Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5156 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5156

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкер Т[...] өкілі Ю[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Т[...], Ж[...], Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Мекеме) сатып алу-сату келісім шартын және жалға алу үлгілік шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Т[...] өкілі Ю[...] Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Мекеме мен Т[...] арасында жасалған 2017 жылғы 7 тамыздағы №003/830 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты, 2022 жылғы 28 шілдедегі №003/1172 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты, 2022 жылғы 28 шілдедегі №003/1171 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жарамсыз деп танылған. Департаменттің 2017 жылғы 7 тамыздағы №003/831 жер учаскесін жалға алу келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі Ю[...] кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Т[...] өкілі Ю[...], шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Т[...], шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор

К[...] қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру, осы тармақтың 1)-21) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда саудасаттықтарда (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Жер Кодексінің 48-бабының 1-тармағы 5) тармақшасында жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін сауда-саттықтан тыс берілетіндігі көрсетілген.

Жер кодексінің 65-бабының 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.

Қазақстан Республикасы «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64бабында мемлекеттік органдардың құқық актісі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс делінген.

Іс құжаттарында қарағанда, Шымкент қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 3 тамыздағы №710 қаулысының 44-тармағына сай, жауапкер Т[...] Шымкент қаласы, 16 шағын ауданы, Мамбетов көшесі нөмірсіз мекенжайдан кадастрлық №[...] алаңы 0,1000 га құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету нысандары құрылысын жобалап салу үшін берілген жеке меншік жер учаскесін кеңейту мақсатында алаңы 0,0227 га бөлінетін жер учаскесіне құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін жеке меншік құқығы, алаңы 0,0667 га бөлінетін жер учаскесіне құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз абаттандыру және көгалдандыру үшін 5 жылға уақытша өтеулі ұзақ

мерзімді жер пайдалану құқығы, алаңы 0,0345 га бөлінетін жер учаскесіне құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ұйымдастыру үшін 5 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы берілген.

Аталған қаулы негізінде, алаңы 0,0227 га жер учаскесіне Мекемемен 2017 жылғы 7 тамызда №003/830 жер учаскесін сатып алу – сату келісім шарты жасалып, кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Жалпы алаңы 0,1012 га жер учаскесі 5 жылға табысталған Мекемемен 2017 жылғы 7 тамызда №003/831 жалға алу шарты жасалып, 667 шаршы метр жер учаскесіне кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі және 345 шаршы метр жер учаскесіне кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2021 жылғы 11 наурыздағы №00087/21-20МСБ/ДЗ/201/3 кепіл шарты негізінде алаңы 0,0227 га, кадастрлық №[...] жер учаскесі «Нұрбанк» акционерлiк қоғамына (бұдан әрі-АК) кепілге қойылған.

2021 жылғы 9 қарашадағы №00087/21-20МСБ/ДЗ/201/12 кепіл шарты негізінде алаңы 0,0345 га, кадастрлық №[...] жер учаскесі, ал №00087/21-20МСБ/ДЗ/201/13 кепіл шарты негізінде алаңы 0,0667 га, кадастрлық №[...] жер учаскесі «Нұрбанк» АҚ-на кепілге қойылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 21 шілдедегі №1370 қаулысымен жоғарыда көрсетілген жер учаскелері құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз абаттандыру және көгалдандыру үшін, құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ұйымдастыру үшін 7 жылғы қала игеру мерзіміне дейін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен табысталған.

Аталған қаулының негізінде алаңы 345 шаршы метр жер учаскесіне Мекеме мен 2022 жылғы 28 шілдеде №003/1172 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жасалып, кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі №[...] сәйкестендіру актісіне алмастырылған. Алаңы 667 шаршы метр жер учаскесіне Мекеме мен 2022 жылғы 28 шілдеде №003/1171 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жасалып, кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі №[...] сәйкестендіру актісіне алмастырылған. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде, Шымкент қаласының әкімдігімен жауапкер Т[...] қосымша жер учаскелерін олардың нысаналы мақсаты Жер кодексінің 48-бабында тізбеленген 21 ерекше жағдайлардың қатарына кірмейтіндігі, тиісінше, жер учаскелері сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы берілуге жататындығы, сонымен қатар, көгалдандыру және абаттандыру үшін жер учаскелерін табыстау көзделмегендігі де ескермеген деген қорытындыға келген.

Сонымен бірге, жауапкер Департаменттің уәждерін жоққа шығаратын нақты, дәйекті және тиісті дәлелдемелерді табыс етпеген, қосымша табысталған жер учаскелері қолданыстағы заңнама талаптарына сай табысталғаны жөнінде дәлелдейтін айғақтар сотқа ұсынбаған.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Мәмілелер жарамсыз деп танылуына байланысты, даулы жер АК-нің 157-1-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет меншігіне заңды қайтарылған.

Жауапкердің Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 21 шілдедегі №1370 қаулы берілген кезде жауапкердің жеке меншігіндегі жер учаскесінде өз еркімен салынған объектіні пайдалануға қабылдау жөніндегі 2022 жылғы 12 қаңтардағы №5 актісі болған деген уәжін жергілікті соттар дұрыс негізсіз деп тапқан. Өйткені Шымкент қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 3 тамыздағы №710 қаулысы қабылданған кезде жауапкердің жер учаскесінде құрылыстар болмаған.

Жауапкердің шағымдағы уәждері апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Т[...] өкілі Ю[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.