6кп-30-18 көшірме
Қ А У Л Ы
2018 жылғы 07 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған «И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Т[...] 2018 жылғы 05 маусымда берілген сенім хат негізінде,
«Қызылорда облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-уәкілетті орган, басқарма) өкілі М[...] 2018 жылғы 01 маусымда берілген сенім хат негізінде қатысуларымен,
кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 01 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 20 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша түскен
«И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 463-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 01 қарашадағы қаулысымен «И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-Серіктестік) әрекетінде ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты оған қатысты қозғалған әкімшілік іс сот өндірісінен тоқтатылып, соңғы әкімшілік жауаптылықтан босатылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, әкімшілік істі қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған. Себебі қабылданған сот актілері құқық нормаларын қолданудағы бірізділікті бұзатын жағдайға жатады, сондай-ақ осыған ұқсас істер бойынша қабылданған сот актілеріне қайшы келеді.
Ұсынуды қуаттаған уәкілетті органның өкілін, керісінше онымен толығымен келіспей, сот қаулыларын өзгеріссіз күшінде қалдыруды сұраған Серіктестіктің өкілін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесідей тұжырымға келді.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 68-бабының 12-тармағына сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге міндетті.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның (бұдан әрі-Заң) 17-бабының 1-тармағының талабы бойынша жеке және заңды тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсаттың болуы немесе осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті. Заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруға жол берілмейді Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді бастау туралы хабарламаны Серіктестік 2017 жылғы 12 қазанда рәсімдеген.
Жүргізілген тексеру барысында Серіктестік уәкілетті мемлекеттік органға хабарламастан құрылыс-монтаж жұмыстарын бастағандығы анықталған, яғни тұрғын үйдің екі қабатын салу фактісі анықталған.
Істегі Серіктестіктің директоры И[...] түсініктемесінен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамадан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы мемлекеттік сәулет-бақылау органдарын хабардар ету туралы заңда белгіленген тәртіпті бұзғандығы байқалады.
Іс бойынша жиналған дәлелдемелерге қарамастан, төменгі сатыдағы соттар Серіктестіктің директоры И[...] қатысты әкімшілік іс жүргізудің негізсіз қозғалғандығы және оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмағандығы туралы қорытындыға келген.
Бұл тұжырым төменгі сатыдағы соттардың қаулыларында дәлелденбеген, жіберілген бұзушылықтар бойынша Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының дәлелдері жоққа шығарылмаған. Осылайша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу негізсіз қысқартылды деп есептеуге негіз бар.
Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің болмауына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған сот актісі қайта қарауға жатады.
Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
«И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 01 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 20 қарашадағы қаулыларының күші жойылып, әкімшілік іс өзге құрамда қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Іс бойынша өндіріс қайта жаңғыртылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар Н. Жолдасбеков
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.