ВС РК - Постановление от 06.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3171 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3171 №6001-24-00-6ап/3171 (2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, жауапкердің өкілі Р.С.Мұратбековтың, мүдделі тұлғалардың өкілдері А.А.Ибрагимованың, А.С.Жалмагамбетовтың қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Аско сервис Шетпе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қаражанбасмунай» акционерлік қоғамына сатып алудың қорытынды хаттамасы заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 шілдедегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің өкілі А.О.Колмановтың және мүдделі тұлға «Асар Эксперт» ЖШС-ның өкілі А.А.Ибрагимованың келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 шілдедегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 2024 жылдың 2 сәуіріндегі №9612941336100 санды «Қаражанбасмунай» АҚ объектілерінде автоматты өрт дабылын орнату» жұмыс жобасы бойынша «Техникалық қадағалау жүргізу жөніндегі қызметтер» ашық тендер тәсілімен сатып алудың қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушылар кассациялық шағымдарында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы сот отырысына қатысқан тараптардың пікірлерін тыңдап, кассациялық шағымдардың уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген. Іс материалдарымен анықталғандай, «Қаражанбасмунай» АҚ ұйымдастыруымен 2024 жылдың 23 ақпанында «Қаражанбасмунай» АҚ объектілерінде автоматты өрт дабылын орнату» жұмыс жобасы бойынша «Техникалық қадағалау жүргізу жөніндегі қызметтер» бойынша ашық тендер тәсілімен электронды сатып алу өткізілген, конкурсқа 10 әлеуетті өнім беруші қатысқан.

Конкурстық комиссияның 2024 жылдың 2 сәуірінде №961294-1336100 санды қорытынды хаттамасына сәйкес, «АСАР Эксперт» ЖШС-гі жеңімпаз болып танылып, «Аско Сервис Шетпе» ЖШС-гі екінші орын алған.

Конкурстық комиссия Серіктестіктің 2019, 2020 және 2022 жылдардағы жұмыс тәжірибесін қабылдап, 2021 және 2023 жылдардағы жұмыс тәжірибесі бойынша орындалған жұмыс актілері жоқ деген негізбен қабылдамаған.

2024 жылдың 10 сәуірінде талап қоюшы конкурстық комиссияның қорытындысымен келіспей, уәкілетті орган «Самұрық-Қазына» АҚ-на шағым жолдаған. 2024 жылдың 3 мамырында «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан талап қоюшының арызы қанағаттандырудан бас тартылған. Тендерлік құжаттаманың 3.2 тармағын сәйкес әлеуетті өнім берушіде соңғы 5 (бес) жыл ішінде жұмыс тәжірибесінің болуын көздейтін біліктілік талаптары қарастырылған. Жергілікті соттар талап қоюшы өзінің конкурстық өтініміне 2021 және 2023 жылдары жұмыс атқарғаны жөнінде электронды счет-фактуралар, атқарылған жұмыс актілері мен анықтамаларды сот отырысында ұсынғандығын көрсеткен. Талап қоюды толығымен қанағаттандырып, жауапкер талап қоюшының еңбек өтілі бола тұра, оны қабылдамай, құқығын формальды негіздермен шектеген деген қорытындыға келген.

Себебі 2021 жылы бойынша 25.10.2021 жылы жасақталған атқарылған жұмыс актілері және оған қоса тіркелген электронды счет-фактуралар; 2023 жылы бойынша 31.08.2023 жылы жасақталып атқарылған жұмыс актілері және оған қоса тіркелген электронды счет-фактуралармен толығымен қуатталған, алайда, Комиссия талап қоюшымен ұсынылған құжаттарды негізсіз қабылдамаған деген қорытындыға келген. Сот алқасы бұл тұжырымды келесі себептер бойынша негізсіз деп санайды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-на тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру туралы 2022 жылғы 3 наурыздағы №193 тәртібінің №5 қосымшасының 15 тармағының 2) тармақшасында әлеуетті өнім берушінің жөнелтілген тауарларды, орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді және шотфактураларды (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште шот-фактураны жазып беру кезінде) немесе электрондық шотфактураларды қабылдау-беруді растайтын тиісті құжаттардың, тиісті актілердің тиісті түпнұсқаларымен немесе нотариат куәландырған көшірмелерімен расталған соңғы 5 жыл ішінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесінің болуы (бағаның шартты түрде 3 жыл жұмыс тәжірибесі үшін 1,5%-ға және әрбір келесі 1 жыл жұмыс үшін 0,5%-ға төмендеуі, бірақ 2,5%-дан аспауы тиіс) деп көрсетілген.

Тендерлік құжаттамада әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптар нақты, орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қабылдау-беруді растайтын тиісті актілерді және шот-фактуралар қажет екені көрсетілген.

Алайда, талап қоюшы орындалған жұмыстар актісін тек сотқа тапсырған. Сәйкессіздіктерді жоюға арналған мерзімде аталған жұмыстар актімен рәсімделмегені туралы ұйымдастырушыға хабарламаған, жоюға ешқандай әрекеттер жасамаған.

Сонымен қатар, аталған құжаттар электрондық іске тіркелмеген.

Тәртіптің 42-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес әлеуетті өнім берушінің тендерлік өтініміне тәртібіне № 5 қосымшаның 15-тармағында көрсетілген бағалау және салыстыру өлшемшарттарының өтінімге қолданылуын растайтын құжаттарды тендерлік құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуге жол берілмейтіні көзделген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жауапкердің әрекеттері заңды және заң нормалары сақтала отырып жасалған деген тұжырымға келеді. Бұндай жағдайда, жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427бабының бірінші бөлігі 3), 4) тармақшаларына сәйкес сот актілерінің күшін жою үшін негіз болып табылады.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулының күшін жойып, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деп санайды. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 шілдедегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы «Аско сервис Шетпе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қаражанбасмунай» акционерлік қоғамына сатып алудың қорытынды хаттамасы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі А.О.Колмановтың және мүдделі тұлға «Асар Эксперт» ЖШС-ның өкілі А.А.Ибрагимованың кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.