Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/857 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 16 қырқүйек 6003-25-00-2к/857 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К. Нурабай,

судьялар С.С.Кененбаев, Л.Б.Мамырбаева,

арыз беруші Т. Надырбаевтың қатысуымен,

арыз беруші «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-ММ) көші-қон қызмет басқармасының Өзбекстан Республикасының азаматы Достонбек Рустамович Бакиевты (BAKIEV DOSTONBEK RUSTAMOVICH) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы шетел азаматы Д.Р.Бакиевтың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 мамырдағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Арыз беруші шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген. Шетел азаматы Д.Р.Бакиевтың Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғанын көрсетіп, оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 мамырдағы шешімімен арыз қанағаттандырылған. 1990 жылы 30 қараша туылған Өзбекстан Республикасының азаматы Д.Р.Бакиев Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған. Д.Р.Бакиевқа Қазақстан Республикасының аумағынан өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Д.Р.Бакиевтан мемлекет пайдасына мемлекеттік баж өндірілген.

Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымға қарсылық білдірген арыз берушінің өкілі Т.Надырбаевты тындап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Өзбекстан Республикасының азаматы Д.Р.Бакиевқа шетелдіктің тұруына ықтиярхаты 2025 жылдың 25 ақпанында берілген.

2025 жылғы 15 наурызда Д.Р.Бакиев Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 492бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, айыппұл салынған.

2025 жылғы 8 сәуірдегі Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Д.Р.Бакиев ӘҚБтК-нің 613-бабының 9-бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік қамаққа алынған.

Уәкілетті органның осы арызбен сотқа жүгінуіне Д.Р.Бакиевтың Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы себеп болған.

Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы ҚСжАЕК «Талдау орталығы» жүйесінде (бұдан әрі - Талдау орталығы» жүйесі) Өзбекстан Республикасының азаматы Д.Р.Бакиевке қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 109-1 бабының 1- бөлігіне сәйкес 2025 жылдың 14 мамырында қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.

Демек, Д.Р.Бакиев Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін оның ішінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын заңнаманың бұзу фактісі оны елден шығаруға болатындығына негіз болады.

Бірінші сатыдағы сот аталған мән-жайларға тиісті баға беріп, шетел азаматы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуына байланысты оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығаруы дұрыс.

Сондықтан Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағы 2) тармақшасын, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28-бабының «в» тармақшасын, 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі істерді қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 18 тармағын, яғни осы заң нормаларының талаптарын ескеріп, арызды қанағаттандыруы заңды.

«Талдау орталығы» жүйесімен қалыптастырылған талаптардағы мәліметтерге сәйкес Д.Р.Бакиев 2014-2020 жылдар аралығында бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Соның ішінде 2019 жылғы 22 мамырында Д.Р.Бакиев ӘҚБтК-нің 517бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығаруы туралы әкімшілік жаза қолданғаны туралы мәлімет бар және негізгі шарасы 2024 жылдың 22 мамырына дейін деп көрсетілген.

Алайда, Д.Р.Бакиев өзіне тиісті қорытынды жасаған жоқ, 2025 жылдың 25 ақпанында шетелдіктің тұруына ықтиярхатын алған.

Ал 2025 жылдың 14 мамырында оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Д.Р.Бакиев әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, өзіне тиісті қорытынды жасамай, қайтадан қылмыстық құқық бұзушылыққа барған.

Сондықтан Д.Р.Бакиевтың жеке басының және оның қоғам үшін қауіпсіздігін ескерілмеді деген уәжі негізсіз.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Д.Р.Бакиевты елден шығарылуы заңды.

Жергілікті сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сот тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Нормативтік қаулының 18-тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.

Сондықтан кассациялық сот Д.Р.Бакиев Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін шығарылуы тиіс деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 13 мамырдағы шешімі күшінде, Д.Р.Бакиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Достонбек Рустамович Бакиев (BAKIEV DOSTONBEK RUSTAMOVICH) Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін шығарылсын.

Төрағалық етуші: С.К.Нурабай

С.С.Кененбаев

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.