6001-21-00-3гп/297
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 11 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Т.Таймерденовтың,
судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, Ш.Т.Даниярованың, талап қоюшы Ш[...],
жауапкердің өкілі К[...] қатысуларымен ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ш[...] жауапкер «А[...] атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына бұйрықты заңсыз, келісім шартты жарамсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «А[...] атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ш[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда «А[...] атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Университет /жұмыс беруші) 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығын заңсыз, 2020 жылғы 20 ақпандағы келісім шартын жарамсыз деп тануды, химиялық фармацевтика пәндер кафедрасының доценті лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2 026 920 теңге орташа жалақысы және 10 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген.
Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған:
Университеттің 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығымен 2020 жылғы 20 ақпандағы қосымша келісім шарты заңсыз деп танылған; - К.Ш[...] құрылымдық бөлімшесіне доцент лауазымына қайта орналастырылған;
Ш[...] пайдасына 2020 жылғы 27 ақпаннан 27 тамызға дейін бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2 071 515 теңге жалақысы, 50 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілген;
шешімнің Ш[...] жұмысқа қайта орналастыру және үш айдан аспайтын жалақыны өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған;
талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған;
жауапкерден мемлекет пайдасына 20 715 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Университет өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, Ш[...] талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Ал Ш[...] өз қарсылығында жергілікті соттардың сот актілерінің заңды әрі негізділігін көрсетіп, оларды күшінде қалдыруды сұраған. Университет өкілдерінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшының қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылғы 5 қыркүйектегі № 2458 еңбек шарты негізінде К.Ш[...] доцент лауазымына жұмысқа қабылданған.
2018 жылғы 1 қыркүйекте жасалған қосымша келісім шартқа сәйкес аталған еңбек шартының 1-тармағы өзгертіліп, ол Университеттің химиялық фармацевтика пәндер кафедрасының доцент лауазымында бір жүктемеде жұмыс атқаруға келіскен.
Жұмыс берушінің 2019 жылғы 26 тамыздағы № 285 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде үш сағат белгісіз себептермен жұмыс орнында болмағаны үшін Ш[...] жасалған еңбек шарты бұзылған.
Заңды күшіне енген Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 20 ақпандағы шешімімен Университеттің еңбек шартын бұзу туралы 2019 жылғы 26 тамыздағы № 285 бұйрығы заңсыз деп танылып, Ш[...] доцент лауазымына қайта орналастырылып, оның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 423 744 теңге жалақысы өндірілген.
Аталған шешімнің және атқару парағының негізінде Университетпен Ш[...] химия кафедрасының доценті лауазымына қайта орналастыру туралы № 338 бұйрық шығарылған.
2020 жылғы 04 мамырдағы № 321-VІ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен күші жойылған Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сай еңбек шартында жұмыскермен келісім бойынша жұмыс берушінің осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай, өтемақы төлемін алумен еңбек шартын бұзу құқығы көзделуі мүмкін, оның мөлшері еңбек шартында айқындалады.
2020 жылғы 20 ақпанда еңбек шартына жасалған қосымша келісім шарттың 3-тармағына сәйкес тараптар сол кезде қолданыста болған Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сай жұмыс беруші Ш[...] бір лауазымдық ақы мөлшерінде өтемақы төлеп, еңбек шартын бұзуға құқылы екені көзделген.
Университеттің 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығына сәйкес Ш[...] еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасы және 50-бабының 3-тармағы негізінде осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптары сақталмай, өтемақы төлеумен тоқтатылған.
Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 18, 19-тармақтарына сілтеме жасалған. Ш[...] 2019 жылғы 13-19 тамыз аралығында жұмыс орнында болғанын, онымен Еңбек кодексінің 46-бабының 1, 2-тармақтарына сай еңбек жағдайлары өзгертілмегенін көрсеткен. Осыған байланысты еңбек қатынастарын тоқтату туралы даулы бұйрықтың күшін жойып, ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылып, алты айдан аспайтын уақыты үшін жалақысы және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабы негізінде моральдық зиян өтемі үшін 50 000 теңге өндірілген.
Алматы қалалық соты 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында бірінші сатыдағы сот іс бойынша анықталған мән-жайларға, дәлелдемелерге, іс құжаттарына дұрыс баға бергенін, қабылданған шешім істің мән-жайларына сәйкес келетінін көрсеткен.
АПК-нің 225-бабына сәйкес шешiм шығарған кезде сот дәлелдемелерді бағалайды, iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық
қатынастарының қандай екенiн, осы iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынынжатпайтынын айқындайды. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
Іс бойынша Ш[...] еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сай тоқтатылған, алайда жергілікті соттар оның 2019 жылғы 13-19 тамыз аралығында жұмыс орнында болғанын көрсетіп, сол себептен жұмыс берушінің бір жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан да астам уақыт жұмыста болмаған деген негізбен еңбек шартын бұзуы заңға қайшы деп қорытындылаған.
Ал істің негізгі талап қою нысаны бойынша Ш[...] еңбек қатынастарын Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сай тоқтатудың заңдылығы соттың қарау нысаны болмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Сот шешiмi туралы» нормативтік қаулысына сәйкес шешімнің уәждеу бөлігі сот шешімді қабылдау кезінде негізге алған құқық нормаларын келтіруден басталады. Сот олардың мазмұндарын негізге ала отырып, іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын анықтайды. Ұсынылған дәлелдемелердің бағалануы сотқа iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғаны және қандай мән-жайлардың анықталмағаны жөнінде түйіндеуге мүмкіндік береді. Алайда, бірінші сатыдағы сотпен қабылданған шешіміің уәждеу бөлігінде қандай негіздермен қабылданғаны көрсетілмеген және түйінделмеген, құқықтық баға берілмеген, талап қою шеңбері бойынша іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымы дұрыс анықталмаған.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшы Ш[...] 2020 жылғы 27 ақпандағы «Еңбек келісім шартын бұзу туралы» № 349 бұйрықты заңсыз деп тану, Университеттің химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасына доцент лауазымына қайта алдыру туралы, және де амалсыз бос жүрген уақытындағы орташа жалақыны өндіру туралы № 2, № 5, № 6 талаптары қанағаттандыруға жатады деген қорытындыға келген.
Сот алқасы жергілікті соттармен қабылданған сот актілерінде бұрын қаралған азаматтық іс бойынша шығарылған Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 20 ақпандағы шешімімен анықталған мән-жайлар көрсетіліп, ал аталған іс бойынша, яғни талап қоюшының сотқа талап қоюға себеп болған уәжіне соттармен тиісті құқықтық баға берілмеген, зерттелмеген деп санайды.
Алқа сот шешімінде жіберілген кемшіліктерді көрсетілген сот актісінен толықтай көшіріп алудың салдары деп есептейді.
Сонымен қатар, жергілікті соттармен дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар жайттар анықталмаған, дау нысаны мен қабылданған сот актілері бір-біріне қарама – қайшы.
Бірінші сатыдағы сот шешімінің уәждеу бөлігінде Ш[...] пайдасына өкілдің көмегі үшін 50 000 теңге өндірілуге жататындығы көрсетілген, алайда, бұл сома шешімнің қарар бөлігінде көрсетілмеген.
Бұдан басқа, бірінші сатыдағы сот шешімнің уәждеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 541-бабына сілтеме жасай отырып, «талапкерлер мемлекеттік баж салығынан босатылған»-делінген, алайда аталған бап салық декларациясын тапсыру мерзімін айқындау бабы болып табылады.
Алқа, жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс дәлелденбеген, талап қою шеңбері анықталмаған, тараптардың келтірген уәжеріне дұрыс баға берілмеген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмаған деп есептейді.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды.
Қорыта айтқанда, азаматтық дауды қарау және шешу барысында жіберілген материалдық және процестік заңнамалардың талаптарының сақталмауы өрескел заң бұзушылық деп танылады және дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады.
Сондықтан кассациялық сот алқасы бұл актілердің күшін жойып, азаматтық істі өтініште келтірілген арызданушының уәждері мен істің мән-жайын толық, объективті зерттеу, сот талқылауынының кемшіліктерін жою және маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтап айқындау үшін апелляциялық сот сатысына жаңадан қарауға жолдауды дұрыс деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі шешімінің, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы Ш[...] жауапкер «А[...] атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қатысты талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс жаңадан қарау үшін Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жолдансын. «А[...] атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
М.Т.Таймерденов М.Ж.Бектұрғанов
Ш.Т.Даниярова
Көшірмесі дұрыс Судья
М.Ж.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.