ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2216(2) (Административное)

6001-24-00-6ап/2216(2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

талап қоюшы А.А. Жалмырзаның қатысуымен,

талап қоюшы Айдын Асилбекқызы Жалмырзаның жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 30 қаңтардағы № 03-06/16 бұйрығын заңсыз деп тану, 2008 жылғы 17 маусымынан бастап «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және жеке ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысына және ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.А.Жалмырза жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, негіздемесінде жауапкердің тұрғын үй кезегінен шығару туралы бұйрығын заңсыз деп санайтынын, себебі Университеттің қайта ұйымдастырылуына кінәсі жоқ деп есептеп, 16 жыл бойы кезекте тұрып, 2021 жылы көпбалалы отбасылар мәртебесін алып, тікелей брондау арқылы конкурстан ұтқан «Бағыстан 9» тұрғын үй кешенінде № 120 пәтердің кілтін алу құқығы бұзылғандығын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Басқарманың 2024 жылғы 30 қаңтардағы № 03-06/16 бұйрығының А.А.Жалмырзаға қатысты бөлігі заңсыз деп танылған.

Басқармаға А.А.Жалмырзаны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне 2008 жылғы 17 маусымнан бастап «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санаты бойынша қалпына келтіру міндеттелген.

Сонымен қатар, анықталған заң бұзушылықтар туралы Астана қаласы әкімінің назарына жеткізу туралы жеке ұйғарым қабылданған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған. Жауапкер өкілі кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптардың кассациялық сатының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, талап қоюшы А.А.Жалмырзаның кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын жанжақты зерттеп, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2008 жылғы 17 маусымда Астана қаласының Тұрғын үй департаментіне берілген өтініші негізінде талап қоюшы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санаты бойынша қойылған.

2023 жылғы 23 қарашада талап қоюшы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) аясында «Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Тельман тұрғын алабының оңтүстігінде, Е111, Е117, Е120, Е770 жобалық атаулары бар көшелер ауданы мекенжайында орналасқан, кіріктірілген үй-жайлары және автотұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешені», құрылыстың 3- кезеңі, № 9 позиция құрылыс объектісінен 3 бөлмелі № 120 пәтерді брондау жөнінде Otbasybank.kz сайт арқылы өтініш жіберген.

2024 жылғы 19 қаңтардағы іріктеуден өту туралы хабарламасына сәйкес, Банктің уәкілетті органының 2024 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін кредит қабілеттілігі Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде расталған. Кezekte.kz веб-порталының ақпараты бойынша талап қоюшы 2024 жылғы 19 қаңтар айында «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санаты бойынша кезекте тұрған.

Басқарманың 2024 жылғы 30 қаңтардағы № 03-06/16 бұйрығымен талап қоюшы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждардың тізімінен шығарылып, негіздемесінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Занының 73-бабы көрсетілген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, жауапкердің заңсыз әрекеттері салдарынан талап қоюшы А.А.Жалмырзаның құқықтарының бұзылуына жол берілген деп тұжырымдаған.

Сот алқасы кассациялық шағымдардың уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Бұйрық шығарылғанға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 Қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою ағидаларының 12тармағына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған адамдардың тізімін өзектілендіру мақсатында ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған Тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі арқылы автоматтандырылған режимде оммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді.

Ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған не өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, өтініш берушіні жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік корпорация не портал арқылы тиісті құжаттарды жаңарту қажеттігі туралы ұялы телефонға sms- хабарлама арқылы хабардар етеді.

Жергілікті соттармен анықталғандай, 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы мен Әділет департаментінің 2020 жылғы 29 шілдедегі № 0964 бұйрығы негізінде Университет коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайтадан ұйымдастырылған.

Алайда, жауапкер Университет коммерциялық емес акционерлік қоғамы болғаннан бастап, яғни 3,5 жылдан астам кезектілік тізіміне түгендеу жүргізбеген және құжаттарды жаңарту туралы талап қоюшыға хабарлама жолдамаған.

Талап қоюшы жауапкерге сене отырып, 2024 жылдың 30 қаңтарға дейін кезекте тұра берген. ӘРПК-нің 13-бабының талаптарында әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады делінген.

Істің мұндай тұрғысында уәкілетті органмен жіберілген қателік талап қоюшының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу құқығын бұза алмайды, өйткені сенім құқығын қорғау қағидаты негізінде сотта қорғалуға тиіс.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкер өкілінің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Басқарма тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шара қолдану үшін жергілікті соттармен жеке ұйғарым қабылданғаныда орынды. Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы шешімімен жеке ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К.

Судьялар

Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.