ВС РК - Постановление от 02.02.2023 по делу 6001-23-00-3пп/1 (Гражданское)

6001-23-00-3пп/1

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 2 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.А.Жармұхамбетова судьялар М.Ж.Бектұрғанов, Г.Ж.Әлмағамбетова,

прокурор У[...],

талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкер Ж[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында бейнеконференцбайланысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі) жауапкер Ж[...] мемлекет пайдасына артық төленген соманы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотының 2021 жылғы 22 қыркүйектегі шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі алдырту арқылы қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотының 2021 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкер Ж[...] мемлекет пайдасына 3 852 280 теңге және 115 568 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғандықтан, сот актілерін қайта қарауға назар аударылған.

Ұсынымның дәлелдерін, талап қоюшының қарсылықтарын, жауапкердің түсіндірмесін тыңдап, азаматтық іс материалын зерттей отырып, сот алқасы мынадай қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен аталған іс бойынша заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес Ж[...] Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 27 ақпандағы № 276 Жарлығы негізінде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотының судьясы лауазымынан түскен. Ж[...] орнынан түсуіне байланысты 2020 жылғы 11 наурызда біржолғы жәрдемақысын төлеу туралы № 2799-20-7-5/341 бұйрығы шығарылған. Ж[...] 20 жыл 2 ай судьялық өтілімі есептеліп, оған жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы 11 879 642 теңге мөлшерінде соңғы лауазымы бойынша біржолғы шығу жәрдемақысы төленген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) ішкі аудит бөлімінің тексеру қорытындысына сәйкес жауапкерге отставкаға шығу кезінде 3 852 280 теңге артық жәрдемақы төленгені анықталған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы қорытындыны негізге алып талап қоюды қанағаттандырған.

Алайда жергілікті соттардың бұл тұжырымы қате жасалынған, олардың

сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды.

«Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында түсіндірілгендей АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (бұдан әрі – АК) 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.

Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-

жайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.

АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 413-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделгендей сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.

Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының 2-бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.

Бірінші және апеляциялық сатыдағы соттар істі қараған кезде осы мәнжайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерге дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, нәтижесінде заңға қайшы сот актілері қабылданған.

АК-нің 960-бабының 3) тармақшасына сәйкес азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы, авторлық сыйақы, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу, зейнетақы, алименттер және т.б.) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк негізсіз байлық ретінде қайтарылуға жатпайды.

Жауапкер Ж[...] тарапынан теріс пиғыл орын алмаған, оған төленген біржолғы жәрдемақысы күнкөріске арналған сома болып табылатыны анықталған.

Аталған заң бұзушылықтар АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады.

Істің мұндай тұрғысында біріші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға жатады.

АПК-тің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотының 2021 жылғы 22 қыркүйектегі шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық

істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер Ж[...] мемлекет пайдасына артық төленген соманы өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С.А.Жармұхамбетова

Судьялар М.Ж.Бектұрғанов

Г.Ж.Әлмағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.