ВС РК - Постановление от 24.06.2021 по делу 6001-21-00-6КГ/13 (Об административном правонарушении)

6кг-13-21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 24 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья А.Д.Рахметулин, судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова,

прокурор Т[...],

әкімшілік жауаптылықтан босатылған тұлға - Т[...], Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Бәйдібек аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының (бұдан әрі - уәкілетті орган) өкілі А[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2020 жылғы 06 қарашадағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылықпен келіп түскен,

Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы, [...] тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының 2020 жылдың 23-қазанында Борлысай жалпы орта мектебіне тексеру жүргізу барысында мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Т[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылып, сол күні Т[...] 319 470 теңге айыппұл төлеу туралы түбіртек берілген.

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2020 жылғы 06 қарашадағы қаулысымен Т[...] шағымы қанағаттандырылып, айыппұл төлеу туралы түбіртектің күші жойылып, әкімшілік іс өндірістен тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығында соттар қабылдаған қаулылар соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзғандықтан, қайта қарауға жатады деп көрсетілген.

Алқа, уәкілетті органның өкілі және прокурордың наразылықты қолдаған, Т[...] қарсы болған жөнінде пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылықтың уәждерін талқылап, сот қаулыларының күші жоюға жатады деп есептейді.

Іс материалдар бойынша Түркістан облысының Бәйдібек аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен (бұдан әрі – Басқарма) Бәйдібек ауданы Білім бөлімінің «Борлысай» жалпы орта мектебінде (бұдан әрі – Мектеп) 2020 жылғы 15 – 23 қазан аралығында ерекше тәртіппен тексеру жүргізіліп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмағандығы анықталған.

Яғни, Мектеп қызметкерлерінің дене қызуын өлшеу жүргізілгендігі туралы тиісті журналда белгіленбегені, мектеп ауласындағы қоқыс жинағыш тұрған контейнер орны үш жағынан қоршалмағаны, дезинфекциялау ерітіндісінің күнін көрсетумен дайындалмағаны, залалсыздандыру ерітіндісінің атауы, пайызы көрсетіліп, ыдыс қойылмағаны, зертханалық тексерумен жарыққа, дезинфекциялаушы құралдар үлгілері нормативтік талаптарға сәйкес келмеуі және басқа да бұзушылықтар анықталған. Осы кемшіліктер жөнінде тексеру актісі, тексеру парағы, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым Мектеп директорының міндетін атқарушы Т[...] берілген, олар дауланбаған. Тексеру нәтижесімен Басқарма бөлімінің маманы А.Б[...] директорының міндетін атқарушы Т[...] қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен 2020 жылғы 23 қазанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Т[...] құқық бұзушылықты мойындағаны үшін оның ӘҚБтК-нің 744-бабы мен 810 және 811-баптарында көзделген құқықтары түсіндіріліп, әкімшілік іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен айыппұл төлеу туралы түбіртек сол күні берілген. Яғни, ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігінің санкциясындағы айыппұлды елу пайыз мөлшерінде төлеу туралы 319 470 теңге құрайды.

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік бұзушылық жөніндегі хаттамада құқық бұзушылықтың мәні ашық көрсетілмегенің, Басқарма қызметкері Б[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс жүргізуді қозғауға және айыппұл төлеу туралы түбіртек беруге өкілетті болмағаның негізге алып, уәкілетті органның Т[...] айыппұл төлеу туралы түбіртегінің күшін жойып, іс жүргізуді тоқтатқан.

Облыстық сот ӘҚБтК-нің 701-бабының талаптарына сай, Б[...] уәкілетті органның басшысы және орынбасары болып жұмыс істемегенің, сондықтан әкімшілік істі қарауға, жазалар қолдануға құқығы жоқ екендігінің көрсетіп, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

Бірақ жергілікті соттардың тұжырымдары іс бойынша мәнжайларға, заң талаптарына қайшы келеді.

ӘҚБтК-нің 803-бабының 2-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес хаттамада әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәнi көрсетіледі.

Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушылықтың орны, мәні жазылған, құқық бұзушылық әрекеттері сипатталған, материалдық нормалар «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығы мен оған өзгерістер енгізу туралы 2020 жылғы 28 тамыздағы №98/2020 бұйрығының 3-тарауының 46-тармағы, 4-тараудың 66, 67, 69-тармақтары, 10-тараудың 5) тармағының талаптары бұзылғаны көрсетілген.

Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың хаттамада құқық бұзушылық мәнісі, орны көрсетілмеген деген тұжырымы негізсіз болып табылады.

Сонымен бірге, ӘҚБтК-нің 804-бабының 3-бөлігіне осы ӘҚБтК-нің 685–735-1-баптарында көрсетiлген органдардың құзырына жатқызылған әкiмшiлiк iстер бойынша құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасауға осы органдардың оған уәкiлеттік берiлген лауазымды адамдары құқылы делінген.

ӘҚБтК-нің 701-бабында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік істерді қарайды.

Басқарма бөлімінің жетекші маманы Б[...] Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының 2019 жылғы 21 маусымдағы №31н/қ бұйрығының қосымшасымен бекітілген лауазымдық нұсқаулығының 2-бөлімнің 2.3-тармағы мен 3-бөлімінің 3.20-тармағына сәйкес нысандарға тексеру жүргізуге, тексеру нәтижесімен санитарлық-эпидемиологиялық және басқа құқықтық нормативтік актілер негізінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімдеуге (толтыру) құқылы. Мұндай жағдайда, Басқарманың қызметкері Б[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен хаттама толтыруға, істі қозғауға құқығы жоқ деген соттың тұжырымы негізісіз болып табылады.

Сонымен қоса, ӘҚБтК-нің 811-бабының 1-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық анықталған және оны жасаған тұлға белгілі болған кезде осы ӘҚБтК-нің 804 немесе 805-баптарында аталған уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізуді қозғайды, тұлғаға айыппұлды ерекше бөлім бабының санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді және қажет болған жағдайда белгіленген үлгідегі түбіртекті табыс етеді.

Т[...] құқық бұзушылық туралы хаттамада кемшіліктер орын алғандығы және ретке келтіретіні туралы нақты түсінік беріп, қарсы болмағаның көрсеткен. Оның ӘҚБтК-нің 744-бабында көрсетілген құқықтары түсіндірілген.

Құқық бұзушылықты ол мойындағандықтан, оның құқықтарын шектемеу үшін Басқарма қызметкері Б[...] қысқартылған іс жүргізуді қолдануға толық құқылы болған.

Осыған байланысты, Т[...] елу пайыз мөлшерінде айыппұл төлеу туралы түбіртек берілген. Түбіртекті Т[...] қолын қойып, алған.

Сонымен бірге, ӘҚБтК-нің 810-бабының 1-бөлігіне сәйкес қысқартылған іс жүргізу соттың ведомстволық бағыныстылығына жатқызылған істер бойынша да қолданылады. Мұндай жағдайда, қысқартылған іс жүргізу тәртібін сот емес, хаттама толтырушы орган қолданады.

Сондықтан, Басқарма қызметкері Б[...] хаттама толтыру кезінде Т[...] қатысты айыппұл төлеу туралы түбіртек беруге өкілеттігі болмаған деген соттардың тұжырымдары негізсіз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 811-бабының 3-бөлігінде осы баптың бірінші бөлігіндегі (қысқартылған іс жүргізу, айыппұлды жеті тәуілік ішінде төлеу құқығы) құқық пайдаланылмаған немесе тиісінше пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.

Т[...] қатысты айыппұл төлеу туралы түбіртек 2020 жылғы 23 қазанда хаттама толтырылғаннан кейін табысталған. Алайда, Т[...] айыппұлды жеті тәуілік ішінде төлемей, оны алты күн өткеннен кейін онымен келіспейтінін көрсетіп, сотқа даулаған.

Мұндай жағдайда сот, әкімшілік іс жүргізуді жалпы тәртіпте жүзеге асыру және ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарау үшін уәкілетті органға жіберуі тиіс еді.

Сонымен бірге, Бәйдібек аудандық сотында осындай мағыналас істерді қарауда әр түрлі сот тәжірибе орнығуда. Мысалы, осыған ұқсас Бәйдібек аудандық сотының 2021 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен маман Б[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен толтырған хаттамасы мен Басқарманың қаулысы өзгеріссіз, Н[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Осындай жағдайда, жергілікті соттардың қабылданған қаулыларының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен күштері жойылуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) және 2) тармақтарын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2020 жылғы 06 қарашадағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы қаулыларының күшін жойып, іс жана сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас прокурор орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Рахметулин

Судьялар

М. Балкен

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.