ҚАУЛЫ
2024 жылғы 28 мамыр 6001-23-00-6ап/3218 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшының өкілі С[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер «Абай облысы, [...] әкімінің аппараты» ММ-не жер комиссиясының хаттамалық шешіміне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы ұйғарымына, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.
Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Басқа іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің шағымды қолдаған сөзін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда,
«А[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) мен «С[...]» ШҚ-на тиесілі жер учаскелері көршілес орналасқан.
Істің мән-жайларына қарағанда 2023 жылғы 15 мамырда «С[...]» ШҚның жұмысшысы «А[...]» ШҚ-на тиесілі люцерна егілген жерді жыртып кеткен. Тексеру барысында, Үржар ауданы әкімінің 2012 жылғы 23 шілдедегі №297 қауылысымен «С[...]» ШҚ-на «А[...]» ШҚ-ның иелігіндегі жер учаскесінің бөлігі қабаттаса берілгені анықталған. Сондықтан талап қоюшы соттан Үржар ауданы әкімінің 2012 жылғы 23 шілдедегі №297 жер бөлу туралы қаулысын және 2012 жылғы 26 маусымдағы №293 жер комиссиясы отырысының хаттамалық шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Талап қоюшының түсініктемесіне сәйкес әкімнің даулы қаулысы туралы оған 2023 жылы 18 шілдеде белгілі болған, ал сотқа 2023 жылғы 31 шілдеде жүгінген.
Соттар талап қоюды қайтаруын дауланып отырған әкімшілік актілер 2012 жылы 23 шілдеде және 2012 жылғы 26 маусымда шығарылған. Талап қоюшы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайды. ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын сотқа талап қоюды берудің бір жылдық мерзімі өткізіліп алынған деп негіздеген.
Алайда соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.
Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды ескермеген.
ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Дауланы отырылған әкімнің қаулысы талап қоюшының тұжырымдауынша оның құқықтары мен заңды мүддесін бұзады.
Яғни, талап қоюшы оған тиесілі жер учаскесі үшінші тұлғаға табыстаудың әкімшілік рәсіміне қатысушы болып танылуға жатады.
Сондықтан соттардың талап қоюшыға сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін қолдану негізсіз болып табылады.
Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы ұйғарымының, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымының күші жойылсын.
Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жолдансын.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.