6ап-23-17 көшірме
2017 жылғы 1 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған «ТКО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері С[...], Д[...] 2017 жылғы 18 мамырдағы сенімхат негізінде,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополиярды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілі С[...] 2017 жылғы 25 мамырдағы сенімхат негізінде қатысуымен,
кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 16 мамырдағы қаулысына келтірген наразылықпен түскен
«ТКО[...]» жауапкершілігі шектелі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 164-бабының 4-бөлігімен, осы баптың 5-бөлігімен және 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-тің 147-5 бабының 4-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
2016 жылғы 1 наурыз – 5 сәуір аралығында «ТКО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) 2014-2015 жылдардағы қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы нормаларының сақталуына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен (бұдан әрі – Департамент) ішінара (таңдаулы) тексеру жүргізілген.
2016 жылғы 5 сәуірдегі тексеру туралы актіге сәйкес, Серіктестікпен аталған Заңның 7-бабында көзделген табиғи монополия субъектісіне тиесілі міндеттерді, яғни 2014 жылы инвестициялық бағдарламаны, 2014-2015 жылдары тарифтік сметаларды орындамау, 2015 жылы интернет-ресурста қолжетімді қуаттылықтардың, сыйымдылықтың бар екендігі туралы ақпаратты орналастырмау, 2014-2015 жылдары реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну міндетін орындамау фактілері анықталған.
Осы фактілер бойынша Серіктестіктің әрекеті ӘҚБтК-нің 164-бабының 4-бөлігімен, 164-бабының 5-бөлігімен, сондай-ақ, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-тің 147-5 бабының 4-бөлігімен сараланып, 8 хаттама толтырылған.
2016 жылғы 5 сәуірдегі №3,4,5,6,7,8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар бойынша Департаменттің 2016 жылғы 14 сәуірдегі №3-8 қаулысымен Серіктестік ӘҚБтК-тің 164-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған ӘҚБтК-нің 58-бабының 2-бөлігінің негізінде түпкілікті 960 айлық есептік мөлшерінде 2 036 160 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.
Сондай-ақ, Серіктестік жоғарыда аталған қызмет түрлерімен айналысуының нәтижесінде 2014 жылы 7 443 059 теңге, ал 2015 жылы 11 976 982 теңге негізсіз табыс алғаны анықталған. Осыған орай, Департаменттің 2016 жылғы 14 сәуірдегі №9 қаулысымен Серіктестік 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-тің 147-5 бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған құқық бұзушылық жасаумен алынған кірістің 10 пайызы мөлшерінде 744 305 теңге 90 тиын айыппұл салынған.
Яғни, ӘҚБтК-тің 4-бабына сәйкес, Серіктестік 2014 жылдағы қызметі бойынша құқық бұзушылық жасаған кезеңі үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, Серіктестік 2015 жылғы қызметі бойынша Департаменттің 2016 жылғы 14 сәуірдегі №10 қаулысымен ӘҚБтК-тің 164-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, құқық бұзушылық жасаумен алынған кірістің 10 пайызы мөлшерінде 1 197 698 теңге 20 тиын айыппұл салынған.
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен Серіктестікке қатысты қабылданған Департаменттің 2016 жылғы 14 сәуірдегі №3-8, №9 және №10 қаулылары ӘҚБтК-тің 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес өзгертіліп, тағайындалған жазалар біріктіріліп, түпкілікті 2 620 724 теңге айыппұл салынған. Серіктестіктің шағымы ішінара қанағаттандырылған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылықта Серіктестіктің құқық бұзушылық жасаған әрекетін дауламай іс бойынша әкімшілік жазаларды дұрыс қолданбағандықтан сот қаулысының күшін жойып, әкімшілік істі бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жіберуді сұраған.
Серіктестік директоры міндетін атқарушы Қ[...] наразылыққа қарсы пікірде Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысын өзгеріссіз, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], Департаменттің өкілі С[...] пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Серіктестіктің өкілдері С[...] пен Д[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай Департамент ӘҚБтК-тің 58-бабының 2-бөлігінің нормасын дұрыс қолданбаған, себебі бұл баптағы айыппұлдың үш еселік ең жоғары шегі деп ӘҚБтК-нің 44-бабының 2-бөлігінде белгіленген айыппұлдың ең жоғары шегі түсіндіріледі.
Яғни, ӘҚБтК-тің 44-бабының 2-бөлігінде орта кәсіпкерлік субъектісіне салынатын айыппұлдың мөлшері 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асыруға болмайды делінген.
Демек, Серіктестік орта кәсіпкерлік субъектісі екенін ескерсек, оған салынатын айыппұлдың үш еселік шегі 3 000 айлық есептік көрсеткіш, яғни бір тұлғаға айыппұл салынғанда ол осы көрсеткіштен аспауы керек.
Бұл туралы «Соттардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №13 Нормативтік қаулысының 8-тармағында айтылған.
Ал, ӘҚБтК-тің 164-бабының 4-бөлігінің санкциясында орта кәсіпкерлік субъектісі үшін 320 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны көзделген.
Аталған іс бойынша Департамент Серіктестікке қатысты ӘҚБтК-тің 164-бабының 4-бөлігімен 6 хаттама толтырған. Сәйкесінше алты құқық бұзушылық бойынша жеке-жеке алты мәрте 320 айлық есептік көрсеткіштен айыппұл салынуы қажет, себебі 320 айлық есептік көрсеткішті айыппұл мөлшерді алтыға көбейтсек, ол 1 920 айлық есептік көрсеткіш болады, яғни ӘҚБтК-тің 44-бабының 2-бөлігінде көзделген айыппұлдың үш еселік 3 000 айлық есептік көрсеткіш айыппұлдың ең жоғары шегігнен аспайды.
ӘҚБтК-тің 58-бабының 1-бөлігінде бір тұлға екі немесе одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде әрбір құқық бұзушылық үшін жеке-жеке әкімшілік жаза қолданылады делінген.
Мұндай жағдайда мамандандырылған сот алқасы Департаменттің 6 хаттама бойынша түпкілікті, яғни ӘҚБтК-тің 164-бабының 4-бөлігіндегі санкцияны үшке көбейтіп барлығы 2 036 160 теңге айыппұл салғаны заңға қайшы келеді деген наразылықтың уәждерімен толықтай келіседі.
Бірінші сатыдағы сотта ӘҚБтК-тің 58-бабының 2-бөлігінің нормасын дұрыс қолданбай, айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жазаны, пайызбен салынатын жазаға біріктірген.
Яғни, ӘҚБтК-тің 58-бабының 2-бөлігінде жазалар тек бір түрде болғанда ғана оны қолдануға және біріктіруге болатыны көрсетілген.
Алайда, Серіктестікке тағайындалған жазалар айыппұл болғанымен, бірақ олардың санкциялары әр түрлі.
Нақтыласақ, ӘҚБтК-тің 164-бабының 4-бөлігіндегі орта кәсіпкерлік субъектісі үшін құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл 320 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салынатыны көрсетілсе, осы баптың 5-бөлігінің және 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-тің 147-5 бабының 4-бөлігінің санкциясына сәйкес айыппұл құқық бұзушылық жасаумен алынған кірістің 10 пайызы мөлшерінде салынатыны көзделген.
Сонымен бірге ӘҚБтК-те айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салынатын айыппұл мен пайызбен салынатын айыппұлды бір-бірімен біріктіру тәртібі қарастырылмаған. Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалатын айыппұл мен пайызбен салынатын айыппұл жазасының екеуі екі түрлі екендігі туралы ӘҚБтК-тің 44-бабының 1-бөлігінде нақты белгіленген.
Сондай-ақ, ӘҚБтК-тің 44-бабында пайызбен салынатын айыппұл мөлшерінің шегі көрсетілмеген. Ал, айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салынатын айыппұлдың шегі нақты белгіленген. Ол орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 1 000 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек, ал, егер де ӘҚБтК-тің 58-бабының 2-бөлігінің нормасын қолданғанда айыппұлдың ең жоғары шегі 3 000 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек.
Сондықтан бірінші сатыдағы соттың Серіктестікке тағайындалған айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл жазасын, әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістің 10 пайызы мөлшерінде салынатын айыппұл жазасымен біріктіргені заңға қайшы келеді деген наразылықтың бұл уәждерімен де толықтай келіседі.
ӘҚБтК-тің 55-бабының 1-бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза осы құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-тің ерекше бөлімінің бабында көзделген шекте, осы ӘҚБтК-тің ережелеріне дәл сәйкестікте қолданылады делінген.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 2)-тармақшасына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 2)-тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
«ТКО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты қабылданған Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 16 мамырдағы қаулысының күшін жойып, әкімшілік істі осы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Н. Жолдасбеков
Судьялар
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс.
Н. Жолдасбеков
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.