ВС РК - Постановление от 25.08.2016 по делу 6001-16-00-6АП/65 (Об административном правонарушении)

№ 6ап-65-16

Қ А У Л Ы

2016 жылғы 25 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Т. Балкен,

судьялар Т.Қ. Баратбеков, Н.Ө. Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаментінің аға прокуроры Т[...] қатысуымен,

кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысына келтірген наразылықпен түскен

К[...] қатысты 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық – бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі ӘҚБтК) 355-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен К[...] ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, әкімшілік істі әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты қысқартуды сұраған. Наразылықты қолдаған прокурорды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

Бірінші сатыдағы сот К[...] әрекетінде ӘҚБтК-нің 355бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы бар деген тұжырымды, оған қатысты толтырылған хаттамаға, полиция қызметкері М[...] баянатына, сондай-ақ К[...] түсініктеме жазудан және хаттамаға қол қоюдан бас тартуына байланысты жасаған актіге ғана негізделген.

Алайда, соттың бұл тұжырымы заң талаптарына сәйкес келмейтініне байланысты негізсіз.

Іс бойынша белгілі болғандай, «Армада» мейрамханасының 8 жұмысшысын және осы мейрамхананың 5 келушілерін негізсіз Атырау қаласының Ішкі істер басқармасына (бұдан әрі - ІІБ) жеткізіп, оларға заңсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру фактілері бойынша Атырау қаласының ІІБ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 361-бабының 2-бөлігімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Осы қылмыстық іс бойынша өз жауабында полиция қызметкері М[...] өзінің сол кезде К[...] қатысты 2013 жылғы 17 тамыздағы сериясы ЕЕ №197856 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы заңсыз толтырғанын, шын мәнінде К[...] тарапынан әкімшілік құқық бұзушылықтың орын алмағанын, оның бәрін бұрынғы басшыларының заңсыз бұйрықтары бойынша жасағанын көрсеткен.

Аталған мән-жайлар іске тіркелген процессуалдық актілерден анық көрінеді.

Жүргізілген тексеру барысында 2013 жылғы 16 тамызда Атырау қалалық жедел басқару Орталығының «102» операторына «Армада» мейрамханасы бойынша мүлдем хабарлама түспегені анықталған. 2016 жылғы 16 тамызда қалалық ІІБ-да жедел кезекші болған Б[...] берген түсініктемесінде оқиға болған күні «Армада» мейрамханасына қатысты «02» операторына хабарлама, өтініш немесе арызшағым түспегенін көрсеткен. Яғни, полиция қызметкерлері тексеруді негізсіз жүргізген.

Қылмыстық іс бойынша тағайындалып, өткізілген 2016 жылғы 1 маусымдағы №0758 сот-қолжазба және қолтаңба сараптамасының қорытындысына сәйкес, К[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюдан және түсініктеме жазудан бас тартуына байланысты полиция қызметкері М[...] жасаған актідегі куәгерлер Б[...] мен М[...] қолтаңбалары өздерімен емес, басқа адамдармен қойылғаны анықталған. Сондай-ақ, қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауап алынған Б[...] мен М[...] ешқандай актіге қолдарын қоймағандарын, қалалық ІІБ-ның ғимаратына бармағандарын, өздерінің атынан актідегі қолдарды полицияда қызмет істейтін М[...] пен К[...] қойғандарын, ол жөнінде олардың өздерінен естігендерін көрсеткен.

Мұндай жағдайда, К[...] ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысы мерзімінен бұрын қабылданған болып табылады. Осыған байланысты, қаулының күші жойылуға және іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта қалпына келтіріліп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамында қайта қарауға, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандыруға жатады. Әкімшілік істі қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 672, 674, 676-баптарын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

К[...] қатысты Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 ақпандағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта қалпына келтіріліп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамында қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Балкен

Т. Баратбеков

Судьялар

Н. Жолдасбеков

Көшірмесі дұрыс. Судья

Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.