№6003-25-00-2к/472
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, А.К.Айкенова, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы Т.С.Омаровтың және оның өкілі Д.Ізбасарұлының, жауапкер өкілі Д.Ж.Дауылбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Турар Сабитович Омаровтың жауапкер «Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Т.Омаров сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкердің 2024 жылғы 7 қарашадағы №513-жқ және 2025 жылғы 26 ақпандағы №89-жқ тәртіптік жаза қолдану және оған өзгертулер мен толықтырулар еңгізу туралы бұйрықтар заңсыз деп танылып, олардың күші жойылып, талап қоюшы бұрыңғы қызметіне қайта орналастырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына 2 641 578 теңге жалақы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, сол бөліктерде талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы шағымында апелляциялық сатыдағы сот қаулысы әділетті еместігін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін және прокурордың алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,
заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылғы 27 қыркүйекте, шамамен сағат 10:20-да, Т.Омаров өзінің басқаруындағы мемлекеттік белгісі белгісіз «Mersedes-Benz» маркалы автокөлігімен Б.Досмамбетовтың басқаруындағы мемлекеттік белгісі №848 AEV 11 «Mazda 3» маркалы автокөлігіне соғып, жол көлік оқиғасын жасап, оқиға болған жерден кетiп қалғаны үшін Б.Досмамбетовтың арызы негізінде Т.С.Омаровқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалған.
2024 жылғы 27 қыркүйекте сағат 12:05-те және 28 қыркүйек сағат 10:00де Арал аудандық полиция бөлімінің (бұдан әрі - Арал АПБ) бастығы міндетін атқарушы Ж.Куйлишевтің №№241,242 бұйрықтарымен жеке құрамды «Дабыл» жиыны бойынша жинаған, алайда аталған жиындарға талап қоюшы келмей, ол жөнінде қызметкерлермен тиісті актілер жасалған.
Талап қоюшы оқиға болған күні, яғни 2024 жылғы 27 қыркүйекте себепсіз жұмысқа шықпай, жедел-жәрдем шақырып, тек дабыл парағын аштырған. Талап қоюшы 2024 жылдың қыркүйек айының 27-29 күндері себепсіз жұмысқа шықпаған. 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында талап қоюшының Арал аудандық ауруханасында ем алғаны анықталған.
Аталған мән-жай бойынша Қызылорда облысының полиция Департаменті (бұдан әрі - Департамент) бастығының 2024 жылғы 7 қарашадағы №513 ж/қ бұйрығымен (бұдан әрі - даулы бұйрық) Т.Омаров Департаменттің Арал АПБ-нің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметінен «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығының талаптары, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 52-бабының 1- бөлігінің 8) тармақшасы, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі» туралы Заңының (бұдан әрі-Заң) 80-бабының 1)-тармағының 12) тармақшасы негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған. Жол көлік-оқиғасы бойынша Арал аудандық сотының 2024 жылғы 3,4 желтоқсандағы қаулылары және Арал АПБ-нің 2025 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен Т.Омаровқа қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 2- бөлігімен, 611-бабының 2-бөлігімен және 590-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер оның әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.
Сот қаулылары мен полиция бөлімінің қаулысы заңды күшіне енген.
2025 жылғы 26 ақпандағы №89 ж/қ Департаменттің бұйрығымен аталған даулы бұйрыққа толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, бұйрықтың 1-бөлігіне Заңның 80-бабының 1)-тармағының 13) және 19) тармақшаларымен толықтырылған.
Т.Омаров, қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
Талап қоюшы Т.Омаровтың жол көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан кетіп қалғаны жөніндегі мән-жайлар заңды күшіне енген сот актісімен теріске шығарылғандықтан, соттар АПК-нің 76-бабының 5-бөлігінің талабын басшылыққа алып, талап қоюшының әкімшілік құқық бұзушылық жасаған әрекетіне дұрыс баға берген.
Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, сот шешімін өзгертіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Талап қоюшы Т.С.Омаровтың жол-көлік оқиғасын жасағаны туралы фактілер мен хабарлама түсуіне байланысты, Арал АПБ бастығы міндетін атқарушы Ж.Куйлишевтің 2024 жылғы 27 және 28 қыркүйектегі бұйрықтарымен жеке құрам «Дабыл» жиыны бойынша жиналған. Аталған екі «Дабыл» белгісі нақ талап қоюшының жол-көлік оқиғасын жасағаны және оның оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы дерегі орын алғандықтан, қызметкерлерді түгендеп-тексеру мақсатында жасалған.
Алайда талап қоюшы қатардағы жұмыста жүрген полиция қызметкерлері үшін келуге міндетті арнайы «Дабыл» жинындарына мүлдем келмеген. Талап қоюшының аталған күндері жұмысқа келмегені №№120,121 актілермен бекітілген және қызметтік-тергеп тексеру құжаттарымен, полиция қызметкерлерінің баянатымен толық дәлелденген.
Талап қоюшы себепсіз жұмысқа шықпаған күндері жедел-жәрдем шақырып, тек дабыл парағын аштырған, ал еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын құжат ретінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтама болып табылады.
Осыған сәйкес талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күшін жоюға заңдық негіздер жоқ-деп кассациялық сот санайды.
Апелляциялық сатыдағы сотпен қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актісінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Н.Ормаханов
А.Рамазанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.