Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3773 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 ақпан №6003-25-00-2к/3773 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,

талап қоюшы А.Акбасова, оның өкілі М.Бекберді, жауапкердің өкілі Г.Мусахановтың қатысуларында,

ашық сот отырысында талап қоюшы Аманкул Джакановна Акбасованың жауапкер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне қойған қызмет көрсету келісім шартын біржақты бұзуды заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А.Акбасова жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті (бұдан әрі - университет) мен А.Акбасова арасында 2024 жылғы 26 маусымдағы №24/1720 қызмет көрсету туралы келісім шартты біржақты бұзуы заңсыз деп танылған.

Жауапкерден талап қоюшының пайдасына мемлекеттік баж шығыны 1 966 теңге, өкілге жұмсалған шығын 500 000 теңге өндірілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкерден талап қоюшының пайдасына өкілдің көмегіне төлеген 250 000 теңге шығыны өндірілген.

Университет кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермей, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым және іс құжаттарын тексеріп, сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 401-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес егер осы Кодексте, басқа да заң құжаттары мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келiсуiмен өзгертiлуi және бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт:

  1. екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде;

  2. осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

АК-нің 402-бабына сәйкес шартты өзгерту және бұзу тәртiбi туралы келiсiм, егер заңдардан, шарттан немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан өзгеше туындамаса, шарт жасалатын сияқты нысанда жасалады. Шартты өзгертуге немесе бұзуға ұсыныстан екiншi тараптың бас тартуы алынғаннан кейiн, не ұсыныста көрсетiлген немесе заңдарда не шартта белгiленген мерзiмде, ал ондай мерзiм болмаған кезде отыз күн мерзiмде жауап алынбағаннан кейiн ғана тарап шартты өзгерту немесе бұзу туралы талапты сотқа мәлiмдей алады.

Университет пен А.Акбасованың арасында 2024 жылғы 25 маусымда қызмет көрсету туралы №24/1720 келісім шарты жасалған (бұдан әрі - шарт).

Мәміленің талаптарына және оның ажырамас бөлігі болып табылатын №1 қосымшасына сәйкес А.Акбасова «Өндірістік (күкіртті) қалдықтарды утилдеуден алынған өнімдер негізіндегі жаңа инсектицидтік құрамдар» жобасы бойынша Қызылорда және Түркістан облыстарында өткізілетін өндіріс сынақтарын басқару, мақалаларды, патенттерді және есептерді рәсімдеуге, ал университет орындалған жұмысты қабылдауға және орындалған жұмыс үшін ақы төлеуге міндеттенген. Орындау мерзімі 2024 жылғы 14 сәуір мен 2025 жылғы 17 қазан аралығында, атқарылатын жұмысқа төленетін қаржы көлемі 6 425 280 теңге деп белгіленген.

Шарттың 5-тармағына сәйкес осы келісім шарттан туындаған барлық даулар екі жақтың келісімі бойынша шешіледі, келісімге келе алмаған жағдайда университет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары шегінде орындауды талап етуге құқылы.

Университеттің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №1/1778 бұйрығымен тараптардың араларында 2024 жылғы 25 маусымда жасалған №24/1720 қызмет көрсету келісім шарты тоқтатылған.

Көрсетілген бұйрықпен А.Акбасоваға қызмет көрсету шартының бұзылатыны жөнінде хабарлама беру туралы шешім қабылданған. Осы күні Университет тарапынан Түркістан қаласы, Т.Озал көшесі, №26 үй мекенжай

бойынша А.Акбасоваға хабарламаны алған күннен бастап шарт мерзімінен бұрын бұзылатыны туралы №324 хабарлама жолдаған. А.Акбасова соттарда хабарламаны алмағанын, ол туралы өзін университет аумағына кіргізуден бас тартқан кезден білгенін көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот тараптардың араларында жасалған дау айтылған шартта оны біржақты бұзу тәртібі мен шарттары қарастырылмағанын, хабарлама талап қоюшыға табысталмағанын және хабарламада талап қоюшымен шарт едәуiр бұзылғаны туралы негіздер көрсетілмегеніне дұрыс құқықтық баға беріп, талап қоюды қанағаттандырған. Апелляциялық сатыдағы сот шешім қорытындыларымен келіскен.

Тараптардың араларында жасалған дау айтылған шартта оны біржақты хат жолдау арқылы бұзудың талаптары қарастырылмаған.

Мұндай жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың АКнің 401, 402-баптарының талаптарын негізге алып, университетпен шартты бұзудың заңда көзделген тәртібі сақталмағандығы жөнінде негізді тұжырымға келген. Мәміледе шартты біржақты бұзу тәртібі қарастырылмағандықтан бұл мәселе азаматтық іс жүргізу тәртібінде қаралуға тиіс.

Кассациялық шағымында келтірген уәждер соттармен жасалған қорытындыларды теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.

Сондықтан, жергілікті соттардың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Сонымен қатар, сот талап қоюшының жолға және қонақ үйге жұмсалған шығындарын өндіру туралы өтінішін, дәлелдейтін құжаттарды, атап айтқанда, әуе билеттер, ұшаққа отырғызу талондары, қонақ үйге төленген түбіртектер сотта және сот кабинеті арқылы табысталмағандықтан қаралмайды. Сот талап қоюшыға АПК-нің 109-бабы 4-тармағына сәйкес сот шығындарын өндіру туралы өтінішхатты бірінші сатыдағы сотқа беруге құқылы екенін түсіндіреді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.