Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5484 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 наурыз №6003-25-00-2к/5484 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі С.М.Алымның және жауапкер өкілі С.Б.Утешевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қоғам) жауапкерлер «Актау-Азимут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - Cеріктестік) және Утешов Данияр Сандыбаевичтен кепілге салынған мүліктен ақы өндіру, айыппұл өндіру, кепіл ретінде мүлікті өткізуді міндеттеу туралы электрондық азаматтық істі Қоғамның Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 23 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Қоғам сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлер міндеттемелерін орындамай жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып:

  • Серіктестіктен және жауапкер Д.С.Утешовтен ортақтасқан тәртіпте Қоғамның пайдасына 2021 жылғы 8 қазандағы №128-МНГ-АБ кредит желісін ашу туралы негіздемелік келісім бойынша 799 940 теңге айыппұл;

  • Серіктестіктің және жауапкер Д.С.Утешовтің Қоғам алдындағы 142 985 412 теңге берешегін өтеу мақсатында Серіктестікке тиесілі Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 29 шағын ауданы, 44 мекенжайы бойынша орналасқан коммерциялық объектіден (ғимарат), оның бастапқы сату бағасын 232 917 652 теңге деп анықтап, жария сауда (аукцион) арқылы ақы өндірілген;

  • Серіктестікке тиесілі, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 25 шағын ауданы, 78 учаскесі мекенжайы бойынша орналасқан жылыжай кешенін Қоғамға кепіл ретінде өткізу міндеттелген;

  • жауапкерлерден мемлекет пайдасына үлестік тәртіпте мемлекеттік баж алымы 27 930 теңге өндірілген.

Қоғам кассациялық шағымында соттармен кепілге қойылған мүліктің бастапқы сату бағасы 232 917 652 теңге мөлшерінде дұрыс айқындалмағанын, бұл баға 2024 жылғы 24 қазандағы бағалау есебіне сәйкес 115 108 000 теңге мөлшерінде белгіленуі тиіс екенін көрсетіп, осы бөлікте сот актілерінің күшін жойып, талапты толық қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 299-бабының 1-тармағын, 317-бабының 1-тармағын, 321бабының 2-тармағын, 722-бабының 3 және 4-тармақтарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

2021 жылғы 8 қазанда №128-МНГ-АБ кредит желісін ашу туралы негіздемелік келісімнің (бұдан әрі - Келісім) аясында 2021 жылғы 13 қазанда №128-МНГ-АБ/1 жеке қарыз шарты (бұдан әрі - Несие шарты) жасалып, оған сәйкес Қоғаммен Серіктестікке 2031 жылғы 8 қазанға дейін 79 994 000 теңге көлемінде несие берілген.

Несие мақсаты - жылыжай кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, оған құралдар сатып алу мен жылыжай кешенін жүйелеу.

Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы 8 қазанда №128-МНГ-АБ (2-қосымша) жасалған кепілдік шартқа сәйкес жауапкер Д.С.Утешов кепілгер болып табылады.

Сонымен қатар, несие қарызын қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында кепіл беруші Серіктестіктің Маңғыстау облысы, Актау қаласы, 29 мөлтек ауданы, 44 мекенжай бойынша орналасқан коммерциялық объект (ғимарат) пен Ақтау қаласы, 25 мөлтек ауданы, №78 мекенжай бойынша орналасқан ауданы 1,9718 га жер учаскесі кепілге қойылған.

Серіктестік Қоғам алдындағы міндеттемелерін тиісті түрде орындамауына байланысты мерзімі өтіп кеткен берешек пайда болған.

Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 3 қыкүйектегі шешімімен Қоғамның жауапкерлер Серіктестік пен Д.С.Утешовтен ортақтасқан тәртіпте несие қарызын өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылып, олардан 142 185 472 несие қарызы өндірілген.

Алайда, сот шешімі осы уақытқа дейін орындалмауына байланысты Коғам сотқа осы талаппен жүгінген.

Келісімнің 3.1. тармағына сай қарыз алушы Келісім бойынша ақшалай емес міндеттемелердің кез келгенін және әрқайсысын бұзған жағдайда, оның ішінде, кепіл мәніне құжаттардың түпнұсқаларын уақытылы қайтару

бойынша, қарыз алушы қарыз берушіге бұзушылықтың әр күні үшін шарт бойынша негізгі борыштың қалдығынан 0,01% көлемінде, бірақ осы шартқа сәйкес берілген қарыз сомасының 1% аспайтын айыппұл төлейді.

Келісімнің №3 қосымшасының 4.5. тармағымен кепіл берушінің меншігіне келіп түсетін/болашақта пайдалануға берілетін мүлікті рәсімдеу сәтінен бастап 30 күн ішінде кепілмен қамтамасыз ету ретінде ұсыну, жылыжай кешенін пайдалануға беру және кепіл ретінде қабылдау мерзімі 2022 жылдың тамызы болып белгіленген.

Заңды күшіне енген сот актісін жауапкерлер ұзақ уақыт бойы өз еркімен орындамаған, сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату мақсатында жасалған әрекеттер нәтиже бермеген, заем шарты бойынша берешек өтелмеген, жауапкерлермен бүгінгі күнге дейін Келісім және Несие шарты аясында берілген қаражат нысаналы мақсатта пайдаланғаны туралы жарамды және тиісті растайтын дәлелдемелер ұсынылмаған және де жылыжай кешені кепіл ретінде Қоғамға берілмеген.

Қоғаммен сотқа ұсынылған 2024 жылғы 24 қазандағы «ADAL EXPERT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылжымайтын мүлікті бағалау есебіне сәйкес кепілзаттың нарықтық бағасы 115 108 000 теңгеге бағаланған.

Өз кезегінде, Серіктестік аталған бағалаумен келіспей, «Service Оценка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 10 мамырдағы жылжымайтын мүлік бағалау есебін ұсынып, оған сәйке кепіл мүліктің құны 235 917 652 тенгені құраған.

Соттар шешім шығару барысында Серіктестікпен ұсынылған бағалау есебін негізді басшылыққа алған, себебі бұл бағалау есебінде бүгінгі күнгі бағалар көрсетілген, жылыжай кешеніне жасалған жақсартулар ескерілген, Серіктестік жылжымайтын мүлікті бағалаушыларды және Қоғам өкілдерін шақырып, ғимараттың ішіне кіріп, толық тексеру арқылы бағалау жүргізген.

Істің мұндай тұрғысында, АК-нің 272-бабының және 317-бабының 1- тармағының негізінде талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.