ҮЙҒАРЫМ
2026 жылғы 16 сәуір 6003-26-00-4к/873 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья М.А.Манабаева,
судьялар – Н.Е.Нуралыева, Е.Б.Төлеев,
талап қоюшының өкілі А.С.Мустафинаның қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Mataibekov architects» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекция комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне шағымды өзі қарастырмастан жолдау іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымына кассациялық шағым келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюшының арызын қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
«Mataibekov architects» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымымен талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11)- тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Бұл сот ұйғарымы Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымымен күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы аталған сот ұйғарымдарына мерзімінде берілген кассациялық шағымы қараусыз қайтарылғандықтан кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұрады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот талап қоюшының өкілін тыңдап, арыз уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюшы сот ұйғарымдарына алғашқы кассациялық шағымын уақытылы бергенін ескере отырып, кассациялық сот шағымды беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 126-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҰЙҒАРДЫ:
«Mataibekov architects» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арызы қанағаттандырылсын.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымына кассациялық шағым келтіру мерзімі қалпына келтірілсін.
Ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
М. Манабаева
Төрағалық етуші:
Судьялар:
Н. Нуралыева
Е. Төлеев
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.