6001-24-00-6ап/1691
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,
талап қоюшының өкілі Е.Е.Ербаевтың, жауапкердің өкілі
Г.С.Нурмухамедованың, мүдделі тұлғалардың өкілдері М.Н.Дуймагамбетовтың, М.М. Баймуратовтың, А.Г.Айбасовтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ақмола аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына жылжымайтын мүлікті тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ақмола аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Ақмола АПБ) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – КеАҚ) жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
КеАҚ-ның 2023 жылғы 24 қарашадағы Астана қаласы, Абай даңғылы, 25 мекенжайы бойынша орналасқан әкімшілік ғимарат түрінде жылжымайтын мүлікке құқықтардың ауысуын тіркеуден бас тартуы заңсыз деп танылған.
КеАҚ-на соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, Астана қаласы, Абай даңғылы, 25-үй мекенжайы бойынша орналасқан әкімшілік ғимараттың тіркеу ісқимылдарын жүргізу міндеті жүктелген.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты соттының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК)169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты сотымен мұндай кемшіліктерге жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 23 қазанда Ақмола АПБ 2007 жылғы 22 ақпандағы №112 бұйрық негізінде Астана қаласы, Абай даңғылы, 25 мекенжайы бойынша орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтың туындауын тіркеуге өтінішпен жауапкерге жүгінген.
КеАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалымен 2023 жылғы 24 қарашадағы хабарламасымен мемлекеттік тіркеуден бас тартылған.
Жауапкер беруші тараптың меншік құқығын тіркеудің болмауы негіздері бойынша тіркеуден бас тартып, берілген бұйрықта жылжымайтын мүлік объектісінің барлық сәйкестендіру сипаттамалары көрсетілмегендігін негізге алған. Сондай-ақ, құқықтық кадастрда осы жылжымайтын мүлік объектісіне сипаттамалар жасалмағаны (ұяшық жасалмаған) хабарланған.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандыра отырып, жылжымайтын мүлік объектісінің аумағын өзгерту меншік құқығын тіркеуден бас тартуға негіз болып табылмайтынын, құжаттарды дайындау талапкер өкілеттігіне кірмейтінін, объектіні талап қоюшы заңды түрде бергенін және алғанын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот аталған тұжырымдарымен келіспей, КеАҚ-ның жылжымайтын мүлікті тіркеуден бас тартуы негізді деген тұжырымға келген.
Сот алқасы, апелляциялық саты сотының талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымымен төмендегі негіздер бойынша келіседі.
Бастапқыда Астана қаласы, Абай көшесі, 25-үйде (бұрынғы Ақмола қаласы, Ленин көшесі, 49) орналасқан ғимарат Тың теміржол басқармасының теңгерімінде болған.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің 1996 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен ғимараттың бір бөлігін Ауыл шаруашылығы министрлігіне (ауданы 5303 шаршы метр), бір бөлігін Көлік және коммуникация министрлігіне (ауданы 5289 шаршы метр) берілген.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің (бұдан әрі – Комитет) 2003 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен Көлік және коммуникация министрлігінің теңгеріміндегі ауданы 2229,3 шаршы метр үй-жайлар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне берілген. Осы Комитеттің 2007 жылғы 16 сәуірдегі №112 қаулысымен ауданы 4937 шаршы метр үй-жайлар Ауыл шаруашылығы министрлігінен Қорғаныс министрлігіне берілген.
Қорғаныс министрлігінің мүлкінің теңгерім ұстаушысы Ақмола АПБ болып табылады.
Ақмола АПБ Комитеттің аталған қаулысы жоғарыда аталған министрліктерден берілген үй-жайларды тіркеу үшін негіз болып табылады деп есептеген.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 31-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк тiркеуден бас тарту құқықтық қатынастардың субъектiлерi мен объектiлерi, жылжымайтын мүлiкке және өзге де тiркеу объектiлерiне құқық немесе құқық ауыртпалығы түрi не олардың туындау, өзгеру немесе тоқтатылу негiздерi заңнама талаптарына сәйкес келмеген кезде жүзеге асырылады.
2001 жылғы 19 қаңтарда Ауыл шаруашылығы министрлігінде Астана қаласы, Абай көшесі, 25 мекенжайы бойынша орналасқан, кадастрлық нөмірі 21:319:026:632, ауданы 8481 шаршы метрден тұратын жылжымайтын мүлік тіркелген.
Қорғаныс министрлігіне 2007 жылғы 16 сәуірдегі қаулы бойынша берілген ауданы 4937 шаршы метр үй-жайлар Ауыл шаруашылығы министрлігінің атында жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтармен сәйкес келмейді.
Сондықтан жауапкер Ақмола АПБ талап етіліп отырған жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамаларының сәйкессіздігі туралы дұрыс көрсетті, өйткені ауданы 4937 шаршы метр үй-жайлар Ауыл шаруашылығы министрлігінде тіркелмеген.
Беруші тараптың жылжымайтын мүлікке құқығы тиісті түрде тіркелмеген, сондықтан 2007 жылғы 16 сәуірдегі №112 қаулының болуы талап қоюшының атына бұл мүлікті тіркеуі үшін негіз бола алмайды.
Сондай-ақ іс материалдарына сәйкес, Абай даңғылы, 25 мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік кадастрлық нөмірі 21:319:026:632, ауданы 0,5526 га тұратын жер учаскесінде орналасқан. Бұл жер учаскесі Ауыл шаруашылық министрлігінің атына тіркелмеген.
Ақмола АПБ жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеуге өтініш бере отырып, жер учаскесіне құқықтарды растайтын құжаттарды ұсынбаған.
Заңның 24-бабы 4-тармағына сәйкес құқық белгілейтін құжаттар тіркеу парағына енгізілетін құқық иелері туралы, тіркелетін құқық (құқық ауыртпалығының) түрі туралы мәліметтерді, мекенжайды, мекенжайдың тіркеу кодын (ол бар болған кезде), сондай-ақ құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті жылжымайтын мүлік объектісі туралы деректерді қамтуға тиіс.
Осылайша, беруші тарапқа, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігіне тіркелген үй-жай алаңының сәйкес келмеуі, жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамаларының болмауы, жер учаскелері бойынша мәселенің реттелмеуі Заңның 31-бабы 1-тармағының 1) және 6) тармақшалары негізінде талап қоюшыға даулы мүлікті тіркеуден бас тартудың заңдылығын көрсетеді, себебі көрсетілген нормаларға сәйкес құқықтық қатынастардың субъектiлерi мен объектiлерi, жылжымайтын мүлiкке және өзге де тiркеу объектiлерiне құқық немесе құқық ауыртпалығы түрi не олардың туындау, өзгеру немесе тоқтатылу негiздерi заңнама талаптарына сәйкес келмеген кезде; егер тiркеудi тоқтата тұру мерзiмi iшiнде тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар жойылмаған болса мемлекеттiк тiркеуден бас тартылады.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Аталғандар негізінде, сот алқасы, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Г.К. Нұрбаев Е.Д.Өміралиев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс Судья Г.К. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.