№6001-24-00-6ап/1138
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 10 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
талап қоюшы Б.С.Алгалиев, жауапкердің өкілі Г.К.Джамантаеваның қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Берик Сакенович Алгалиевтің жауапкер «Қазақстан Респуликасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, Әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жөніндегі шешімнің күшін жою, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу міндетін жүктеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б.С.Алгалиев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюшының асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жөніндегі Семей облысы Абай ауданы халықты әлеуметтік жағынан қорғау бөлімінің 1994 жылғы 2 мамырдағы № 187 шешімінің күшін жою, 2002 жылғы Шығыс Қазақстан облысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Департаментінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы туралы шешімінің күшін жою, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» заңының 6 бабының 2 тармақшасында айқындалған жеңілдіктер бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға теңестіру туралы талап арызы қайтарылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 наурыздағы ұйғарымымен кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілген.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, КСРО Қорғаныс министрлігінің 1987 жылғы 9 қыркүйектегі № 260 бұйрығының негізінде Б.С.Алгалиев бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз деп танылған.
1991 жылғы 2 қаңтардағы Астрахан облыстық психиатриялық ауруханасы жанындағы әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес талап қоюшы әскери қызметке жарамсыз деп танылып, № 8/7 куәлікке сәйкес оған «қос фазасы бар атиптік маниакалді депрессиялық психоз» деген диагноз қойылып, ауруды әскери борышын өтеу кезінде алған деп көрсетілген.
1994 жылғы 2 мамырдағы Семей қаласының медициналық-сараптама комиссиясының № 187 шешімімен талап қоюшыға екінші топтағы мүгедектік жәрдемақы белгіленген.
Талап қоюшы 2-топтағы мүгедектігіне байланысты берілетін, жалпы сомасы 82 325 теңгені құрайтын жәрдемақыны алушы болып табылған. «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті» РММ-нің 2021 жылғы 29 қарашадағы шешімімен Б.С.Алгалиевке берілетін мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 86 444 теңгеге көтерілген.
2021 жылғы 29 шілдеде Департаментпен талап қоюшыға мүгедектікті бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде алған жарақат, контузия, дене жарақаты салдарынан емес, әскери қызмет кезінде алған жарақаты салдарынан берілгендігі туралы жауап берілген.
Б.С.Алгалиев сотқа 2021 жылғы 29 қарашадағы Департаменттің шешімімен келіспей, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу туралы Заңының 4-бабының 1-тармағының 1-3) тармақшасында көрсетілген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу міндетін жүктеуді сұраған, себебі ол Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген адамдарға көзделген жәрдемақыны алатындар қатарына жататындығын көрсеткен. Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшының диагнозы бойынша аталған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар санатына жатпайтындығын көрсеткен. Талап қоюшы 2-топтағы мүгедектікті әскери қызметке шақыру кезеңінде борышын өтеу сәтінде алған. Осылайша, ол әскери қызметші болмаған.
Сондықтан Б.С.Алгалиевке мүгедектігі бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар адамдардың санаты дұрыс анықталған.
Қазақстан Республикасы Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу туралы Заңының 4-бабы 1-тармағының 1) -3) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жеңілдіктер тізбесі негізге алына отырып, жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға: мәртебесі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 2) тармақшасында айқындалған, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар жатады.
Ардагерлер туралы Заңның 6-бабы 2) тармақшасына сәйкес бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер жатады.
Бұл жағдайда жауапкердің даулы шешімі заңды және негізді болып табылады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Берик Сакенович Алгалиевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.