ВС РК - Постановление от 15.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3149 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 мамыр 6001-24-00-6ап/3149 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілі А.Н. Сапарбектің,

жауапкер өкілі Е.Ж. Жұматайдың,

мүдделі тұлға Т.Т.Андабайдың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) бұзушылықты жою туралы Нұсқаманың 6-бөлігінің 3-тармағын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылдың 5 наурыздағы №30 бұзушылықты жою туралы Нұсқамасының 6-бөлігінің 3 тармағындағы Басқарма тарапынан жіберілген бұзушылық ретінде көрсетілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағидаларының» 35, 37тармақтарының талаптары сақталмағаны көрсетілген бөлігі және Т. Андабай туралы 2024 жылғы 13 ақпандағы №К-49 бұйрығының күшін жою туралы нұсқауы заңсыз деп танылып күші жойылған. Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Шешімнің талапты қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Басқарма кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) Басқарма өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, Департамент пен мүдделі тұлға Т. Андабайдың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сатыдағы соты тарапынан мұндай кемшіліктер жіберілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Т. Андабай Басқарманың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Басқарма 2024 жылғы 13 ақпандағы №к-49 бұйрықпен Т. Андабайды 2024 жылғы 5 қаңтарда бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны үшін атқарып жүрген лауазымынан босатқан.

Т. Андабайдың арызы негізінде Департамент Басқармаға қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындаған.

Тексеру нәтижесімен Акті жасалып, Департамент Т. Андабайға тәртіптік жаза қолдану барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының» (бұдан әрі – Қағидалар) талаптарын бұзғандығын көрсеткен. Осы және заң нормаларын басқа бұзушылықтары жайлы Басқармаға Нұсқама жолдаған.

Басқарма Нұсқаманың 6-бөлігінің 3 (үшінші) тармағымен келіспей, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген, оны Т. Андабай үш сағаттан аса дәлелді себепсіз жұмыста болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің нормаларына сай жұмыстан заңды босатқандығымен негіздеген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талабын қанағаттандырғанда, Басқарма Т. Андабайды тәртіптік жазаға тарту барысында Еңбек кодексінің нормаларын дұрыс басшылыққа алып, негізді шешім қабылдағанын. Т.Андабай мемлекеттік әкімшілік қызметшi ретінде тәртіптік терiс қылық жасағандықтан, оған тәртіптік жаза дұрыс және негізді қолданғандығымен негiздеген.

Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қағидалардың 35 және 37 тармақтарына сай егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактісімен келiспесе, онда осы Қағидаларда айқындалған тәртiпке сәйкес қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлуге тиiс. Жасағаны үшін лауазымын төмендету, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту және атқаратын лауазымынан босату түрiнде тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін тәртіптік теріс қылықтар бойынша қызметтiк тергептексеру жүргізу және Комиссияның ұсынымдарының болуы міндетті.

Т. Андабайға лауазымынан босату түрiнде тәртіптік жаза қолданудан бұрын қызметтiк тергеп-тексеру жүргізілмеген, тиісінше Комиссияның ұсынымы да болмаған.

Бұл мән-жайды талап қоюшы теріске шығарған жоқ.

« Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтаудағы және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтаудағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы » Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 4 мамырдағы №101 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 4 мамырдағы №58 бірлескен бұйрығының қосымшасының 27-тармақшасына сәкес әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жазаға тартуда тәртіптік жаза қолдану тәртібін сақтауды қамтамасыз етпеу өрескел бұзушылық болып табылады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.