ВС РК - Постановление от 11.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2011 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 ақпан 6001-24-00-6ап/2011 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілдері А.Жұмабайұлының, Е. Бакировтың, жауапкердің өкілі Б.Ә.Сейфұлмәліковтың,

мүдделі тұлғалар:

«Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.З.Шахановтың,

«Орда S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) А.Кожагельдиевтің,

«Premium Tech-control» ЖШС-нің Г.Асылбекұлының қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «СМП-Қызылорда» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) бұзушылықты жою туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысы мен жеке ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Басқарманың 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №230 бұзушылықты жою туралы нұсқамасы (бұдан әрі – Нұсқама) заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Басқармадан талап қоюшы Серіктестіктің пайдасына 17 250 теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Сондай-ақ осы жергілікті атқарушы билікке қарасты мемлекеттік органдар тарапынан орын алған бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарылып, оны Қызылорда облысы әкімінің назарына жіберілген. Басқарма кассациялық шағымдарында сот актілерімен және апелляциялық сот алқасының жеке ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы Басқарма өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған, талап қоюшы мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма 2023 жылғы 13-26 қыркүйек аралығында Серіктестікке «Қызылорда қаласындағы көп функционалды кешен салу (сыртқы инженерлік желілерсіз)» объектісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру нәтижесімен Басқарма 2023 жылғы 26 қыркүйекте Серіктестікке бұзушылықты жою туралы Нұсқама берген.

Серіктестік Нұсқамамен келіспей сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Жауапкер тексеруді Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – КК) 144-бабы бесінші тармағының 3) тармақшасын, яғни сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша тағайындаған.

Бұл негізбен жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін бұзушылықтың орын алғанын бекітетін сенімді негіздер мен растайтын дәлелдемелердің болуы шарт.

Бірақ КК-нің бұл қағидаты сақталмағаны сотта дәлелін тапқан.

Даулы тексеру техникалық қадағалаушы «PremiumTech-control» ЖШСнің директоры Ғ.Асылбекұлының арызы негізінде тағайындалған.

Арызда техникалық қадағалаушы нысан құрылысы бойынша анықталған өрескел бұзушылықтар жөнінде 05.06.2023 жылы, 26.06.2023 жылы №5, 26.06.2023 жылы №7 және 14.08.2023 жылы №8 нұсқамалар берілгені, алайда Серіктестік тарапынан кемшіліктерді жоюға қатысты қандай да бір әрекеттердің жасалмағаны көрсетілген.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы»Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі –Заң ) 34-1бабы 5-тармағының 4), 8) тармақшаларында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлға техникалық қадағалау журналын тұрақты және тиісінше жүргізуді жүзеге асыруға, журналға енгізілген өз нұсқауларының орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті екені бекітілген. Техникалық қадағалау журналының нысаны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 3 ақпандағы №71 бұйрығымен бекітілген Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсетудің қағидаларымен бекітілген. Осы Қағидада техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы техникалық қадағалау жөніндегі журналға (Қағидалардың 1-қосымшасы) анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша ескертулер мен нұсқауларды енгізетіні және олардың орындалуын бақылайтыны көрсетілген.

Журналдың бекітілген нысанына сәйкес оның есепке алу парағында анықталған бұзушылықтар туралы мердігердің, тапсырыс берушінің өкілдері танысқаны жөніндегі мәліметтер, нұсқаудың орындалуына байланысты белгілер болуы қажет. Мұндай журнал тексеруге ұсынылмаған. Тексерушілер тарапынан

журнал тексерілмеген.

Заңның 34-1-бабының бесінші тармағының 7) тармақшасына сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлға мердігер (бас мердігер) нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, бұл жөнінде тапсырыс берушінің назарына жеткізуге міндетті.

Техникалық қадағалаушының нұсқаулары жөнінде тапсырыс беруші хабарсыз болған.

Жауапкер тексеруді жүргізу тәртібіне байланысты, тексеру нәтижелерінің рәсімделуі бойынша да бұзушылықтарға жол берген. Олар жөнінде сот актілерінде толық баяндалған. Тексеру актісінде көрсетілген бұзушылықтардың қалай анықталғаны, өлшеу-зерттеу жұмыстарының қалай жүргізілгені белгісіз. Бұл жұмыстарға тапсырыс берушінің не болмаса мердігердің өкілі қатыстырылмаған.

Тексеру нәтижелері туралы актіде және Нұсқамада ғимараттағы колонналардың беріктігіне сынақ жұмыстары «Орда S» ЖШС-гін сынақ зертханасын тарта отырып жүргізілгені, қабырғаның қисық монтаждалғаны зертхана мамандарымен Professional Lazer Lever құрылғысымен тексеру барысында анықталғаны көрсетілген.

Заңның 33-бабының 4-тармағы 5) тармақшасында мемлекеттік сәулетқұрылыс инспекциясына салынып жатқан объектілер конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жобаның және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігіне зертханалық сынақтар жүргізу үшін тәуелсіз зертханаларды тарту құқығы берілетіні көзделген. Заңның осы талабына сәйкес тексеруге тәуелсіз маман ретінде «Орда-S» ЖШС-гі тартылған.

Алайда, апелляциялық сатыда талап қоюшының өкілі А.Жұмайбайұлы тексеруге тартылған «Орда S» ЖШС-нің бірінші басшысы – Қалышев Асылбек Фазылханұлы арызданушы «Premium Tech-control» ЖШС-нің бірінші басшысы, әрі жалғыз қатысушысы Асылбекұлы Ғафурдың әкесі болып табылатыны жөнінде мәлімдеме жасап, растау үшін Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы 20 мамыр 2024 жылғы №101000053686724 және №101000053685354 анықтамаларын сотқа ұсынған.

Талап қоюшының бұл уәждерін жауапкер де, мүдделі түлғалар «Premium Tech-control» ЖШС-гі мен «Орда S» ЖШС-гі де теріске шығармаған. Яғни, тексеру барысында мүдделер қақтығысы фактісінің орын алғаны айғақталған. Бұл мән-жайлар тексеру қорытындысына негіз болған дәлелдемелердің анықтығы, жарамдылығы, қатыстылығы жағынан талаптарға сай келмейтінін, Нұсқамада көрсетілген бұзушылықтардың болжамды түрде, олардың нақты орын алғаны түпкілікті бекітілмейтінін көрсетеді.

Объектіні пайдалануға қабылдау актісі техникалық қадағалау ұйымы - «Premium Tech-control» ЖШС-нің құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы 2024 жылғы 19 қаңтардағы қорытындысы, авторлық қадағалау ұйымы «МұнайГазИнжиниринг» ЖШС-нің орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындысы, мердігердің сәйкестік туралы декларациясы негізінде жасалған.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысы мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.