ВС РК - Постановление от 07.10.2020 по делу 6001-20-00-3гп/273 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/273

ҚАУЛЫ

7 қазан 2020 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы Т[...]

судьялар Мақұлбеков Б.Д., Сапарова А.А.

талап қоюшы К[...],

жауапкердің өкілдері К[...], Ү[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Төлеби ауданының әкіміне,

«Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ), мүдделі тұлға «Төлеби ауданы Зертас ауылдық округінің әкімі аппараты» ММ-не жер учаскесін қайтару туралы қаулыны және спорт кешенін салуға жалға берілген шартты бұзу, шартты жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 4 мамыр 2020 жылғы қаулысын қайта қарау туралы жауапкердің өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген. Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 17 қаңтар 2020 жылы қабылдаған шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 4 мамыр 2020 жылы қабылдаған қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, К[...] талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Арызданушы өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, алқаның тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Сот алқасы жауапкерлердің өкілдерінің өтінішхатты қолдаған түсініктерін, талап қоюшының қарсы пікірін тыңдап, іс материалдарын және өтінішхаттың уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Апелляциялық сот алқасымен көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қаралып отырған азаматтық дау бойынша төмендегідей мән-жайлар анықталған:

Талап қоюшы К[...] Төлеби ауданы Зертас ауылдық округі әкімінің 22 қазан 2003 жылғы №17 санды шешіміне сәйкес ауылдың мәдениет үйі жанынан аумағы 2, 0348 га. жер учаскесі спорт алаңын салу үшін пайдалану құқығымен 49 жылға жалға берілген.

Аталған шешім негізінде Төлеби аудандық жер ресурстарын басқару комитетімен 2 тамыз 2004 жылы талап қоюшыға уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану құқығын беретін акт ресімделген және бұл акт аудандық Әділет басқармасында 21 желтоқсан 2004 жылы тіркеуден өтіп, 2,0348 га жер учаскесіне [...] санды кадастрлық номер берілген.

Өз кезегінде, талап қоюшы К[...] 24 қаңтар 2013 жылы Толеби ауданы әкімінің атына көрсетілген 2,0348 га жер телімінің 1,16 га. жерінен Зертас елді мекені тұрғындарының мұқтажы үшін өз еркімен бас тартатыны және осы жерді ауданның арнайы жер қорына қабылдап алу туралы нотариалды куәландырылған өтініш жолдаған.

Талап қоюшының өтініші негізінде 1,16 га. жер телімі аудандық әділет басқармасында иесіз жер ретінде 13 ақпан 2013 жылы тіркеуге алынып, қабылданған шара туралы К[...] 15 ақпан 2013 жылы шығыс №7-390 санды хатымен хабарланған.

2014 жылы даулы, көлемі 1,16 га жер учаскесінде ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен және солардың қаражаттары есебінен спорт алаңы салынып, онда қоршау, турник, воркаут, футбол алаңы жасақталып, 40х20 м. көлемінде спорт алаңының құрылысы жартылай жүргізілген.

Әрі қарай, талап қоюшы 6 мамыр 2016 жылы азамат К[...] (өзінің туған бауыры) бір жыл мерзімге нотариалды куәландырылған сенімхат беріп, онда өзіне тиесілі Зертас ауылында орналасқан жер учаскесін бөлуге, жер учаскелеріне меншік құқығын беретін акт, басқадай да құжаттар алуға және оларды тіркеуге өкілеттілік берген.

26 шілде 2016 жылы К[...] Төлеби ауданы әкімінің атына нотариалды куәландырылған өтініш жазып,онда С. К[...] ауылдық округі әкімінің 17 қазан 2003 жылы №17 санды шешімімен берілген 2,0348 га. жер телімінің 1,16 га. жерінен өз еркімен ауыл тұргындарының мұқтажы үшін бас тартатындығын және аталған жер учаскесін ауданның арнайы жер қорына қабылдап алу туралы сұранған.

Азаматтық іс бойынша жиналған дәлелдемелерге сәйкес, «Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 27 қаңтар 2016 жылғы №9 санды жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты негізінде алаңы 1,16 га. кадастрлық номері [...] жер телімі талап қоюшыға 36 жыл мерзімге жалға берілген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Төлеби ауданы әкімінің 25 тамыз 2016 жылғы №274 санды қаулысы қабылданып, осы қаулыға сәйкес К[...] ауылдық округі әкімінің 22 қазан 2003 жылғы №17 санды жер учаскесін жалға беру туралы шешімімен берілген, жалпы көлемі 2, 0348 га. жер учаскесінің ішінен 1,16 га. жер учаскесін жалға беру туралы 27 қаңтар 2016 жылғы №9 санды келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Көрсетілген даулы, кадастрлік номері [...] көлемі 1,16. га жер учаскесі елді мекеннің жеріне енгізілген.

Талап қоюшы К[...] арызында азамат К[...] берген сенімхатында өзіне тиесілі мүліктен бас тартқандығын көрсетпегенін, соңғыға жер учаскесін жалға алу шартын бұзу туралы өкілеттілік бермегендігін, жергілікті атқарушы органдар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғандығын көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырылуының негізі ретінде К[...] 24 қаңтар 2013 жылы жалға алған жердің 1,16 га. көлемінен өз еркімен бас тартқандығын және аталған жер көлемін ауданның арнайы жер қорына қабылдау жөнінде өтініш жазғандығын, сол сияқты 6 мамыр 2016 жылы К[...] өзіне тиесілі жер учаскесін бөлуге және басқа да амалдар жасауға сенім білдіргенін дәлелденген жағдайлар деп бағаланған.

Апелляциялық сатыдағы сот алқасы даулы 1,16 га. жер телімінің талап қоюшы К[...] иелігінен шықпағандығын, иесі жоқ деп танылған жылжымайтын мүлік есепке алынғаннан кейін коммуналдық меншікке беру туралы аудандық әкімдіктің сотқа талап қою арызын бермегендігін, К[...] сенімхаттың шегінен шығып, артық әрекеттер жасағанын көрсеткен.

Облыстық соттың апелляциалық сот алқасы жер қатынастары туралы азаматтық дауды қарап, шешкен кезде даудың мазмұны мен сипатын толық, жан- жақты, обьективті түрде анықтамаған және осы дауды реттейтін материалдық заңнаманы дұрыс қолданбаған.

Атап айтқанда, Төлеби ауданы Зертас ауылдық округі әкімінің 22 қазан 2003 жылғы № 17 санды шешімі бойынша талап қоюшыға жалпы көлемі 2, 0348 га. мәдениет үйі жанындағы спорт алаңы 49 жылға жалға берілген.

Қазақстан Республикасы Ж[...] кодексінің (әрі қарай-ЖК) 12 бабының 17 тармағында көрсетілгендей,жерді пайдалану құқығы -мемлекеттің меншігіндегі жер учаскесін тұрақты, уақытша немесе тегін негізде иемдену және пайдалану деген ұғымды білдіреді.

Жоғарыда көрсетілгендей, даулы жер учаскесінде спорт алаңы орналасқан деп көрсетілген.

Аталған Заңның 37 бабының талаптарына сәйкес 2003 жылы даулы жер учаскесі туралы ауыл әкімдігінің шешімі қабылданғаннан кейін талап қоюшы мен өкілетті мемлекеттік органның арасында жерді жалға алу туралы шарт жасалмаған.

Көрсетілген шарттың жасалғандығы туралы жазбаша дәлелдемені талап қоюшы сотқа ұсынбаған.

Мемлекет меншігіндегі жер учаскесін жалға алушы К[...] өзінің міндеттерін жер қатынастары туралы заңнамада көрсетілгендей тиісті дәрежеде орындамаған.

Сонымен қатар, талап қоюшы даулы жер учаскесін нысаналы мақсатында пайдалану туралы 2003 – 2013 жылдар аралығында ешқандай шаралар қолданбаған.

Азаматтық істің материалдарына сәйкес, талап қоюшы 24 қаңтар 2013 жылы Төлеби ауданы әкімінің атына өзі жалға алған 2,0348 га. жер учаскесінің 1,16 га. бөлігінен өз еркімен бас тартатындығы, көрсетілген жер телімін ауданның арнайы жер қорына қабылдап алу туралы нотариалды куәландырылған өтінішпен жүгінген.

Төлеби аудандық әділет басқармасының ақпаратына сәйкес көрсетілген 1,16 га. жер учаскесі №7 санды шешімнің негізінде 11 ақпан 2013 жылы иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

Қабылданған шешім туралы талап қоюшыға 15 ақпан 2013 жылы жазбаша түрде хабарланған.

Айтылған жағдайлар талап қоюшы К[...] 1,16 га. жер учаскесінен өз еркімен бас тартқандығына, яғни 11 ақпан 2013 жылдан бастан көрсетілген жер участкесіне оның жалға алушы ретінде заңмен қорғалатын құқығының тоқтағанына дәлел болады.

Ал, талап қоюшының 6 мамыр 2016 жылы азамат К[...] берген, нотариалды куәландырылған сенімхатында соңғының әрекеттер жасауға құқылы болған жер учаскесінің көлемі (2,0348га. немесе 1,16га.) көрсетілмеген.

Талап қоюшының 1,16 га.жер учаскесіне қатысты құқықтары туралы мәселе 2013 жылы шешіліп кеткендіктен,соңғы сенімхаттың заңды күші қаралып отырған дауды шешуде дәлелдемелік роль атқармайды.

Талап қоюшы К[...] өзінің талаптарының негізі ретінде сотқа ұсынған 27 қаңтар 2016 жылғы №9 санды 1,16 га. жер учаскесін жалға алу туралы келісім шарты жасақталған кезде қолданыстағы материалдық заңнаманың талаптары сақталмаған.

Яғни, аталған шартта заңды негіз ретінде Зертас ауылдық округі әкімінің 22 қазан 2003 жылғы №17 санды шешімі көрсетілген.

Ал, аталған шешімде К[...] 1,16 га. емес, жалпы көлемі 2,0348 га. спорт алаңы орналасқан жер учаскесін 49 жылға жалға беру мәселесі қарастырылған.

Ж[...] кодексінің 43 бабының 2 тармағында көрсетілген өкілеттіктердің шеңберінде Төлеби ауданының әкімдігі дауланып отырған 25 тамыз 2016 жылғы №274 санды шешімімен, 27 қаңтар 2013 жылғы №9санды 1,16га. жер учаскесін жалға беру туралы келісім шартын жарамсыз деп тану, жер телімін елді мекеннің жеріне енгізу туралы қаулыны заңды қабылдаған.

Себебі, мемлекет меншігіндегі жер учаскесін беру құқығы жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде жүзеге асырылады және Төлеби ауданының әкімдігі өзіне берілген өкілеттіктерді заң шеңберінде дұрыс пайдаланған.

Апелляциялық сот алқасының аудандық әкімдіктің Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 23 қаңтар 2001 жылғы №148 санды Заңының және Ж[...] 35 бабының 4 тармағының талаптарын сақтамай,

талап қоюшы К[...] қатысты жер пайдалану шартын бір жақты бұзған деген тұжырымы негізсіз болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгендей; талап қоюшы 2013 жылы өз еркімен жалға алған 1,16 га. жер учаскесінен бас тартып,жерді ауданның арнайы жер қорына қайтару туралы жазбаша өтініш білдірген.

Ал, аудандық әкімдіктің даулы жер учаскесін иесіз мүлік ретінде әділет басқармасында тіркеп, бір жыл өткен соң аталған жерді коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы сотқа талап қою арызымен жүгенбеді деген апелляциялық алқаның тұжырымы да негізсіз,себебі көрсетілген даулы жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына әкімдіктің шешімімен қайтарылған,яғни жердің мәселесі жер қатынастары туралы заңнаманың талаптарына сай шешілген.

Қаралып отырған жер қатынастарынан туындайтын дауды реттеуде апелляциялық сот алқасы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242 бабының 3 тармағына (ары қарай-АК) негізсіз сілтеме жасаған.

Мемлекет меншігіндегі жер мен коммуналдық меншікке жататын жылжымайтын мүліктерді иелікке берудің заңнамалық негіздерін теңестіруге болмайды. .

Талап қоюшы К[...] даулы 1,16 га. жер учаскесінен өз еркімен бас тартатындығы туралы 6 мамыр 2016 жылы нотариалды куәлендірілген азамат К[...] сенімхат беру арқылы қайталап мәлімдеген.

Аталған сенімхатта Зертас ауылдық округінде орналасқан жер учаскесін бөліп, жер учаскелеріне жеке меншік құқығымен актілер , басқа да құжаттарды алуға және тіркеуге өкілеттілік берілгендігі туралы анық жазылған.

Апелляциялық сот алқасы К[...] сенімхатта көрсетілген өкілеттіктер шегінен шығып, әрекеттер жасаған деген қате тұжырымға келген.

Сенімхат заңды күшіне енгеннен кейін, К[...] аудан әкімдігіне 2,0348га. жер учаскесін бөлу туралы өтініш берген.

Жоғарыда көрсетілген сенімхатта талап қоюшы К[...] өзінің атынан арыз беру, осы тапсырмаға байланысты барлық іс-әрекеттерді жүзеге асыруға өкілеттілік берген.

Сондықтан, осы іс бойынша сенімхат берушінің өкілеттігінен тыс, сенімхатта көрсетілмеген әрекеттер жасалған деп бағалау шындыққа сай келмейді.

Сонымен қатар, АК-тің 267 бабының 1 тармағында көрсетілген құқық бұзушылық Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан орын алмаған.

Аудандық әкімдіктің өзінің өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шаралары мен қаулысы талап қоюшы К[...] бастамасымен жүзеге асырылған.

Мемлекеттік орган өз бастамасымен ешқандай заңнамаларға сәйкес келмейтін құжаттар қабылдамаған.

Мұндай жағдайда талап қоюшының Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын, даулы жер учаскесін иемдену және пайдалану құқықтарына нұқсан келген деп тұжырымдауға негіз жоқ.

Азаматтық істің материалдарына қарағанда, К[...] даулы жер учаскесі спорт алаңын салу нысаналы мақсатымен берілген.

Алайда, талап қоюшы мемлекет меншігіндегі жерді өз нысаналы мақсатында пайдаланбаған, тиісті төлемдерді төлемеген және құрылыс жұмыстарын жүргізбеген.

Әрі қарай, 2014 жылдан бастап ауыл тұрғындарының бастамасымен және қаржыларымен даулы жер учаскесінде спорт алаңы жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылған.

Талап қоюшы өзіне тиесілі жер учаскесінде бөтен азаматтардың құрылыс жүргізіп жатқандығы туралы өкілетті органдарға арызданбаған.

Жоғарыда аталғандардың негізінде кассациялық сот алқасы облыстық соттың апелляциялық сот алқасы осы істі қарап, шешкен кезде материалдық және процессуалдық заңнамалардың нормалары талаптарын сақтамаған, соның нәтижесінде заңсыз әрі әділетсіз шешім қабылдаған деген қорытындыға келеді.

Бірінші сатыдағы соттың шешімі процессуалдық заңнаманың 224 бабының талаптарына толығымен сай қабылданған.

Сондықтан, апелляциялық алқаның осы іс бойынша қабылдаған қаулысының күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 4 мамыр 2020 жылғы қаулысының күші жойылсын.

Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 17 қаңтар 2020 жылғы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің өкілінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Торағалық етуші Т[...] Мақұлбеков Б.Д. Сапарова А.А. Көшірме дұрыс. Судья Мақұлбеков Б.Д.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.