Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3549 (Гражданское)

6003-25-00-2к/3549

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 13 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Ж.М.Баспакованың, жауапкер Г.Ж.Калмуратованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Гулжанар Жамаловна Калмуратоваға, Камила Талапқызы Калмуратоваға, Медея Талапқызы Парманға өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Г.Ж. Калмуратоваға 48 139 749 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Заречный т.а., Қарағанды көшесі, 100 үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-265, жалпы ауданы 0,0600 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы ұйғарымымен арифметикалық қателердi түзету еңгізіліп, жіберілген 48 139 749 теңге сомасын 49 233 344 теңге деп түзетілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып,

бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақы мөлшерін 36 019 867 теңге деп айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 12 тамыздагы «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» № 510-2652 қаулысымен (бұдан әрі –қаулы) бөлінген жер учаскесін бөлу шекарасында, оның ішінде сатып алу жолымен, жалпы ауданы 1,1357 га, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, қоса беріліп отырған сызбаға және іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізуге арналған қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шегіне Г.Ж. Калмуратованың меншік құқығында Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Заречный т.а., Қарағанды көшесі, 100 үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-324029-265, жалпы ауданы 0,0600 га (бұдан әрі – жылжымайтын мүлік) жылжымайтын мүлік кіреді.

Уәкілетті органмен жауапкер Г.Ж. Калмуратоваға өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 36 019 867 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген, «DV APPRAISAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі- ЖШС) 2024 жылғы 3 желтоқсандағы «3951-2024/ DV» қорытындысында 60 219 000 теңге нарықтық құны анықталған.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2024 жылғы 09 қантардағы №С.142-12,24 сот құрылыс-тауар сараптамасының қорытындысына сәйкес, жалпы ауданы 0,0600 га кадастрлық №21-324-029-265 жер учаскесінің және ондағы меншік құқығы тиісті түрде ресімделген және мемлекеттік органда тіркелген құрылыстардың, орналасқан жақсартулар мен көпжылдық екпелердің құнын ескере отырып, заңда көзделген барлық сараптама жүргізу талаптарына сәйкес анықталған нарықтық құны 48 139 749 теңгеге бағаланған. Құрылыс материалдарының

нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлекеттік органда тиісті түрде ресімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны 1 093 595 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы) (48 139 749 + 1 093 595 = 49 233 344).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 49 233 344 теңге деп анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау

стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.