Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4030 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 22 қаңтар №6003-25-00-2к/4030 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілдері Б.М.Бисембаевтың және Г.Ч.Тажибаеваның, жауапкер өкілі Э.А.Дюсембаевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Маңғыстау облысының білім басқармасының «Мұнайлы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Zhulduz Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) шартты жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Cеріктестіктің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 21 ақпандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мекеме аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік тарапынан санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін ғимарат сатылғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, тараптар арасында 2023 жылғы 29 қыркүйекте жасалған №95 мемлекеттік сатып алу туралы шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп танылған, тараптар бастапқы қалпына келтіріліп, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 162 399 998,88 теңге мемлекет қаржысы және 4 871 999 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 158-бабының 1-тармағын, 157-1-бабының 3-тармағын, 272, 273баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 19-бабының 1-тармағына сәйкес эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялықэпидемиологиялық қорытынды денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру құжаты болып табылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-220/2020 «Халықтың санитариялықэпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығының 3-тармағының 14-тармақшасына сәйкес тәрбиелеу мен білім берудің арнайы, түзету кабинеттері (орталықтары), балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталықтары эпидемиялық мәні жоғары обьектілер тізіміне жатады.

Анықталғаны, Мекеме өзінің жарғысына сай туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды түзету қызметіне байланысты оларды оқытуға арналған мектеп ғимаратын сатып алу мақсатында мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жариялап, 2023 жылғы 14 тамыздағы қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес Серіктестік жеңімпаз болып табылған.

Осыған орай, Даулы шарт жасалып, Мекеме 162 399 998,88 теңге құрайтын Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы, 3 өндірістік аймақ, 44/1 құрылысты (бұдан әрі - Ғимарат) сатып алған, тиісінше Серіктестікке қаржысы төленген, 2023 жылғы 6 желтоқсанда тараптар арасында Ғимаратты беру-алу актісі жасалған. Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаментімен тексеру жүргізіліп, аудит нәтижесімен жасалған 2024 жылғы 21 қазандағы №9 аудиторық есепте Ғимарат Даулы шарттың техникалық ерекшелігінде көзделген талаптарға сәйкес еместігі, оның ішінде санитариялықэпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні көрсетілген.

Мекеме бұл кемшілікті жою мақсатында санитариялықэпидемиологиялық қорытындыны алу үшін «Мұнайлы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Басқарма) 3 рет арызданған, алайда, Басқарма қорытындыны беруден бас тартқан.

Мекеме Басқарманың бұл әрекетімен келіспей, Басқарманың жауабын заңсыз деп тану және қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік талап қою берген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 6 желтоқсан 2024 жылғы шешіммен аталған талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы істі қарау барысында Ғимараттан 188 метр қашықтықта заңды тұлғаның өндірістік базасы орналасқаны, ал өндіріс объектілеріне қойылатын санитариялық қорғаныш аймағы 1 000 метрды құрайтыны, сондықтан білім беру ұйымдары өндірістік базадан 1 000 метр қашықтықта орналасуы тиіс екені анықталған, тиісінше АПК-тің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес бұл факті қайта дәлелденуге жатпайды.

Бұл мән-жай «Қызылтөбе ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі хатымен де бекітілген. Сол себепті Мекеме қазіргі күні Ғимаратты мақсатына сай пайдалана алмай отырғанын және ол санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетіп, талап қоюында Даулы шартты бұзуды сұраған.

Істің мұндай тұрғысында, яғни білім беру ұйымы үшін міндетті болып табылатын құзырлы органның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмауына байланысты қазіргі таңда Ғимаратты мақсатына сай пайдалану мүмкін емес екенін және алдағы уақытта да санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейтінін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес сот АК-нің 157-1-бабының 2, 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда мәмілелердің жарамсыздығының салдарларын өз бастамасы бойынша қолдануға құқылы. Осыған орай, соттар АК-нің 157-1-бабының 3-тармағымен көзделген мәмілелердің жарамсыздығының салдарларын өз бастамасы бойынша қолданып, Серіктестіктен жарамсыз деп танылған Шарт бойынша төленген қаржыны мемлекет пайдасына өндірілуі заңға қайшы келмейді.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 21 ақпандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Zhulduz Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.