Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1227 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1227

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов,

судьялар А.А.Рамазанова, А.К.Есдаулетов,

талап қоюшы Н.М.Токбаеваның қатысуымен

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Нурсулу Мухаметжановна Токбаеваның жауапкер «Қазпочта» акционерлік қоғамына бұйрықты заңсыз деп танып, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақыны, пайдаланбаған жылдық еңбек демалысы үшін өтемақыны, ұжымдық еңбек шарты бойынша сыйақыны және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Қостанай қалалық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімі мен Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Н.М.Токбаева сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Қостанай қалалық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Шағым иесі қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшының шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Н.М.Токбаева 2014 жылдың қазан айының 3-нен бастап «Қазпочта» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ) Қостанай облыстық филиалының Әулиекөл аудандық почта байланыс торабында жеткізу қызметінің пошташысы қызметін атқарған.

2023 жылғы 6 қарашада Н.М.Токбаева тікелей басшыларына ескертпей жұмыс орнын тастап, таңертеңгі уақытта Қостанай қаласына кеткен.

Н.М.Токбаеваның жұмыс орнында сағат 9-дан 13-ке дейін болмауына байланысты 2023 жылғы 6 қарашада акт жасалған.

"Қазпочта" АҚ облыстық филиалы тәртіптік кеңесінің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы хаттамасына сәйкес филиал директорының қарауына Н.М.Тоқбаевамен еңбек шартын бұзу жөнінде ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданған.

Жұмыс орнында болмау фактісі бойынша қызметкерден жазбаша түрде түсініктеме сұратылған, бірақ талап қоюшы түсіндірме беруден бас тартқан, сол жөнінде акт жасалған.

2023 жылғы 5 желтоқсандағы №10-65648 бұйрықпен талап қоюшы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 8) тармақшасы негізінде жұмыстан шығарылған.

Аталған бұйрықпен келіспей Н.М.Токбаева келісім комиссиясына 2024 жылғы 25 сәуірде жүгінген. Алайда келісім комиссиясының 2024 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қоюшының өтініші қараусыз қалдырылған.

Н.М.Токбаева қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 177,179-баптары мен Еңбек кодексінің 160-бабы басшылыққа алынып, соттар талап қоюды талаптың мерзімінің өтуіне байланысты қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға төмендегі мән-жайларға байланысты келген.

Анықталғандай, талап қоюшымен келісім комиссиясына жүгінудің бір айлық мерзімі 2024 жылғы 19 қаңтарда аяқталуына қарамастан 2024 жылғы 25 сәуірде жүгінген.

Сондай-ақ, 2024 жылдың мамырында келісім комиссиясының шешімін талап қоюшы алғаннан кейін, 2024 жылдың қазанында, яғни 5 айдан кейін, екі айлық мерзімді өткізіп, сотқа жүгінген, яғни талап қоюшы заңда белгіленген талаптың қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңінде құқықтарын қорғауға мүмкіндігі бола тұра тиісті түрде өзінің құқықтарын пайдаланбаған.

Талап қоюшының ескіру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі өтініші сотқа дәлелді себептер ұсынылмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сондықтан жауапкердің ескіру мерзімін қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға негіз жоқ.

Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының нормалары бұзылмағандықтан, соттардың моральдық зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымы заңды әрі негізді. Істің мұндай тұрғысында, жауапкердің ескіру мерзімін қолдану туралы өтініші негізінде соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс шешім шығарған.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 109-бабы және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 610-

бабының 2-бөлігі негізінде талап қоюшы Н.М.Токбаевадан мемлекет пайдасына 983 теңге баж салығы өндірілуге жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Талап қоюшы Нурсулу Мухаметжановна Токбаевадан мемлекет пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге баж салығы өндірілсін.

Төрағалық етуші Н.Ормаханов

А.Рамазанова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.