КСАД РК - Постановление от 19.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1415 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 19 желтоқсан №6003-25-00-4к/1415 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып, мүдделі тұлға Қ[...], мүдделі тұлғаның өкілі У[...] қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы Ө[...] жауапкер «Абай облысы, [...] шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесіне әкімшілік актіні даулау туралы талап қоюы бойынша, қабылданған

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.

Абай облысы, [...] шаруашылық. жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің азамат К[...] қосалқы үй шаруашылығын жүргізу үшін берілген жер учаскесінің жобасын бекіту туралы 2024 жылғы 22 қаңтардағы №10 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.

Алайда жауапкер және мүдделі тұлға сотқа істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат берді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот мүделлі тұлға Қ[...] мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 427-бабының 1-бөлігі 1) тармағында апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту негіздері қарастырылған.

Осы әкімшілік іс бойынша ондай заң бұзушылықтар орын алмаған.

Іс материалдарынан көрінгендей, талап қоюшы Ө[...] 2014 жылдан бастап Ақсуат ауданы, М[...] көшесі, №7 мекен-жайда орналасқан жер учаскесінің иесі болып табылады, жер учаскесінде тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жер учаскесінің көлемі 0,099 га, нысаналы мақсаты: қосалқы үй шаруашылығын жүргізу үшін берілген.

Осы мекен-жайда орналасқан жер учаскесіне және салынып жатқан құрылыстарына кедергі келтіріп, арадағы бос жерді жауып тастағаны үшін көрші орналасқан М[...] көшесі, №[...] үйдің иесі [...] қатысты арыз берген.

Ө[...] арызы бойынша Ақсуат ауылдық округінің әкімі Қ[...] жазбаша ескерту жіберген. Осы ескертуде жерді заңсыз иеленіп қоршап алғаны туралы көрсетілген.

2023 жылғы 22 желтоқсанда М.Қ[...] ауылдық округінің әкімінің атына өзінің М[...] көшесі, № 11 мекен-жайда орналасқан жеріне қосымша 0,620 га жер қосып беруді сұрап өтініш берген.

Қ[...] өтінішін Ақсуат ауылдық округінің әкімі И[...] Ақсуат аудандық жер қатынастары бөліміне жолдама хатпен жіберген. Жолдама хатта Қ[...] өтініші негізінде М[...] көшесі, №11 мекен-жайдағы жеке меншік тұрғын үйінің пайдаланудағы жер телімін нақтылап беруді көрсеткен.

Қ[...] өтініші мен құжаттары Ақсуат аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысының жолдама хатымен жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге белгіленген тәртіппен лицензия алған жеке және заңды тұлғаларға жер телімінің шекараларын нақтылап беру үшін жіберілген.

«Азаматтарға арналған Үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақсуат ауданы бойынша жер кадастры бөлімінің маманы М[...] көшесі, кадастрлық №11 [...] жер учаскесінің шекарасы мен ауданын қайта анықтау жобасын жасаған. «Ақсуат аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының 2024 жылғы 22 қаңтардағы №10 бұйрығымен Қ[...] берілген М[...] көшесі, №[...] үй кадастрлық № [...] жер учаскесінің жобасы бекітілген. Бұйрыққа сәйкес жер учаскесінің ауданы 0,1810 га болып белгіленген. Ал идентификациялық құжаты бойынша бұрынғы берілген жерінің ауданы 0,1192 га, яғни жер көлемі 0,620 гектарға ұлғайтылған.

Осы бұйрықтың негізінде қабылданған Ақсуат ауылдық округінің әкімінің 2024 жылғы 23 қаңтардағы №13 шешімімен Қ[...] берілген М[...] көшесі, №11 тұрғын үйінің кадастрлық нөмірі [...] қосалқы үй шаруашылығын жүргізу үшін көлемі бойынша нақтыланған жер учаскесінің ауданы 0,1810 га болып белгіленген.

Талап қоюшы 2024 жылғы 22 қаңтардағы №10 бұйрығымен бекітілген Қ[...] берілген М[...] көшесі, №11 мекен жайдағы кадастрлық № [...] жер учаскесінің жобасын бекіту туралы бұйрығын даулап, сотқа әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырған кезде мына мән-жайларды ескергені негізді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 43бабының 2-тармағында жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, аудандық маңызы бар қалалардың (олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына берiлген аумақта), аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары мен кент, ауыл, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады деп көрсетілген.

Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының және жерге орналастыру жобасының оң қорытындысы негізінде қабылданады.Жерге орналастыру жобасын жасау тәртібі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 маусымдағы №180 бұйрығымен бекітілген Жер учаскелерін қалыптастырудың жерге орналастыру жобасын әзірлеу бойынша жерге орналастыру жұмыстарын жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) реттеледі.

Бұл ретте, жоғарыда аталған Қағидалардың 19-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 330 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру үшін жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес «Жерге орналастыру жобасын келісу» кезеңінде ғана жүзеге асырылады.

Қаралып отырған іс бойынша уәкілетті органдар мүдделі тұлға Қ[...] арызын дұрыс қарамаған.

Сотта анықталғандай, 2023 жылғы 22 желтоқсанда М.Қ[...] ауылдық округінің әкімінің атына өзінің М[...] көшесі, № 11 мекен-жайда орналасқан жеріне қосымша 620 шаршы метр жерді беруді сұрап өтініш берген.

Қ[...] өтінішін Ақсуат ауылдық округінің әкімі И[...] Ақсуат аудандық жер қатынастары бөліміне жолдама хатпен жіберген. Жолдама хатта Қ[...] өтініші негізінде М[...] көшесі, №11 мекен-жайдағы жеке меншік тұрғын үйінің пайдаланудағы жер телімін нақтылап беруді көрсеткен.

Яғни, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жер кодексінің 44,47 баптарында көрсетілген талаптарға сәйкес қосымша жер берудің мүмкіндігін қарастыру үшін емес, пайдаланыстағы жердің көлемін нақтылау туралы жолдама жіберген.

Қ[...] өтініші мен құжаттары Ақсуат аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысының жолдама хатымен жалпы алаңы 0,1192 га жер телімінің шекараларын нақтылап беру үшін жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге белгіленген тәртіппен лицензия алған жеке және заңды тұлғаларға тағы да жіберілген.

Жауапкердің берілген жолдамасының негізінде «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Ақсуат ауданы бойынша жер кадастр бөлімінің маманы М[...] көшесі, №11 [...] кадастрлы жодамада көрсетілгендей 0,1192 га жер учаскесінің шекарасын нақтылаудың орнына Қ[...] қосымша 0,620 жер қосып, анықтау жобасын жасап берген.

Жер кодексінің 150-бабын және жоғарыда аталған Ереженің екінші бөлімінің талаптарын бұза отырып, құрылыс салушы тапсырыс берушінің және үшінші тұлғалардың қатысуымен жер учаскелеріне көшпелі зерттеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген; көшпелі зерттеу жылжымайтын мүлік объектілерінің орналасқан жерін және жер учаскелерінің нақты шекараларын көрсетпей жүргізілген.

Соттардың жауапкер ұсынылған құжаттаманы тиісті түрде зерттеген кезде үшінші тұлғалардың құқықтары бұзылды деген тұжырымы дұрыс.

Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімдері заңды және негізді болып табылады.

Жерге орналастыру жобасында комиссияның қарауына және қорытындысын дайындауға арналған жерге орналастыруды жүргізу кезінде құқықтары бұзылуы мүмкін үшінші тұлғалар қол қойған жер учаскесінің шекараларының сызбасын және таңдау актісін қамтымағанын анықтайтын еді. Көрсетілген шарттарда жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жер заңнамасын бұза отырып жасалған жерге орналастыру жобасын бекітпеуі тиіс.

Сондықтан, жобаны мақұлдау туралы бұйрықты тану туралы талап қоюшының талаптары қанағаттандырылғаны дұрыс.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Жергілікті соттар қабылдаған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып егжей-тегжейлі баяндаған.

Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді, істе бар дәлелдемелермен расталады, әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарына қойылатын талаптарға жауап береді.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Ә. Назарова

М. Қасымов Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.