1
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 қыркүйек № 6399-2500-4а/1443 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.М. Кабдрахманова,
судьялар - Л.С. Кудекова, Ш.С. Манжуева,
талап қоюшы Б.Е.Алдонгаров, талап қоюшының өкілі Н.Р. Ажигалиева, жауапкерлердің өкілдері М.С. Балмагамбетова, Ф.С.Досмуратовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында Берик Есенгариевич Алдонгаровтың «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 19 қыркүйектегі Ырғыз-Шалқар тас жолының бойындағы «Шоқы» жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау жөніндегі ғылыми кеңес хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымына, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының өкілі С.Н.Сарсенбаеваның кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б.Е.Алдонгаров сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюды беріп, онда 2024 жылғы 19 қыркүйектегі «Ырғыз-Шалқар» тас жолының бойындағы «Шоқы» жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі - ӘРПК) 138 – бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы соттың күшін жоюды сұраған. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Істі қарағанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім (ӘРПК-нің бабы бірінші бөлігінің 4 тармақшасы). Аталған ұғымнан әкімшілік акт жария-құқықтық (билік пен бағыну қатынастарда, белгілі бір құқықтар мен міндеттерді іске асыру кезінде туындайтыны көрінеді. Алайда дауланып отырған акт әкімшілік акт болып табылмайды. 2024 жылғы 19 қыркүйекте Алматы қаласында Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау туралы мәселе бойынша тарихшы ғалымдардың және Б.Алдонгаровтың қатысуымен ғылыми кеңес өткізілген.
Ғалымдардың шешімімен төмендегідей ғылыми-кеңес қарар қабылданған.
Ырғыз-Шалқар тас жолының бойындағы «Шоқыға» байланысты 20252027 жылдар аралығында кешенді түрде, жан-жақты ғылыми зерттеу (тарихи-деректану, тарихнама, архив, картография, этнография, ескерткіштану, археология, фольклорлық мұра) жұмыстарын ұйымдастыру көзделген:
- 2025 жылы Ырғыз ауылынан оңтүстік –батысқа қарай 36,7 км жерде (GPS /482936/2310» 604658.8856») орналасқан «Бөкенбай шоқысына» байланысты этнографиялық-фольклорлық экспедиция ұйымдастыру.
- Мәскеу, Алматы, Ташкент, Элиста қалаларындағы архивтер мен кітапханалардың қорларындағы шоқыға байланысты кең көлемде архивтікбиблиографиялық деректерді зерттеу, зерделеу және сараптау.
- 2026 жылы Шоқы басындағы қабір тектес нысанға және Бөгенбай тауының баурайында орналасқан бейітке археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу.
- Омбы Астрахань, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы архив қорларындағы деректерді зерттеу, зерделеу және сараптау.
2027 жылы екі жыл жүргізілген жұмыстардың нәтижесі, қорытындысы ретінде «ғылыми жинақ» шығару.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін төмендегі құрамда, келісім бойынша арнайы жұмыс тобы құрылсын: Р.Бекназаров (жетекші), С.Әжіғали, Г.Избасарова, Ә.Мұқтар, Ж.Исмурзин, Б.Мырзабай, А.Мамедов.
Шоқының басында орнатылған тас белгі ғылыми зерттеу жұмыстары аяқталып, нақты шешім қабылданғанға дейін орнынан алынсын - деген шешім қабылданған.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылғы 19 қыркүйекте Алматы қаласында тарихшы ғалымдардың, талап қоюшының қатысуымен ғылыми-кеңес жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша аталған Шоқыға қатысты әлі де жан-жақты, кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деген қорытындыға келген.
2024 жылғы 19 қыркүйектегі ғылыми кеңестің хаттамасы – ғылыми мәселелерді шешуге арналған алқалық шешім, ол әкімшілік атінің сипаттамаларына ие емес, сондықтьан оған дау айту туралы талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
ӘРПК-нің 138-бабы 2 бөлігінің 11) тармақшасында сот (судья) іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратыны көзделген.
Соттар осы норманы дұрыс қолданып, талап қоюды қайтару туралы оң процессуалдық шешім қабылдаған.
Аталғандар негізінде, кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымы, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі С.Н.Сарсенбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Кабдрахманова
Судьялар
Л. Кудекова
Ш. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.