№6003-25-00-2к/4662(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов,
талап қоюшы М.К.Казиханова және оның өкілі А.С.Нурханованың, жауапкер өкілі Н.Г.Каженованың,
үшінші тұлғаның өкілі А.Р.Исмагулованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Мира Кумбировна Казиханованың жауапкер Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Орал қаласы білім беру бөлімінің «№45 «Нұрсәт» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына әдеп кеңесінің шешімін, қызметінен босату туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру, моральдық залалды өтеу туралы талап қоюы бойынша Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
М.К.Казиханова сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, жұмыстан босату туралы арызды қысыммен жазғанын, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің шешімі жұмыстан босатудың нақты негізі болғанын, еңбек кітапшасына Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1- тармағының 14) тармақшасы бойынша жазба енгізілуі жұмыс берушінің шынайы ниетін білдіретінін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, шағым уәждерін талқылай отырып, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сай материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, мұндай мән-жайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан талап қоюшы М.К.Казиханованың 2012 жылғы 16 қазандағы №92 бұйрықпен «№45 «Нұрсәт» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына (бұдан әрі – МКҚК) тәрбиеші болып қабылданғаны анықталған.
2024 жылғы 4 қыркүйекте Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында М.К.Казихановаға қатысты шағым қаралып, жұмыс берушіге тәртіптік шара қолдану туралы ұсыным берілген.
2024 жылғы 5 қыркүйекте талап қоюшы өз еркімен жұмыстан босату туралы жазбаша өтініш берген. Сол күні №54 бұйрықпен еңбек шарты Еңбек кодексінің 49-бабы 5) тармақшасына сәйкес жұмыскердің бастамасы бойынша бұзылған.
Еңбек кодексінің 49-бабы 5-тармақшасына сәйкес еңбек шартын тоқтатудың негіздерінің бірі – жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу болып табылады.
Еңбек кодексінің 56-бабы 2-тармағына сәйкес еңбек шарты жұмыскердің бастамасы бойынша жұмыс берушінің жазбаша келісімімен хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюшының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі өтініші өз қолымен жазылғанын, одан бас тартпағанын, арызды мәжбүрлі түрде жазғанын растайтын объективті дәлелдемелер ұсынылмағанын дұрыс анықтаған.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті. Жауапкер тарапынан қысым жасалғанын немесе алдау болғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларының 28–30-тармақтарына сәйкес педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің шешімі ұсынымдық сипатта болып табылады және өздігінен еңбек қатынастарын тоқтатуға құқықтық негіз бола алмайды.
Іс құжаттарымен талап қоюшы Әдеп кеңесінің шешімі негізінде емес, өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғаны анықталған. Осыған байланысты Кеңес шешімі талап қоюшының құқықтарын тікелей бұзбайды және дербес құқықтық салдар туындатпайды.
Еңбек кітапшасына Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сілтеме жасалып қате жазба енгізілгені анықталғанымен, бұл жазба кейін белгіленген тәртіппен түзетілген. Еңбек кітапшасына қате жазбаның енгізілуі өздігінен жұмыскерді ЕК-нің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы бойынша жұмыстан босату туралы бұйрықтың бар екенін дәлелдемейді.
Іс бойынша дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға берілген, соттардың қорытындылары істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді.
Демек, соттар талап қоюшының еңбек құқықтары бұзылмағаны, жұмыстан босату ЕК-нің 49-бабы 5-тармақшасына сәйкес жүзеге асырылғаны, жұмыс беруші тарапынан заңсыз әрекеттердің орын алмағаны туралы негізді тұжырымға келген.
Негізгі талаптар қанағаттандырылмағандықтан, туынды талаптар – жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талаптар да заңды түрде қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осылайша, қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзу анықталмаған.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Г.Джаппарова
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.