Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1691 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 13 қараша №6003-25-00-2к/1691 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі Д.Жалғасбайұлының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Атырау қаласының әкімі (бұдан әрі - Әкім) жауапкерлер Әлішер Айхынұлы Дүйсенғалиевқа, Анар Серикпаевна Серикпайға, Гүлімай Гайдарқызы Болатоваға, Алмат Хамитович Кенжинге, Бауыржан Берикович Адирбековке, Фатима Нұрлыбекқызына, Арайлым Оразбекқызы Омароваға, Абдрашид Леонарұлы Идрисовқа, Анаргуль Мирамгалиевна Бисеноваға, Бахт Дюсеалиеваға, Ботагөз Туралиеваға, Анатолий Григорьевич Сизоновқа, Саламат Маратович Саримовқа, Данияр Куанышгереевич Сатимовқа сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер өкілінің Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Әкім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер жер учаскелерін заңсыз сатып алғанымен негіздеген.

Атырау қалалық сотының (бұдан әрі - сот шешімі) 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған:

  1. Б.Дюсеалиева және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 17 маусымда жасалған №2149, №2150, №2151, №2152, №2153;

  2. А.М.Бисенова және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 18 маусымда жасалған №2158, №2159, №2160, №2161;

  3. А.Л.Идрисов және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 16 маусымда жасалған №2114, №2115, №2116, №2117;

  4. Ф.Нұрлыбекқызы және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 20 маусымда жасалған №2186 сатып алу-сату шарттары;

  5. А.Х.Кенжин және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 19 тамызда жасалған №2824 айырбас шарты,

  6. А.О.Омарова және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 16 маусымда жасалған №2070;

  7. А.С.Серикпай және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 15 маусымда жасалған №2074;

  8. Б.Б.Адирбеков және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 10 шілдеде жасалған №2324;

  9. Г.Г.Болатова және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 16 маусымда жасалған №2106;

  10. Ә.А.Дүйсенғалиев және Д.К.Сатимов арасында 2022 жылғы 14 маусымда жасалған №2066 сатып алу-сату шарттары,

  11. А.М.Бисенова және А.Г.Сизонов арасында 2022 жылғы 13 шілдеде жасалған №1837;

  12. А.М.Бисенова және Б.Туралиева арасында 2022 жылғы 1 шілдеде жасалған №1678;

  13. А.М.Бисенова және С.М.Саримов арасында 2022 жылғы 11 шілдеде жасалған №4101 сыйға тарту шарттары жарамсыз деп танылған.

Жауапкерлер өкілі кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сот алқасымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157-бабының 1-тармағын, 158-бабының 2- тармағын, 261-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 66-бабының 7-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Атырау облысы Атырау қалалық №2 сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі үкімімен сотталушылар М.А.Зайнеденова, Р.А.Наушабаева, Д.К.Сатимов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4- бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған.

Сот үкімімен анықталғандай, Атырау шағын ауданы мекен-жайы бойынша орналасқан, кадастрлық № 04-066-004-259, көлемі 7 га болатын жер учаскесін Әділет департаментінің сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушысы М.А.Зайнеденова 2021 жылғы 2 қарашадағы сатып алу-сату шартымен сот орындаушы Д.К.Сатимовқа сатып жіберген.

Кейіннен, Д.К.Сатимовтың 7 га жер учаскесін әрқайсысы 0,0800 га көлемін құрайтын 68 бөлікке бөлу жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасақтау туралы арызы негізінде «Қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (қазіргі кезде - «Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі) 2022 жылғы 31 мамырдағы №810 бұйрығымен жоба бекітіліп, 7 га жер учаскесі 68 бөлікке бөлінген және әрқайсысына жеке жеке кадастрлік номер берілген (тізімі іс құжаттарына тіркелген).

Бөлінген жер учаскелеріне қатысты Әкіммен дауланып отырған азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалып, жауапкерлердің меншіктеріне өткен. Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен Әкімнің талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкерлер М.А.Зайнеденова мен Д.К.Сатимов арасындағы 2021 жылғы 2 қарашадағы Атырау қаласы, Атырау-2 мөлтек ауданы мекен-жайында орналасқан көлемі 7 га жер учаскесін (кадастрлық №04-066-004-259) сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Дауланып отырған тараптар арасындағы сатып алу-сату шарттарына қарағанда жер учаскелері 100-500 мың теңгеге сатылған, алайда олардың нарықтық құны 6 000 000 - 8 000 000 теңге шамасында, яғни жер учаскелері күмәнді арзан бағамен сатылған, жер учаскелеріне Д.К.Сатимовтың меншік құқығы қылмыстық жолмен пайда болған, негізгі сатып алу-сату шарты сот шешімімен жарамсыз деп танылған, жергілікті атқарушы органның мәліметтеріне сәйкес жауапкерлермен бүгінгі күнге дейін тұрғын үй құрылысын жүргізуге қатысты рұқсат құжаттары рәсімделмеген.

Бұл жағдайда апелляциялық сатыдағы сот жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі олар «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 Нормативтік қаулысының 12-тармағының негізінде жосықсыз иеленуші болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актінің күшінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкерлер өкілі Руслан Кайржанович Адиетовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.