Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4602 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 ақпан №6003-25-00-2к/4602 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі З.А.Сырбаеваның, жауапкер өкілдері Н.С.Сағынайдың, Б.К.Алишеваның, А.Б.Алтынбаевтың, үшінші тұлға өкілі Е.А.Асауовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «ЗапКазПромСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Серіктестіктің Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат бергенімен негіздеген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Серіктестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен процестік және материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен осындай бұзушылықтарға жол берген.

Сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі біліктілік

талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілердің, әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Осы тармақтың 1-бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда Тапсырыс беруші Өнім берушінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгінуге міндетті.

Анықталғаны, 2024 жылғы 30 желтоқсанда Бөлім тарапынан «Күзгіқысқы кезеңде көше тазалау жұмыстары №18 учаске» жалпы сомасы 229 605 417, 26 теңгеге ашық конкурс (бұдан әрі - Конкурс) жарияланған.

Ашық конкурсқа «ЗапКазПромСтрой» ЖШС-і әлеуетті өнім беруші ретінде қатысып, бастапқыда Серіктестіктің конкурстық өтінімі біліктілік талаптарына сай келуіне байланысты қабылданған.

Алайда, 2025 жылғы 18 ақпандағы Конкурс қорытындылар туралы хаттамаға конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілер «Енбек-2050» және «Ақтөбе Адал Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері шағым түсіріп, онда Серіктестік тарапынан конкурстық өтінімде анық емес ақпарат бергені жөнінде көрсетілген:

  1. Самосвал, жүк көтергіштігі 15 тоннадан кем емес - 10 дана, «Батыс Асфальт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалға алу шарты жасалған, бірақ ол шарттың қолданылу мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп көрсетілсе, жарияланған Конкурс бойынша жұмыстардың орындалуы мерзімі 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін;

  2. Тиегіш, жүк көтергіштігі кемінде 1,8 текше метр - 2 дана, 2025 жылғы 21 қаңтардағы алдын ала жалдау шартында жалға беруші «Актурина Г.С.» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі - Кәсіпкер) мөрі басылғанымен, қол таңбасы қойылмаған.

Осыған байланысты, 2025 жылғы 27 ақпандағы Конкурс қорытындылар туралы хаттамасына негізінде Серіктестіктің конкурстық өтінімі біліктілік талаптарына сай келмеуіне байланысты қабылдаудан бас тартылған.

Серіктестік 2025 жылғы 27 ақпандағы Конкурс қорытындылары туралы хаттамасымен келіспей, әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.

Әкімшілік істі қарау барысында Кәсіпкердің өкілі Серіктестікпен техниканы жалдау шарты жасалмағанын көрсетіп, Серіктестік тарапынан жалдау шартының түпнұсқасы сотқа ұсынылмаған, сол себепті Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі - МАӘС) 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен Серіктестіктің талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Одан кейін, Бөлім 2025 жылғы 23 мамырда осы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Апелляциялық сатыдағы сот сот шешімінің күшін жою жөніндегі тұжырымын Серіктестіктің Конкурсқа қатысуда анық емес ақпарат бергені МАӘС-ның шешімімен дәлелденген, талап қою заңмен белгіленген мерзімде берілген деп негіздеген.

Кассациялық сот бұл тұжырыммен келіспейді, себебі МАӘС-ның 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімінде көрсетілген мән-жайлар, яғни Серіктестік тарапынан Конкурсқа қатысуда анық емес ақпарат бергені Бөлімге 2025 жылғы 27 ақпандағы Конкурс қорытындылары туралы хаттама рәсімделген кезде белгілі болған.

Бұл ретте Бөлім осы талаппен сотқа Заңды бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жүгінуі тиіс еді.

Бірінші сатыдағы сотпен талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім дұрыс қабылданған, бірақ кассациялық сот сот шешімін қабылдауға негіз болған тұжырымдармен келіспейді.

Атап көрсеткенде, бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту кезінде істің мән-жайларына және қолданыстағы заң талаптарына қайшы келіп, Серіктестік пен Кәсіпкер арасында 2025 жылғы 21 қаңтарда жасалған техниканы алдын ала жалдау шартында жалға берушінің қолы болмағанымен, мөрі қойылған, ал мөрдің жалған екендігі немесе жалға берушіге тиесілі еместігі, Серіктестік оны қолдан жасап алғандығы дәлелденбеген, МАӘС-ның аталған шешімінде ол шартқа құқықтық баға берілмеген, оның жалған шарт екеніне байланысты Серіктестіктің Конкурсқа анық емес мәлімет ұсынғаны анықталмаған деп қате қорытынды жасаған.

Өйткені, МАӘС-ның шешімімен бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарының барлығы жоққа шығарылған.

Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «ЗапКазПромСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.