ВС РК - Постановление от 20.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2213 (Административное)

6001-22-00-6ап/2213

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 20 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшының өкілі Т[...],

жауапкер өкілдері С[...], С[...], Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік органның әрекеті мен шешіміне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша,

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен әкімшілік талап толығымен қанағаттандырылған.

2021 жылғы 31 желтоқсандағы №4 Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қайта бекітіп беру жөніндегі өтінімдерді қарау хаттамасының талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығына қатысты бөлігі 1- тармағының 2) тармақшасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Балық шаруашылығы комитеті мен балық шаруашылығы инспекциясына шешім заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру міндеттелген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілдері С[...], С[...], Ж[...] кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілі Т[...] кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

«Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі№593 Заңының (бұдан әрі - Зан) 9-бабы 1-тармағының 65-1) тармақшасына сәйкес балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн қайта бекітіп беру жөніндегі қағидаларды және олар бұдан бұрын бекітіп берілген тұлғаларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын әзірлеу және бекiту жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган құзыретіне жатқызылған.

Осы Заң талабына сәйкес уәкілетті органның 2017 жылғы 15 тамыздағы №337 бұйрығымен «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн қайта бекiтiп беру жөнiндегі қағидалар» (бұдан әрі – Қағида) және «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi бұдан бұрын қайта бекітіп берілген тұлғаларға қойылатын бiлiктiлiк талаптары» (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) бекітілген.

Қағиданың 40-тармағында біліктілік талаптарына сәйкес келмеген және (немесе) шарттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда мұндай өтінім берушіні Комиссия қайта бекiту шарттарына сәйкес келмейтін тұлға деп танитыны көрсетілген.

Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бұдан бұрын бекiтiліп берілген тұлғаларға қойылатын келесі біліктілік талаптары қойылған:

  1. салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болмауы;

  2. жануарлар дүниесін пайдаланудың бүкіл кезеңі үшін балық шаруашылығын дамыту жоспарлары бойынша берешегінің болмауы;

  3. өтінім берушінің банк, банк филиалы немесе бөлімшесі алдында міндеттемелердің барлық түрлері бойынша уақыты өтіп кеткен берешегінің болмауы;

  4. акваөсіруді дамытуға (көлде тауарлы балық өсiру шаруашылығы, тор қоршауда балық өсіру шаруашылығы үшін) биологиялық негіздеменің болуы;

  5. балық шаруашылығы мелиорациялық жұмыстарын жүргізуге арналған негізгі құрал-жабдықтардың меншік құқығында болуы (балықтың қырылу қаупі бар су айдындары үшін).

«Халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қайта бекітіп беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №4 Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қайта бекітіп беру жөніндегі өтінімдерді қарау хаттамасының (бұдан әрі – даулы хаттама) 1- тармағының 2) тармақшасына сәйкес талап қоюшыға біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кіші Арал теңізінің №16 және №[...] учаскелерін қайта бекітіп беруден бас тартылған.

Дауланып отырған хаттамалық шешім бойынша Комиссия «Б[...]» шаруа қожалығына К[...] Арал тенізінің №16 және №[...] учаскелерін қайта бекітіп беруден бас тарту негізі ретінде келесіні көрсеткен: «біліктілік талаптарына сай келмейді, яғни балық шаруашылығы су айдынын және (немесе) учаскесін пайдаланудың бүкіл кезеңіне балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарына сәйкес, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының өсімін молайту жөніндегі іс-шараларға арналған қаржы қаражатының көлемі орындалмаған».

Комиссия талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, яғни ауыртпалық түсіретін акт қабылдай отырып, өзінің шешімін тиісті түрде негіздемеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2012 жылғы 07 наурыздағы балық шаруашылығын жүргізуге арналған №189 және № 190 шарттарға сәйкес Инспекция талап қоюшыға Арал ауданы кіші Арал теңізіндегі №16 және №[...] учаскелеріне балық шаруашылығын жүргізу құқығын 10 жылға берген.

Жалпы алғанда талап қоюшы №[...] учаске бойынша 2012-2021 жылдарға арналған жалпы игерілуге жататын қаржы 66 700 000 теңгені артығымен 66 733 300 теңгеге орындаған. Ал №[...] учаске бойынша 2012-2021 жылдарға арналған жалпы игерілуге жататын қаржы 66 700 000 теңгенің 66 491 200 теңгесі, яғни 99,70% орындаған. Орындалмаған сома 208 800 теңгені құрайды.

Талап қоюшы ұсынған бухгалтерлік құжаттарға сәйкес Инспекцияға ұсынылмаған құжаттар бойынша қосымша игерілген сома 6 616 680 теңге.

Инспекция тарапынан талап қоюшыға бекітілген №16 және №[...] учаскелерде балық шаруашылығын жүргізу бойынша сын ескертпелер болмаған, сондай-ақ балық дүниесіне және экологияға зиян келтіру мәнжайлары анықталмаған.

Сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкерлер талап қоюшының 20122014 жылдары дамыту жоспарын тиісті түрде орындамауы балық ресурстарының өсімін молайтуға кері әсерін тигізгенін алға тартқанымен, оның дәлелін ұсынбаған деген тұжырымымен толық келіседі. Сонымен қатар, іс бойынша жауапкер ретінде Балық шаруашылығы комитетінің тартылуын сот алқасы дұрыс деп санайды, себебі, ӘРПК-нің 43бабында алқалы мемлекеттік органдар туралы айтылған, ал Комиссия мемлекеттік органға жатпайды.

2017 жылғы 15 тамыздағы №337 Қағидаға сәйкес Комиссия ведомствомен (Балық шаруашылығы комитетімен) халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қайта бекітіп беру өтінімдерін қарау үшін уақытша құрылатын орган болып табылады. Осының негізінде төмеңгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандыру жайлы негіздемелерін толық көрсеткен. АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына

сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.