Қ А У Л Ы
2025 жылғы 4 қыркүйек №6003-25-00-2к/1163 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілі Р.К.Тайшибаевтың, жауапкер өкілі А.Оразбаевтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «Бейнеугаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) құрылыс нысанасын қалпына келтіру және құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, пайдалануға қабылдауға тапсыруды міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемесін тиісінше орындамағанымен негіздеген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Бөлімнің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған, Серіктестікке құрылыс нысанасын қалпына келтіру және құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, пайдалануға қабылдауға тапсыру міндеттеліп, мемлекет пайдасына 3 692 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Серіктестік кассациялық шағымында шарт бойынша міндеттелген жұмыстарды аяқтап, Бөлімге құрылыс нысанын қабылдау қажеттілігі жөнінде бірнеше рет хат жолдағанын, алайда Бөлім объектіні қабылдамағанын, соның салдарынан объекті екі рет тоналып, жарамсыз күйге келгенін, бірінші рет тоналғаннан кейін өзі оны қалпына келтіргенін, өз есебінен қарауыл ұстағанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот осындай бұзушылықтарға жол берген.
Анықталғаны, 2014 жылғы 10 шілдеде тараптар арасында 440 446 395 теңгеге «Бейнеу селосындағы автоматты газ үйлестіру стансасы құрылысы» нысанын (бұдан әрі - құрылыс нысаны) салуға мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, оған бірнеше рет қаржыландыру мәселесі бойынша қосымша шарттар жасалған.
Сонымен қатар, тараптармен 2014 жылғы 5 қыркүйекте -97 821 646 теңгеге, 2024 жылғы 20 қазанда - 23 664 648 теңгеге, 2014 жылғы 15 қарашада - 245 000 000 теңгеге, 2014 жылғы 18 желтоқсанда - 73 960 101 теңгеге, барлығы 440 446 395 теңгеге орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойылып, Бөліммен толығымен төлемдер жасалған.
Яғни, Серіктестік тарапынан Шарт бойынша барлық жұмыстар орындалуына байланысты Бөліммен Шартта айқындалған қаржы толығымен төленген (Шарттың 5.8.-тармағы).
Шарттың 5.1.-тармағына сәйкес Шартта көрсетілген барлық жұмыстар аяқталған соң мердігер тапсырыс берушіге жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлама жолдайды. Тапсырыс беруші 7 күннен кешіктірмей Шартқа сәйкес жұмыстың аяқталғанын бағалау комиссиясын тағайындайды (жұмыс комиссиясы).
Бөлімнің жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлама алғаннан кейін дереу қабылдау міндеттілігі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 630-бабының 1-тармағында және 663-бабының 1-тармағында да көзделген.
Серіктестік тарапынан жұмыстардың аяқталғаны және құрылыс нысанын қабылдап алу қажеттілігі туралы хабарламаны Бөлімге бірінші рет 2015 жылғы 13 қаңтарда жолдаса, одан кейін 2015 жылғы 11 наурызда, 2016 жылғы 9 ақпанда, 2017 жылғы 16 қаңтарда жіберілген.
Алайда, Бөліммен құрылыс нысанын қабылдап алуға байланысты ешқандай әрекеттер жүзеге асырылмаған, тиісінше АК-нің 663-бабының 6- тармағында және Шарттың 5.4.-тармағында көзделгендей кемшіліктер тізімі жасалмаған.
Серіктестіктің 2018 жылғы 12 қарашада Бөлімге жолдаған хатында құрылыс нысанында меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар болып, мүлікке залал келтірілгендігін хабарланып, оған қоса 2018 жылғы 10 қарашада жасалған құрылыс нысандарын тексеру және анықталған
кемшіліктер туралы актілер жолданған. Аталған құрылыс нысанын тексеру туралы актілерде құрылыс жабдықтары ұрланғандығы көрсетілген.
Одан кейін, 2019 жылғы 18 қарашада Серіктестік тарапынан Бөлімге қайтадан жұмыстардың аяқталғаны (оның ішінде аталған қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залал мердігер есебінен қалпына келтірілгені) және құрылыс нысанын қабылдап алу қажеттілігі туралы хабарлама жолданған.
Алайда, Бөлім тарапынан тағы да құрылыс нысанын қабылдап алуға байланысты нақты әрекеттер жүргізілмеген.
Соның салдарынан 2020 жылдың қыркүйек айында құрылыс нысанын
тағы да белгісіз тұлғалар бүлдіріп, құрылғыларды тонап кеткен.
Аталған екі факті полиция органдарында тіркелген, бірақ кінәлі тұлғалар анықталмаған.
Бөлімнің талабын қанағаттандыру жөніндегі шешімін апелляциялық сатыдағы сот орындалған жұмыстар туралы актілер Серіктестікпен Шарт толық және тиісінше орындалғанын бекітпейді, соңғы Шарт бойынша аяқталған нысанды қабылдап алуды тапсырыс берушіге міндеттеу туралы талабымен сотқа жүгінбеген, мердігердің тапсырыс берушіге 2 жыл пайдалану мерзіміне кепілдік беретіндігі көзделуіне байланысты талап қою мерзімін қолдануға жатпайды деп негізсіз тұжырымдаған.
Себебі, тараптар арасында АК-нің 663-бабының 4-тармағының негізінде жасалған орындалған жұмыстар туралы актілер жарамсыз деп танылмаған, Бөліммен Шарт сомасы толығымен төленген және қандай да бір сын ескертпелер болмаған.
АК-нің 8-бабының 1-тармағына сай Шарт бойынша аяқталған нысанды қабылдап алуды міндеттеу талабымен сотқа жүгіну Серіктестіктің міндеті емес, құқығы болып табылады. Керісінше, аяқталған нысанды қабылдап алу Бөлімнің міндеті.
Құрылыс нысаны тиісті актімен қабылданбауына байланысты тараптар үшін Шартта көзделген кепілдік мерзімі басталмайды, тиісінше бұл мерзім сотқа талап қою мерзімін қолдану кезінде негізге алынуға жатпайды.
Бірінші сатыдағы сот АК-нің 178-бабының 1-тармағымен көзделген талап қою мерзімін дұрыс қолданған, себебі Бөлімге Шарт бойыша жұмыстардың аяқталғаны туралы 2015 жылы белгілі болған, талап қою мерзімін қалпына келтіру жөнінде өтінішхат берілмеген.
Бөлім талабын құрылыс-монтаж жұмыстары 2015 жылы аяқталғанымен, салынған құрылыс нысаны Окарем-Бейнеу магистральды газ құбырына қосылмауына байланысты пайдалану мүмкіндігі болған жоқ деп уәждеген.
Дегенмен, Шарттың 2.1. және 2.2.-тармақтарында және жобалаусметалық құжаттарында тек стансаның құрылыс жұмыстарын жүргізу ғана көзделген (строительство автоматизированной газораспределительной станции в поселке Бейнеу), ал салынған нысанды магистралды газ жүйесіне қосу қарастырылмаған, ол мердігердің міндетіне жатпайды.
«Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17бабының 1-тармағында құбырды, жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырға жалғау магистральдық құбырдың меншік иесі мен жалғанатын құбырдың меншік иесі арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Осы тектес нормалар «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 5-тармағында да көзделген.
Яғни, салынған құрылыс нысанын Окарем-Бейнеу магистральды газ құбырына қосу жұмыстары Шартта көзделмеген, тиісінше бұл жұмыстар меншік иесі ретінде Бөліммен жүргізілуі қажет, Серіктестік АК-нің 272бабының негізінде мiндеттемесін Шарт талаптарына сәйкес орындаған.
Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысының күші жойылып, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Бейнеугаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.