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларына 227 938 теңге деп есептелген. Берешек орташа айлықтық есептік көрсеткішпен анықталған. Алайда, 2020 жылдың желтоқсан айының берешегі есептелмеген.
Келесі кестеде 2020 жылғы берешек сомасы 54 570 теңге деп көрсетілген.
Яғни, 2020 жылдың берешегін анықтау жолы түсініксіз, өйткені бірінші кестеде 2020 жылғы берешегі 227 938 теңге деп көрсетілсе, екінше кестеде 54 570 теңге деп көрсетілген.
Сонымен қатар, 2021 жылғы берешек сомасы 1 994 819 теңге, 2022 жылғы 1 702 488 теңге, 2023 жылғы 1 938 497 теңге, 2024 жылғы 1 395 732 теңге, барлығы 7 314 044 теңге болса, төлеген сомасы 3 339 752 теңге деп анықталған.
Сөйтіп, 2020 жылдың берешегі дұрыс анықталмаған, себебі екі кестедегі мәліметтер арасында қарама-қайшылықтар бар.
Сотпен ЖСО С.Оспановқа борышкердің осы уақытқа дейін төлеген 3 339 752 теңгенің түбіртектерін ұсыну тапсырылған, алайда борышкермен төленген төлем түбіртектері өзінде толық сақталмағандығын ол сотқа хабарлаған.
ӘРПК-нің 129-бабына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі.
Ал, жауапкер тарапынан сотқа борышкердің осы уақытқа дейін төлеген қаржы мөлшері туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Борышкер тарапынан ұсынылған төлем түбіртектеріне сәйкес 2024 жылдың қыркүйек айында 1 045 000 теңге, мамыр айында 30 000 теңге, тамыз айында 90 000 теңге, шілде айында 30 000 теңге төлеген.
Өндіріп алушының мәліметіне сәйкес, борышкер 2021 жылы 474 752 теңге, 2022 жылы 600 000 теңге, 2023 жылы – 600 000 теңге төлеген. Яғни, төленген түбіртектер мен анықталған берешек сомалар арасында қарама - қайшылықтар бар, берешек мөлшерінің анықталу жолы түсініксіз.
Бұл орайда, ЖСО-ның тарапынан орын алған заңсыздық өз дәлелін толықтай тауып отыр. Сондықтан, төменгі сатыдағы соттар даулы қаулыны заңсыз деген тұжырымға дұрыс келген.
Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жаңа уәждер кассациялық сотқа ұсынылмады.
Мұндай жағдайда, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот.
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 тамыздағы шешімі, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер
жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Қ.М.Алимбетованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев Л. Кудекова
Судьялар
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.