6001-20-00-3г/50
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 10 ақпан
Нұр–Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшылар А[...], А[...], П[...], У[...] жауапкер «КӨ[...]» ЖШС-не бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «КӨ[...]» ЖШС-нің өтінішхатын істі сұратып алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшылар А[...], А[...], П[...], У[...] жауапкер «КӨ[...]» ЖШС-не еңбек шартын тоқтату жөнінде бұйрықтарды заңсыз деп тану, бұрыңғы жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен жүгінген.
Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған:
А[...] еңбек шартын тоқтату туралы № 60-ж/қ 2018 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің жүк көлігі жүргізушісі қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған; - А[...] еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 29 тамыздағы № 53-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының автотізбекті жөндеу бастығы қызметіне 2018 жылғы 28 тамыздан бастап қайта орналастырылған;
П[...] еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 67-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің арнайы техника машинисті қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған;
У[...] еңбек шартын тоқтату туралы № 71-ж/қ 2018 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің құбыр төсегіш машинисті қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған;
«КӨ[...]» ЖШС-нен А[...] пайдасына 1337550 теңге, А[...], П[...], У[...] әр қайсысының пайдасына 757104 теңгеден алты ай амалсыз бос жүрген уақыт үшін орташа жалақылары жеке табыс салығы, зейнетақы жарнасы және әлеуметтік салығы шегеріліп өндірілген;
қаулының талап қоюшыларды жұмысқа қайта орналастыру және жалақыларын өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолданған;
мемлекет кірісіне төленген мемлекеттік баж А[...] (18743 теңге), А[...], П[...], У[...] (әр қайсысына 10252 теңгеден) қайтарылған;
жауапкерден мемлекет кірісіне 46189 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
«КТӨ[...]» ЖШС-гі өтінішхатында Шымкент қалалық сотының жасаған тұжырымдары істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге және сот отырысында анықталған мән-жайларға қайшы келетінін, қолдануға жататын құқықтық нормалары қолданылмағанын көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты оның 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулының күшін толығымен жойып, Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, 2015 жылғы 01 қазандағы № 165-л/с бұйрық және № 162 еңбек шарты негізінде А[...] «КӨ[...]» ЖШС-не жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін Ақбұлақ көлік учаскесінің автомобильдік кран жүргізушісі қызметіне қабылданған. Сонымен қатар, талаптардың араларында қосымша еңбек шарты жасақталған.
2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің А[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке дейін, ал 2017 жылғы 01 қазанда – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған.
2018 жылғы 28 қыркүйекте А[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде «КӨ[...]» ЖШС-мен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 70-ж/қ бұйрығы негізінде А[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
2015 жылғы 25 тамыздағы № 3-л/с бұйрық негізінде А[...] «КӨ[...]» ЖШС-не 13 тарифтік разрядты арнайы техникаларды пайдалану жөніндегі автотізбек бастығы қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 24 тамызына дейін жұмысқа қабылданған.
2016 жылғы 25 тамызда «КӨ[...]» ЖШС-тің А[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 24 тамызға, 2017 жылғы 25 тамызда – 2018 жылғы 24 тамызға дейін ұзартылған.
2018 жылғы 06 тамыздағы № 217-о бұйрық негізінде А[...] 20172018 жылғы жұмыс кезеңі үшін 2018 жылғы 15 тамыздан 30 тамызға дейін кезекті еңбек демалысы табыс етілген.
2018 жылғы 29 тамызда жұмыс берушімен А[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарлама мекенжайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 53-ж/қ бұйрығы негізінде А[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 29 тамыздан бастап тоқтатылған.
2015 жылғы 01 қазандағы № 184-л/с бұйрық және еңбек шарты негізінде П[...] «КӨ[...]» ЖШС-не Ақбұлақ көлік учаскесінің арнайы техника машинисті қызметіне жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін қабылданған. Сонымен қатар, талаптардың араларында қосымша еңбек шарты жасақталған. 2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің П[...] еңбек қатынастары 2017 жылдың 30 қыркүйегіне дейін, ал 2017 жылғы 01 қазанда – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған.
2018 жылғы 28 қыркүйекте П[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде жұмыс берушімен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 67-ж/қ бұйрығы негізінде П[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
2015 жылғы 01 қазандағы № 164-л/с бұйрық негізінде У[...] «КӨ[...]» ЖШС-не Ақбұрақ көлік учаскесінің құбыр төсеуіш машинисті қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін жұмысқа қабылданған.
2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің У[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке, 2017 жылғы 01 қазанда – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған.
2018 жылғы 28 қыркүйекте У[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, жұмыс берушімен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 71-ж/қ бұйрығы негізінде У[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің келісу комиссиясының 2019 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қоюшылардың арыздары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (әрі қарай – Еңбек кодекс) 159-бабымен белгіленген жүгіну мерзімнің өтуіне байланысты қараусыз қалдырылған. Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы. Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы жазбаша хабардар етпесе, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімін ұзартудың саны екі реттен аспайды. Одан әрі еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Абай аудандық соты талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жұмыс беруші мен жұмыскерлердің араларындағы еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шарттарының мерзімі аяқталуына байланысты заңды тоқтатылғаны жөнінде қорытындымен негіздеген.
Шымкент қалалық сотымен бірінші сатыдағы соттың шешімі материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмай қабылданған деп танылған. Атап айтқанда, апелляциялық сот алқасы талап қоюшылармен жасақталған еңбек шарттарын тоқтату кезінде жұмыс берушінің тарапынан қолданыстағы еңбек заңнамасы өрескел бұзылғанын, жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне және құқықтары мен мүмкіндіктері теңдігінің сақталмауына жол берілгенін көрсеткен.
«КӨ[...]» ЖШС-гі өтінішхатында талап қоюшылардың Шымкент қаласы еңбек инспекциясына арызданып, тексеру нәтижесінде жұмыс берушіге еңбек заңнамасын бұзу фактілерін жою туралы шығарылған нұсқаманың күші Шымкент қаласының мамандандырылған экономикалық сотының 2019 жылғы 03 шілдедегі шешімімен жойылғанын атап көрсеткен. Аталған заңды күшіне енген сот шешімімен А[...], А[...], П[...], У[...] еңбек шарттары мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде заңда көзделгендей жазбаша түрде уақытылы ескертілгендері, яғни жұмыс берушімен еңбек қатынастары заңды түрде тоқтатылғаны танылып, аталған жағдай АПК-нің 76-бабына сәйкес сол
тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейтінін көрсетті.
Арыз беруші Еңбек кодексінің 30-бабына, Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының (әрі қарай - № 9 Нормативтік қаулы) түсіндірмесіне сәйкес алдын ала хабарлама бойынша еңбек шартын бұзудың ерекше тәртібі талап етілмейтінін, мерзімінің аяқталуына байланысты шартты бұзу жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан босату деп бағаланбайтынын ескеруді сұрады.
№ 9 Нормативтік қаулының 11-тармағына сәйкес, белгілі бір мерзім кемінде бір жылға жасалған еңбек шарты тоқтатылған жағдайда еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты оны тоқтату туралы жұмыс берушінің хабарламасы және (немесе) актісі еңбек шарты тарапының біріне соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етіледі.
Өтінішхат иесі арызында А[...], П[...], У[...] жасақталған еңбек шарттарының соңғы күні, яғни 2018 жылғы 30 қыркүйек, демалыс күні болғандықтан, оларға хабарлама соңғы жұмыс күні – 2018 жылғы 28 қыркүйекте жолданғанын, ал А[...] еңбек шарты 2018 жылғы 24 тамызға дейін жасақталған болса да, оған хабарлама Еңбек кодексінің 96-бабының талаптарына сәйкес кезекті еңбек демалысының соңғы күні – 2018 жылғы 29 тамызда табыс етілгенін көрсетті.
А[...], П[...], У[...] еңбек қатынастары тоқтатылатыны туралы тиісті түрде хабардар етілгендері үшеуінің 2018 жылғы 01 қазанда жұмыс орындарына келмеу фактісімен дәлелденетінін, ал сол күні үшеуінің «КС[...]» ЖШС-не келулерін аталған мекеменің «КӨ[...]» ЖШС-мен қандай да бір шарттық қатынаста болмауына байланысты функционалдық міндеттерін орындау болып танылмайтынын ескеруді сұрады.
Сонымен қатар, өтінішхат иесі № 9 Нормативтік қаулының 4 тармағында жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай, сотқа жүгіну үшін - келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай көзделгені, ал егер сот талап қоюшының еңбек құқықтары бұзылған, бірақ ол Еңбек кодексінде көзделген сотқа жеке еңбек дауын қарау бойынша жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп анықтаса, онда сот шешімнің уәждеуші бөлігінде осы құқықтардың бұзылғанын көрсетеді және жүгіну мерзімінің өткізіп алынғанына байланысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға жататынын туралы түсіндірме берілгенін атап көрсетіп, Шымкент қалалық сотының қаулысы бұл түсіндірмелерге қайшы келетіні туралы уәждер келтірген.
«КӨ[...]» ЖШС-нің еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтары – А[...], П[...], У[...] 2018 жылғы 28 қыркүйекте, ал А[...] – 2018 жылғы 29 тамызда табыс етілгеніне
қарамастан, олар келісу комиссиясына 2019 жылғы 09 сәуірде, ал сотқа 2019 жылғы 17 мамырда, яғни жеті айдан кейін жүгінген, өткізіп алынған мерзімдерді қалпына келтіру туралы өтініш жолдамаған. Жауапкер осы мәнжайларға бірінші сатыдағы соттың назарын аударып, АПК-тің 172-бабын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179-бабының 3-тармағын қолдануды сұраған.
Аталған жағдай, арыз берушінің пікірі бойынша, талап қою мерзімінің өтуіне байланысты талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартуға дербес негіз болып табылатынын дәлелдейді.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «ҚӨ[...]» ЖШС-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.