Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/575 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 16 қазан №6003-25-00-2к/575 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Б.Б.Орынбековтың, жауапкер А.К.Жубатканованың және оның өкілі Т.А.Исмагуловтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) мен Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «№82 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мектеп) жауапкер «Жубатканова» атауымен әрекет етуші Жубатканова Айна Кенжалиевна жеке кәсіпкеріне (бұдан әрі - жеке кәсіпкер), даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшы жағындағы үшінші тұлғалар «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент), «Дархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Диана Қанатқызы Ортайға, Қызылорда облысының білім басқармасының Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің ««Ақтерек» сауықтыру лагері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына (бұдан әрі - Лагерь) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы біріктірілген электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымыдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген. Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Басқарма кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Соттармен талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім дұрыс қабылданған, бірақ кассациялық сот ондай шешім қабылдауға негіз болған соттардың тұжырымдарымен келіспейді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Анықталғаны, 2024 жылғы 31 шілдеде Басқармамен Мектептегі балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер бойынша конкурс ұйымдастырылып, оған жеке кәсіпкер әлеуетті өнім беруші ретінде қатысқан және конкурс нәтижесімен жеке кәсіпкер жеңімпаз болып танылмаған.

Жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамаға берген біліктілігі туралы мәліметтерде өзінің 5-разрядты аспазшысы ретінде Д.Қ.Ортайды көрсеткен.

«Дархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағымы негізінде Департаментпен жүргізілген тексеру барысында аталған конкурсқа жеке кәсіпкермен ұсынылған аспазшы Д.Қ.Ортай онда жұмыс жасамайтыны және ешқандай құжат тапсырмағаны, еңбек шартына қол қоймағаны туралы түсініктеме берген.

Сонымен қатар, аталған еңбек шарты негізінде жұмыс берушімен жұмыскердің есеп шотына тиісті тәртіппен жалақысы, міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны, еңбек шартының еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жүктелмегені анықталған.

Талап қоюшылар сотқа берген талап қоюларын осы мән-жәймен негіздеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 6-бабының 5-бөлігіне сәйкес егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті.

Жеке кәсіпкер конкурс жеңімпазы болып танылмаған, тиісінше жеке кәсіпкермен талап қоюшылар тарапынан қызмет көрсету шарты жасалмағандықтан бұл даумен олардың мүдделері қозғалмаған, мемлекет немесе басқа да тұлғалар үшін жағымсыз салдар туындамаған, қандай да бір залал келтірілмеген, жеке кәсіпкердің әрекеттері талап қоюшылардың үміт артуына құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айырылуына әкеліп соқпаған.

Сол себепті, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.